Денсаулық

Коронавирус: облыста аптасына 20 мың дана бетперде шығарылады

Брифинг

Облыста медициналық бетперде тапшылығын болдырмау мақсатында «ТК Фарм Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетперде шығаруды қолға алған. Аталған мекеме аптасына 20 мың дана өнім шығарады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.
Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, елімізде 1 наурыздан бастап короновирус инфекциясының алдын алу бойынша профилактикалық шаралардың 4-кезеңі басталған. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, Мәртөк ауданының «Жайсаң», Қарғалы ауданының «Әлімбет» шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерінде уақытша санитарлық-карантиндік пункттер ұйымдастырылған.
Бүгінгі күні температураны бақылаусыз өлшеумен 17 мыңнан астам адам қамтылған. Қызуы жоғары және өзін нашар сезінген шағымдары бар адамдар анықталған жоқ.
Аурудың алдын алу үшін жеке гигиенаны қамтамасыз ету шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жандандырылып, қауіпті аймақтардан келген барлық тұлғаларға күшейтілген бақылау жүргізіліп жатыр. Қытай Халық Республикасымен шектес мемлекеттерден келген азаматтардың мониторингі жалғасуда.
— Ағымдағы жылдың төртінші наурызындағы еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Қытай Халық Республикасы, Иран, Оңтүстік Корея елдерінен келген азаматтардың барлығы жеке бөлінген медициналық мекемеде 14 күнге оқшауланады. Одан кейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында тұратын мекенжайы бойынша медициналық тексеруден шыққаннан кейін 10 күн оқшауланады. Ал Жапония, Италия, Гонконг және Макао елдерінен, сондай-ақ Тайваньнан келген азаматтар медицина қызметкерлеріне күнделікті бару арқылы 14 күндік үй карантиніне оқшаулануы тиіс. Ал Франция, Германия, Тайланд, Әзірбайжаннан келгендер 14 күн ішінде тұрғылықты мекенжайына қоңырау шалу бойынша медициналық бақылауда болады, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.
Жиырмасыншы ақпаннан бастап Ақтөбе облысына өзге елдермен Қытай Халық Республикасын қосқанда 165 адам келген. Оның ішінде 154-і — Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 11-і — шетел азаматтары.
Қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыстағы дәріханаларда 15 мыңнан астам бетперде бар. Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті азаматтарды жалған ақпаратты таратпауға шақырады және жалған ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button