Басты бет » Денсаулық » МӘМС: 474 мыңнан астам ақтөбеліктің жарнасын мемлекет төлеп отыр

МӘМС: 474 мыңнан астам ақтөбеліктің жарнасын мемлекет төлеп отыр

Брифинг

2020 жылғы 28 ақпандағы мәлімет бойынша медициналық сақтандыру қорына 276,7 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Ал сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 28 ақпанына дейін Ақтөбе облысында қорға 12,7 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
Гүлмира Қожаниязова 2020 жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының әрбір азаматы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқылы екендігін айтып, яғни «шартты түрде сақтандырылғандығын» еске салды.
— Дегенмен 1 сәуірден бастап сақтандырылмаған азаматтар өз санаттарын анықтауы тиіс. Өйткені алдағы уақытта сақтандырылмаған азамат мемлекеттік медициналық көмекті тегін алғанымен, сақтандыру пакетіне кіретін медициналық көмек түрін ала алмайды, — деп нақтылады сөзін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін жеке тұлғалар медициналық көмек алған күнге дейін қатарынан үш айдан кем емес уақыт ішінде қорға жарналар төлеуге міндетті. Азамат соңғы төлемнен бастап 3 ай сақтандырылады.
Сақтандырылушының мәртебесі болмаған жағдайда, тәуелсіз төлеуші ретінде азамат жыл басынан бастап төленбеген кезең үшін төлеммен айына 5% (2 125 теңге) төлей алады.
Сондай-ақ Гүлмира Қожаниязова елімізде 15 категориядағы азаматтарды мемлекет қаржыландыратындығын атап өтті. Олардың қатарында зейнеткерлер, үш топты мүгедектер, 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер, жұмыссыз азаматтар (жұмыспен қамту орталықтарында міндетті түрде тіркелген болуы тиіс), бірыңғай әлеуметтік көмек алатын азаматшалар мен декреттік демалыста отырған азаматшалар, бас бостандығынан айырылған азаматтар, жұмыссыз оралмандар бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша 474 мыңнан астам азаматқа жарна мемлекет тарапынан төленіп отыр.
Айта кетейік, бүгінде тұрғындарға ыңғайлы болу үшін барлық алғашқы медициналық көмек ұйымдарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге арналған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды, мұндай өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғылары міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметке мұқтаж сақтандырылмаған адамға медициналық мекеме ғимаратынан шықпай-ақ терминал арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.