Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: Қазақстанда тіркелгендер жоқ

Елдегі ахуал қандай?

Кеше бас санитарлық дәрігердің мәлімдемесінен кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының келуі туралы болжамға мынадай пікір білдірді:

«Қазіргі таңда әлем бойынша коронавирус инфекциясы 115 елге тарады. Олардың арасында бізге көршілес мемлекеттер және тікелей әуе қатынастарын орнатқан елдер де бар. Сонымен бірге бәріміз сыртқы әлемнен толық оқшауланудың мүмкін еместігін түсінеміз. Еліміздің аумағына инфекцияның енуі ықтимал екенін де жоққа шығармаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда аурудың расталған бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің коронавирус инфекциясының келуі туралы айтқан болжамы біздің ғалымдардың статистикалық модельдеу арқылы жасаған болжамы ғана. Бастапқы деректер ретінде әлемнің түрлі елдерінде жолаушылар тасымалы мен коронавирус инфекциясының таралу көлемі алынды. Түрлі сыртқы факторларды ескере отырып, деректердің үнемі өзгеріп отыратындығын атап өткен жөн. Мәселен, беделді Ланцет журналында коронавирустың Қытайдан әлемдік мегаполистерге таралуы туралы ұқсас болжам жасалды», — деді министр.

Сондай-ақ министр біздің ғалымдар айтқан болжамның болмауы мүмкін екенін де ескертті. «Тағы да мәлімдеймін, Қазақстанда бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекция расталған жоқ», — деді ол.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 наурыздағы жағдай бойынша елімізде барлығы 3974 адам бақылауда тұр. Сондай-ақ барлығы 90 адам дене қызуымен және ЖРВИ-мен, оның ішінде 1 «б» санаты бойынша – 20 адам, 2-санат бойынша – 36 адам, 3-санат бойынша 34 адам емдеуге жатқызылды. Емдеуге  жатқызылған 90 адамның ішінен 52 адам шығарылды. 38 адам стационарда жатыр.

Ал облыстағы жағдайға келсек, бүгінде өңірде коронавирустық инфекция жұқтырған азаматтар тіркелмеген, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Қазіргі таңда қауіпті аймақтардан келген барлық азаматтарға күшейтілген бақылау жүргізілуде. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №18 қаулысына сәйкес ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея және Италиядан келген азаматтар арнайы бөлінген медициналық мекемеде 14 күнге оқшауланады. Ал Франция, Германия, Испания елінен келгендер БМСК медицина қызметкерлеріне күнделікті хабарласу арқылы 14 күндік үй карантиніне оқшаулануы тиіс. Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланды елінен келгендер 14 күн ішінде тұрғылықты жері бойынша БМСК медицина қызметкерімен қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда болады.

10 наурыздағы мәлімет бойынша, облыста медициналық бақылауда тұрғандар саны 63 адам болса, оның  57-сі — ҚР азаматтары, алтауы — шетел азаматтары.

10 наурыздағы эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ЖРВИ белгілеріне сәйкес облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына 6 адам жатқызылып, зертханалық зерттеуге сынамалары алынған. Зерттеу нәтижесі теріс мәнді көрсеткен. Сондықтан олар стационардан шығарылады.

Айта кету керек, инфекцияның алдын-алуға байланысты «ТК ФармАқтөбе» ЖШС 1-10 наурыз аралығында 60 000 бетперде өндірген. Қазіргі таңда облыстағы дәріханаларда 14 219 бетперде бар.

Дәрігерлер коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін мынадай шараларды қабылдауды ұсынады:

– Дене қызуын күніне кемінде 2 рет өлшеу;

– үй-жайды күніне кемінде 2 рет желдету;

– күн сайын бөлмелерді тазартып, ылғалдау;

– қолды сабынмен жиі жуу;

– жеке ыдысты, жеке гигиена құралдарын (сүлгі, сабын, тіс пастасы, қырыну

құралдары және т.б.) пайдалану;

– Дене қызуы бар адамдар қоғамдық орындарға бармауы және медициналық көмекке

уақтылы жүгінуі керек;

– 1406 телефоны арқылы күдікті жағдайлар және қол жеткізілмеген жағдайлар туралы хабарлау.

Сондай-ақ облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Ақтөбе өңірі тұрғындарына коронавирустық инфекция тіркелген елдерге бармауға кеңес береді. Сонымен қатар департамент мамандары әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға емес, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.  Барлық нақты ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми сайттарынан, Денсаулық сақтау министрлігі мен Комитеттің әлеуметтік желілеріндегі беттерінен, Комитеттің ресми t.me/kkkbtu жеделхаттарынан, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан алуға болады.

Әлемде не болып жатыр?

bnonews.com сайтының мәліметтеріне сүйенсек, 11 наурыздағы жағдай бойынша әлемде COVID-19 короновирус инфекциясын жұқтырғандар саны 119 239 адамға жеткен. Оның ішінде көз жұмғандар саны 4290 адам болса, аурудан сауыққандар саны – 66 335 адам.

Бүгінде әлемнің 117 елінде коронавирустық инфекцияны жұқтырған азаматтар тіркелген. Мәселен, кеше Италияның Азаматтық қорғау ұлттық қызметінің басшысы Анджело Боррелли елде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асқанын мәлімдесе, Түркияда коронавирустың жаңа түрін (Covid-19) жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Ол туралы республиканың денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа

хабарлады. Ал Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында 5 мыңнан астам адам қатысатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салды. Бұл шектеу 10 сәуірге дейін жалғаспақ.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, коронавирус Конго мен Ямайка елдеріне де жеткен.

