Жаңалықтар

Көлік жолдарын жөндеу жыры қашан аяқталады?

Ақтөбенің жолдары, әсіресе, қаланың ескі бөлігіндегі аумақ адам көргісіз екені жасырын емес. Бұны бұқара ғана емес, Nur Otan партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған бақылау комиссиясының мүшелері де растап отыр. Құрамына жергілікті мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері кіретін топ журналистермен бірге кеше шаһарда рейд өткізді, олармен бірге жолдардың жағдайына жауапты мекеме — Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері бірге жүрді.
Арнаулы комиссия өкілдері алдымен Ақтөбе қаласындағы Мясоедов көшесінің автомобиль жолын тексерді. Мәскеу шағын ауданына кіретін көшенің жолы шұрық-тесік, бұны тұрғындар да талай айтып жүр. Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғалидің сөзінше, бұл көшенің жолы 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан бері тек жеңіл-желпі жұмыстар жасалған, яғни ойылған жерлер бітеліп келеді екен. Сондай-ақ, ол өз сөзінде биыл бұл көшенің жолына жөндеу жүргізу жоспарда жоқтығын жеткізді. Өз кезегінде Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов:
— Соңғы уақытта қала жолдарына қатысты сын өте көп. Әсіресе, әлеуметтік желілерде арыз-шағымдар толастамай тұр. Бұл жерде кінә тапсырыс беруші мекеме мен мердігер компанияда екенін түсінуіміз керек. Біреуі — дұрыс қадағаламайды, ал екіншісі жұмысын адал атқармайды. Біз енді комиссиямен жолдардың бәрін тексеріп, ай сайын халыққа есеп беретін боламыз. Ескертулер бойынша өзгерістер болмаса, құзырлы органдарға жүгінеміз, — деді.
Одан соң комиссия мүшелері Кольцов, Екпінді, Пушкин көшелерінің бойында тұратын тұрғындармен кездесті. Олар көлік жолы ғана емес, көшедегі жарықтандыру мен қоқыс шығару мәселелерінің өзекті екенін ашынып айтты. Әсіресе, жоғарыда аталған көшелердің қиылысында орналасқан №12 орта мектепте оқитын балалар сабақтан шығарда қараңғыдан қорқады — көшеде бір шам жоқ. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров сол жерде биыл жарықтандыру жайына ерекше көңіл бөлінетінін, қоқыс шығаруды да қаперге алатынын айтты. Ал Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали үйіліп жатқан қардың 10 наурызға дейін шығарылатынына уәде берді.
Ақжар-2 ауылының көлік жолдары да сын көтермейді. «Бұл елді мекеннің автомобиль жолы қанша шақырымды құрайды?» деген сұраққа жауап бере алмаған жауапты мекеменің өкілін Ербол Данағұлов ескерту жасап, жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайтынын атап өтті. Ал комиссия құрамындағы қоғам белсендісі Алмаз Жантикенов аудандарды айтпағанда, қаланың өзінде қардың шығарылмайтынын, соның кесірінен лас судың адам жүруіне кедергі келтіретіні жөнінде:
— Мәскеу шағын ауданынан ылғи өтемін, қар мүлде аршылмайды. Тау болып үйіліп жатады. Ол ертең ерігенде не болады? Менің ойымша, осыған жауап беретін мекеменің басшылығын түгел ауыстырып, басқа адамды қою керек. Жолдан бұрын, жылда жауатын қарды жинамайды бұлар. Сосын жол бойындағы тесіктерді бітеуге болады ғой. Соның салдарынан көлік жүргізушілер қанша шығынға батып жатыр, машинасын бүлдіріп болды. Оны кім төлейді? — деп жұртшылықтың жанайқайын жеткізді ол.
Партиялық бақылау комиссиясы Жанқожа батыр көшесінің көлік жолымен де танысты. Мұнда да бас шайқайтындай көрініс. Мамандар биыл қалыпқа келтіру жұмыстарының жүргізілетінін, ол туралы қосымша хабарланатынын білдірді.
Жалпы, Ақтөбе қаласының көлік жолдарының жағдайы нашар екенін бәрі біледі. Соның ішінде шаһардың алғашқы кірпіші қаланған ескі қаланың жолы мен жарықтандырылуы — өте өзекті мәселе. Атқарушы билік пен жоғарыда аталған комиссия сыннан қорытынды шығарады деген үміттеміз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button