Мереке

«Көктем шуағы»

Ақтөбе қаласындағы «Arowana Grand Park» мейрамханасында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене үлес қосып жүрген бір топ әйелдермен кездесті.
Облыс әкімдігі және Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткен «Көктем шуағы» атты мерекелік шараға өңірдің әр саласында табысты еңбек етіп жүрген 50-ге жуық әйел мен еңбек ардагерлері шақырылды.
Қайрат Бекенов әйелдер қауымын облыс әкімінің атынан мерекемен құттықтады:
— Адам бойындағы ізгі қасиеттердің барлығы ананың ақ сүтімен дариды. Облыстың дамуына әйелдер қауымының қосар үлесі зор. Облыста депутаттардың 42-сі — нәзік жандылар. Отбасыларыңызға құт-береке тілеймін, — деді өз сөзінде.
Мерекелік дастарқанға жиналған әйелдер өздерінің жұмыстары жайында айтып, алғыстарын білдірді.
Олардың қатарында «Ақтөбе қаласының сал ауруларды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Құралай Бәйменова, Мемлекеттік басқару академиясы Ақтөбе филиалының директоры, Саида Сәдуақасовалар бар.
— Мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 37 жылдан бері кран жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Мереке қарсаңында бізге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, құрмет көрсетіп жатқан облыс әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, — деді Ұ.Әбішева.
Шара соңында жиналғандар «Ана туралы жыр», «Әдемі-ау» әндерін шырқап, әйелдерге гүл шоқтары табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button