Конго Демократиялық Республикасы Денсаулық сақтау министрі Этени Лонгодо Францияда тұратын Конго азаматынан вирус табылғанын мәлімдеді. Ол 8 наурызда Конгоға ұшып келген. Науқас пен оның жанында болған адамдар карантинге жатқызылған. Сонымен қатар вирус жұқтырудың бірнеше жағдайы Нигерияда, Сенегалда, Оңтүстік Африкада, Камерунда, Того мен Буркино-Фасода тіркелген. Солтүстік Африка елдерінде инфекция жұқтырған ондаған жағдай анықталды. Сондай-ақ Ямайканың Денсаулық сақтау министрлігі елде Кингстонда коронавирус жұқтырған алғашқы жағдайды растады.

«Ақтөбенің» анықтамасы

 Коронавирустың таралуына байланысты қазақстандықтарға мына елдерге бармауға кеңес беріледі:

  1. Қытай; 26. Швеция;                     51. Бразилия;2. Оңтүстік Корея;               27. Израиль;                    52. Египет;3. Италия;                            28. Ливан;                        53. Индонезия;4. Иран;                                29. Макао (ҚХР);             54. Португалия;5. Жапония;                         30. Нидерланды;             55. Ауғанстан;6. Германия;                        31. Бельгия;                     56. Андорра;7. Франция;                          32. Хорватия;                  57. Армения;8. Сингапур;                         33. Сан-Марино;             58. Беларусь;9. Гонконг (ҚХР);                 34. Грекия;                       59. Камбоджа;10. АҚШ;                              35. Эквадор;                  60. Доминикан Республикасы;11. Испания;                       36. Финляндия;              61. Эстония;12. Кувейт;                          37. Оман;                       62. Ирландия;13. Бахрейн;                       38. Үндістан;                  63. Литва;14. Таиланд;                       39. Мексика;                  64. Люксембург;15. Тайвань (ҚХР);             40. Дания;                      65. Монако;16. Ұлыбритания;               41. Пәкістан;                  66. Непал;17. Австралия;                   42. Алжир;                      67. Жаңа Зеландия; 18. Малайзия;                    43. Әзірбайжан;             68. Нигерия;19. Канада;                         44. Чехия;                      69. Солтүстік Македония;20. Швейцария;                  45. Грузия;                     70. Шри-Ланка.21. Ирак;                             46. Исландия;22. БАӘ;                             47. Филиппин;23. Норвегия;                     48. Катар;24. Вьетнам;                      49. Румыния;25. Австрия;                       50. Ресей;

Әлемдік экономика: шығын және құлдырау

Жуырда «Bloomberg» ірі қаржы-экономикалық ақпарат агенттігінің сарапшылары коронавирустың әлем экономикасына қалай әсер ететіні жөніндегі төрт нұсқаны атады. Сарапшылардың болжамынша, әлемдік экономика COVID-19 коронавирусының таралуынан 2,7 триллион доллар жоғалтуы мүмкін.
Егер Қытай аурудың тарау ошағын анықтап, оны бақылауына алса және екінші тоқсанда ел экономикасы коронавирустың салдарына қарсы тұра білсе, оның әсері әлемдік экономикаға елеулі ғана болмақ.

Қытайлықтар COVID-19 вирусын ауыздықтай алмай, инфекция Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Италия және Францияда кеңінен таралатын болса, 2020 жылы әлемдік экономика 2,3 %-ға ғана өседі.
Айта кету керек, әлемде қауіпті індет пайда болмай тұрғанда «Bloomberg» экономикалық өсім 3,1 % деңгейінде болады деген болжам айтқан.
Үшінші нұсқа бойынша наурыз айының басында коронавирус барлық мемлекетке тарауы мүмкін. Бұл жағдайда әлемнің ірі ондаған экономикасы баяу дамиды, өйткені олар инфекцияның таралуымен күреседі.
Олардың болжамынша, әлемдік жалпы ішкі өнім 1,2 пайызды ғана құрайды. Еуро аймақ пен Жапонияда құлдырау болады, ал президент сайлауы өтетін АҚШ-та жұмыссыздар деңгейі өседі.
Соңғы нұсқа — әлемдік экономика 2,7 триллион доллар шығынға ұшырайды. Бұл кезде Қытайдың жалпы ішкі өнімі 3,5 %-ға ғана өседі, бұл 1980 жылғы көрсеткішпен тең.
Бұл жағдайда АҚШ-та да құлдырау болуы мүмкін деп санайды «Bloomberg».

ҚазАқпарат сайтының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы қаңтар-ақпан айларында Қытайдың сыртқы тауар айналымы 9,6 пайызға азайып, шығын 594,1 млрд АҚШ долларына жеткен. 2020 жылдың алғашқы екі айында елдің экспорты 15,9 пайызға азайып, 294,2 млрд долларды құраса, импорт 2,4 пайызға, 299,9 млрд доллар межесіне дейін қысқарған.

Коронавирустың салдарынан Қытайдағы өндіріс көлемінің азаюы мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі әлемдік ірі экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. Осы орайда жуырда АҚШ Федералды резерв жүйесі қолындағы жалғыз тәсіл пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Еуропаның бірқатар мемлекеттері, Жапония және басқа да елдердің регуляторлары да осы жолды таңдады. Мәселен, экономикасы дамыған елдердің арасында ең бірінші Австралия орталық банкі COVID-19 індетінің таралуына бірден мән беріп, пайыздық мөлшерлемені 0,50 пайызға күрт төмендеткен.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button