Ауыл

«Кенжемұратқа» келушілер көп

Жекешелендіру науқаны жаппай жүрген кезде қазақ ауылдары абдырап қалғаны еліміздің барлық аймақтарына тән көрініс болды. Жұмыс көзі жабылып, үдере көшу басталды. Ауыл қазағы аудан, облыс орталықтарына қоныс аударып, саяжай жағалап кетті… Маңдайына осындай тағдыр жазылған елді мекендер Алға ауданында да баршылық. Солардың бірі бұрынғы Ильинка, қазіргі Ақай ауылдық округіне қарасты «Коммунар»  (кейінірек «Лохвицкое» деп те аталды) атты бөлімше болатын.

Бір кездері қоралы қой, үйір-үйір жылқысы өрген шағын ауылдың мамыражай тірлігі қазір көзден бұл-бұл ұшқан. Қаңырап қалған ауылда шаруасын күйттеген екі-үш ғана отбасы тұрады.

Алайда ортасын бөгет бөліп тұрған ауылдың арғы бетіндегі тіршілік заманауи қалыпқа өтіп, беткейден отар-отар қой құлап, қорада сиыр бұзаулап, қыз-қыз қайнап жатыр. Бұл жерге «Кенжемұрат» шаруа қожалығы қоныстанған. Иесі —Ермұхан Қойшыбаев.

«Кенжемұрат» шаруа қожалығы  2014 жылдан бастап мал өсірумен айналысады.

Барлық жер көлемі 1100 гектар болса, оның 500 гектарына көпжылдық  еркекшөп (житняк) егілді.  Шаруашылық жыл сайын мал тұқымын асылдандыруға бет бұрған.  «Құлан» бағдарламасы бойынша 5,5 миллион теңгеге асылтұқымды жылқылар сатып алынды. Алдағы уақытта 100 бас ақбас тұқымды ірі қара алуды жоспарлап отыр.

Мұнша малдың бәрін кім бағып отыр? Барлық өңірге тән бақташы, малшы тапшы болғанымен Ермұханның жұмысшылары сенімді әрі тұрақты екен. Өйткені ол ең бірінші малдың емес, малшының жағдайын жасауға тырысқан.

Қазіргі таңда «Кенжемұрат» 7  адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал маусымдық жұмыстар кезінде он шақты адам жұмысқа қосылады. Жұмысшыларға арналған 4 үй, монша салынды. Өткен жылдан бастап мал сою алаңын іске қосты. Сонымен қатар екі баз құрылысын  пайдаланып отыр. Мұның бәрі ауыл үшін бірнеше жұмыс көздері екені анық.

Субсидия арқылы 2 ұңғыма құдық қазылды. Бір-екі жылдың ішінде төрт  трактор — үш «МТЗ -80» , бір «МТЗ-82»  алды. Малшылар пайдалану үшін 4 мотоцикл, 1 аэрошана бар.

Аудандағы заманауи шаруа қожалығының басшысы Ермұхан жаңа көзқарастың адамы. Үнемі істің ұтырын тауып жүреді.

Шашауы жоқ шаруашылық

Ермұханның өзі демеуші болып, жақында балық аулау жарысын өткізген болатын. Шаруашылығына қарасты жерден орын дайындап, бұл шараға зыр жүгіріп жүрді. Сол шарада Ермұханмен әңгімелесудің сәті түсті. Бойынан көрегенділік пен мәдениеттілік есіп тұрған жігіт жарысқа қатысқан барлық қонақтарды шаруа қожалығындағы күні бұрын дайындап қойған дастарқанға бастады.  Қыратты өңірдің қары қалыңдау болса да ауыл маңында  бір отар қой жайылып жүр екен. «Мына қыста далада жүргені несі?» деген ойды  көкейге түйіп, ауылға кірдік.

Жасыратыны жоқ, малдан кәсіп ашып отырған көптеген қазақ анау-мынауға аса мән бере бермейді. «Малға да малдай адам керек» дегенді малданып, тазалық жағы кемшін түсіп жатады. Қалай болса солай шашылған көң мен шөп, салтақ-салтақ мал кей шаруашылықтардың көрінісі екенін айтсақ артықтық болмас.

Ал «Кенжемұрат» шаруашылығына кіріп, қораларды аралағанда байқағанымыз — тап-тұйнақтай тазалық, көлденең жатқан бір тал шөп жоқ. Бәрі орнында. Енелерінен айнымайтын бұзаулар секіріп жүр.

— Сиыр жаңа бұзаулап жатыр. Бүгінгі күнге 22 бұзауымыз бар. Науқан әлі жалғасады ғой, — дейді Ермұхан.

