Басты жаңалықтарМереке

Ардақты аналар! Аяулы апа-қарындастар!

Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ пен құрмет аналар мен аруларға арналады.
«Жақсы сөз — жарым ырыс» демекші, ақжаулықты аналарымызды, қарындастарымыз бен қыз-келіншектерді осындай тамаша мерекемен құттықтап, тілек білдіру маған азамат ретінде үлкен мәртебе. Өйткені біз кім болмайық, қандай болмайық, ең әуелі аналарымыздың алдында мәңгі қарыздармыз!
Көктем мерекесінің қарсаңы сондай ыстық ықыластың ақтарылатын кезі. Ер азаматтардың ардақты анасына, сүйікті жарына, аяулы қызына, қадірлі құрбысына ілтипат көрсететін сәті.
Біздің аналар мен арулар тек отбасының ғана ұйытқысы емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш.
Құтты мекен Ақтөбе өңірінің сан-салалы әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өмірі мен мемлекеттік саясатының барлық саласында белсенді қызмет етіп жүрген әйелдер соның айғағы.
Қазақстанның бүгінгі толайым табыстары, аймағымыздың соңғы жылдары жеткен жеңістерінің барлығында әйелдер қауымының қолтаңбасы бар.
Сіздер мемлекеттiк қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткiзiп келесіздер. Бүгінгі қоғамның даму өрісін өмірде — нәзік, қызметте — көреген, жұмыста — жігерлі, істе — ілкімді әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес.
Ақтөбе өңірі әйелдерінің басым көпшілігі халыққа етене жақын, әр адамның өмір сапасын анықтайтын білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет секілді салаларда жұмыс істейді. Яғни қоғамның бүгінгі саулығы мен көңіл күйі де, оның келешегі мен рухани келбеті де Сіздердің қолдарыңызда.
Олай болса, бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы болып отырған барша қыз-келіншектерге, апа-қарындастарымызға, аяулы аналарымызға шынайы ризашылық білдіреміз.
Өмірдің нәрін де, әрін де келтіріп отырған Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз, жақсылықтан басқа тілеріміз жоқ.
Қоғамдағы осы ұстаным, мұндай құрмет бір күнмен шектеліп қалмай, өмірлік дағдыға, өскелең ұрпақ бойына сіңген айнымас қағидаға, мінез-құлқымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бүгінгідей мерекенің басты тәрбиелік мәні де осында!

Құрметпен, облыс әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button