Абай — 175

Ұлы дала кемеңгері

Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы дала кемеңгері» атты аудандық әдеби-сазды кеш өтті.

Шарада аталған мектеп оқушылары Жасия Серікқызы ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін, І республикалық Абайтану олимпиадасының жеңімпазы Рамазан Бақырадинов домбырамен «Татьянаның хатын» орындады. Бибінұр Нағиева, Айеркем Жұмахан, Батыр Жайсаңбекұлы, Мұратбек Қалабаевтар ақын аудармаларынан үзінді оқып, музыка пәнінің мұғалімі Айтолқын Тәңірбергенова «Айттым сәлем, Қаламқас», мектеп оқушыларынан құралған хор ұжымы «Желсіз түнде жарық ай» әндерін нақышына келтіріп шырқады. Сондай-ақ ұлы тұлғаның жігіттік шағынан сахналық көрініс қойылды.

Мектеп директоры Гүлнар Қалдыбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мейірлан Дәнекеров кештің оқушылар үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтса, Nur Otan партиясы аудандық филиалының бөлім меңгерушісі Айнагүл Жұмағұлова ақынның мерейтойына орай ауданымызда көптеген танымдық шаралар өткізіліп жатқанына тоқталды.

Сонымен қатар шара аясында «Ұлы дала кемеңгері» атты кітап көрмесі таныстырылып, қонақтарға Абайдың қарасөздері жазылған кітапшалар тарту етілді.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button