Осы жерде біз даладан ауылға құлап келе жатқан жаңағы көрген қойдың жайын сұрадық, көкейімізде «мал азығы жетпей қалды ма екен?» деген күдік тұрды.

— Соңғы күндері күн күрт жылынып кетті ғой, — деп түсіндірді Ермұхан, —- қыстай қорада тұрған ұсақ мал тебіндеп жайылғанды қалайды. Сондықтан да бір мезгіл анау бөктерге жіберіп аламыз…

Қора-қопсыны аралап, жүндері жылтырап, қыстан қоңды шыққан малды көріп шаруаның қонысына бет бұрдық. Қатар-қатар тізілген биік те сәнді үйлер, асхана, монша тарыдай шашырамай, тізіліп қапты. Тағы бір байқағанымыз — үй мен қора маңынан кездестірген бір формадағы адамдар. Сөйтсек, олар шаруа қожалығының жұмысшылары екен. Бәрінде бірдей ыңғайлы да жылы форма, білмеген адам не мұнайшылар, не күзетшілер екен деп қалуы мүмкін.

Техника да қаздай тізіліп тұр. Көп шаруашылықта кездесе бермейтін аэрошана да есік алдына қаңтарылыпты.

Әңгіме Ермұраттың берекелі дастарқанында жалғасты. Кенжемұраттың кім екенін сұрадық. Әдетте біздің қазақ баласының, атасының атын қойып жатады ғой дүкеніне, шаштаразына немесе қожалығына…

— Ең алғаш кәсіп бастағанымда нағашы ағам Кенжемұрат жөн сілтеп, көп көмектесті. Шүкір, ағам ақ көңілімен алаңдаған екен, шаруам жаман емес, сол кісінің құрметіне шаруашылықты осылай атауды ұйғардым, — дейді кәсіпкер.

«Ауылдан ешқайда кетпеймін!»

Қазақта «малсақ» деген сөз бар. Ал Ермұраттың малсақтығы бөлек әңгіме. Көзі ашық, көкірегі ояу жігіт ғаламтордан болсын, баспасөзден болсын, кез келген малға, шаруашылыққа байланысты жаңалықты қалт жібермей отырады. Содан да болар, шаруашылықты тек табыс көзі деп ойламай, ерекше бір ынтамен жүргізіп келеді.

Табыс демекші, шаруасын дөңгелетіп отырған жас жігіт айналасына да жан жылуын сыйлаудан шаршаған емес.

Ол — көптеген қайырымдылық акцияларына өз үлесін қосып жүрген азамат.  Ақай ауылдық округінің бөлімшесі Көлтабан бастауыш мектебінің спорт залының төбесін жабуға 200 мың теңгеге қажетті құрылыс материалдарын жеткізіп берді.  Ақайға өткен жылы көгілдір отын келіп, ауыл ақар-шақар болып жатқанда, аз қамтылған  отбасы  А.Чайниковаға газға қосылуына 80 мың теңге тұратын газ қазандығын сыйға тартты. Айта берсе, бірде көрсетіп, бірде көрсетпей жасап жүрген қайырымдылықтары қаншама?

«Кенжемұрат» шаруа қожалығының жұмысшылары қожалық құрылғаннан бері осы жерде табан аудармай еңбек етіп келеді. Бұл да болса, Ермұханың  кей кәсіпкерлердей жұмысшыларының «табан ақы, маңдай терін» төлемей, шөміштен қыспайтынының бір белгісі болса керек. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар». Жайлы жердің жұмысшылары қашанда көп болмақ.

Ауыл жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Себебі ауылға жастар орала бастады. Қазір таяқ лақтырсаң, экономист пен заңгер мамандықтарына тиеді. Бірақ олардың көбі қазақтың атакәсібі — мал өсірумен айналысу қажеттігін күннен-күнге түсініп келеді.

«Кенжемұрат» шаруа қожалығының бір түйткілі — жылдан-жылға малының басы көбейгенімен өрісі тарылып келеді. Осындайда жерді жаппай алып, не өзі пайдаланбай, не өзгеге көзі қимай отырған қожалықтардан «өлі есептегі» жерлерді қайтарып алып, шынайы шаруамен айналысып отырған кәсіпкерлерге берсе… «Кенжемұраттан» көл-көсір көңіл күймен аттандық. Себебі, «анау жетпейді, мынау жетпейді, жұмысшы, малшы жоқ» деп зарламайтын нағыз көрнекілік үлгісін көргендей күйде болдық.

P.S. Ауылдан аттанарда Ермұханға: «Бір күні шаршайсың ғой, қалаға, өз мамандығың — теміржолшылығыңа қайтарсың?» — дедім әзіл-шыны аралас.

«Ауылдан ешқайда кетпеймін!». Ермұхан осы сөзді кесіп айтты.

 Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button