Басты жаңалықтарМереке

Қабыл ал балаңның, сәлемін жолдаған…

Бүгінде ақ парақ пен қаламсаптың орнын алақандай смартфондар алмастырған заманда ешкімнің бір-біріне хат жазып отырмасы анық. Десе де жақыныңның әлеуметтік желі арқылы амандығын біліп, видеоқоңыраулар арқылы жүзін көріп отырғаныңмен қағаз хаттың орны бөлек екенін жоққа шығара алмайсыз.
Кей деректерге сүйенсек, адам баласы өмірінде ең болмағанда бір рет өз қолымен бес түрлі хат жазып көруі тиіс екен. Оның бірі — жаныңа жақын жанды қуанышымен құттықтайтын құттықтау хаты болса, екіншісі — шалғайдағы ағайынның қайғысына ортақ екеніңді білдіретін көңіл айту хаты.
Сондай-ақ кез келген адам жеткен жетістіктерімен, келе жатқан тура жолынан тайып кетпеуі үшін болашаққа да хат жазуы тиіс екен. Шын сүйе білген адам міндетті түрде ғашығына хат жазатындығы айтпасақ та белгілі. Ал бесінші хатын адам міндетті түрде ата-анасына жазуы тиіс.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, біз редакцияға келіп түскен бірқатар ақтөбеліктердің аналарына арнап жазған хаттарын саралап көрген едік.
Ендеше бірге оқиық!

Нұр-Сұлтан қаласы
«Хабар» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің дикторы
Азамат Әбілқайырдан
Ақтөбе қаласының тұрғыны
Ақкенже Кенжеғалиеваға

Таң. Сарайда үйдің балалары қатар-қатар тізіліп жатырмыз. Тәтті ұйқыңнан оянғың келмейді. Бірақ бір иіс мұрныңды қытықтап барады. Мына жұпарды да құшырланып, мауқың басылғанша иіскеп қалғың келеді. Ұйқыны да қимайсың. Иә, есімде. Анамыз өріске малды айдап, келерінде ауыл іргесінен жусан сындырып әкелетін. Әкем одан буып, түйіп сыпырғыш жасап береді. Сол жусанмен анамыз үй-жайды таңмен таласа сыпырып шығатын. Мынау соның иісі екен ғой. Таңғы ұйқыдай тәтті, таңғы шықтай мөп-мөлдір балғын күнімді сағынсам, сол бір жусанның иісі есіме түседі. Бәлкім, жусанның иісі дегенім аяулы атажұртым болар. Мүмкін, сол туған жер дегенім сіз шығарсыз, Асыл Ана?!
Есіңізде ме, осы көктемнің алғашқы айында мал төлдеп, ауыл азан-қазан болушы еді ғой. Сол беймарал шақта бізге жаңа туған сиырдың бұзауынан жырып, уыз пісіріп беруші едіңіз. Иә, күн сәулесі әлсіз түскен алакөлеңке қорада қолыма мысығымды алып, шөпке арқамды сүйеп, іргеңізде отыратын едім ғой. Ал әкем бұзауды енесіне жібермей ұстап тұратын. Ал бұзау болса: «осыған кінәлі сенсің, сүтіме неге ортақтасасың?» дегендей маған жанары жәутең-жәутең етіп қарайтын. Ал бір мүйізі сынық ала сиыр да сүтін қызғанғандай ыңыранып, тыпыршып, арасында тебініп те қоятын. Оған қарап жатқан анам жоқ. Қайткенде де молырақ сауып алғысы келеді. Өйткені оның да «бұзауы» іргеде уыз күтіп отыр. Қазір сол бір шақты есіме түсірсем, қазақтың ғажайып ақыны Сағи Жиенбаевтың «Сүт туралы баллада» деген жыры ойыма оралады. Мұнда мынандай бір шумақтар бар:
«Сауу керек үшінші рет, соңғы рет,
Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,
Ол да — бала, мен де — бала бүлдіршін,
Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.
Жануарың жасыра алмай сезімін,
Жаутаңдайды қарашығы көзінің,
Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,
Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын».
Сол бір тәтті уыз алақандай ғана кеседе болушы еді. Әкем қолдан жасаған жер үстелге алқақотан отырып, өзіміге бұйырғанды қарпып-қарпып жеп алатынбыз. Біздің йогурт пен балмұздағымыз да сол еді. Сол уыз жылына бір-ақ мәрте болатын. Өзі аз. Қазір ойласам, сіз балаларым жесін деп, уыздан мүлдем дәм татпаған екенсіз ғой… Кеудеме өксік әкеліп, жүрегімді қақ айырып өтеді-ау сіздің жанпида мейіріміңіз! Қайран, ана махаббаты!
Мама, бұл хатымды Арқа даласынан жазып отырмын. Алаштың астанасынан. Бізде таң атты. Сіздерде ше? Ақтөбем қалай? Мына жақтың көктемі де біздің ауылдағыдай екен. Бораны әлі әмірінде. Аязы да менің әкем сияқты суретші екен.

Тереземе бүгін өрнегін тағы салып кетіпті. Бірақ қалай дегенмен де жан жылытар бір мереке бар ғой осы айда. Ол сіздің мерекеңіз. Мама, мен сізге өлең жаздым. Әзірге осы. Қабыл алыңыз. Сізді сағындым.

Ауыл жақтан салғалы іргемді алшақ,
Артта қалды балдәурен, күлген бал шақ.
Таңдайға сап балқаймақ сағынышты,
Жүрмін енді қалада қыр, белді аңсап.

Сенесің бе өзіңді шын сағындым…
Өскен ұл ем ішінде құм, шағылдың.
Жыр күреңді ерттеп ап ақын ұлың,
Жайлауында жүр бүгін тұмса мұңның.

Жаным анам, жағдайың қалай қазір?
Көрген жансың тағдырдан талай зәбір.
Сәл сүрінсең үстіңнен аттап өтіп,
Кей адамдар табалап, талауға әзір.

Ана, саған айтайын сырымды қай,
Жеткізбейді жүйіткіп ғұмыр-құмай.
Жан адамға сыр айтпай тек дұғаңмен,
Жаратқанға шағасың мұңыңды ұдай.

Дүр дүниенің есігін жырмен аттап,
Ана, саған сыйлайын гүлдер аппақ.
Тағы бізді ойлаумен көз ілдің бе,
Жанарыңның түбіне мұң қонақтап.

Ана, сені ешкімге теңгермеймін,
Ұлы десін балаңды көргенді үйдің.
Ел аңыз қып айтса да мен өзіңді,
Әжесінен Абайдың кем көрмеймін…

Сәлеммен, Азамат.

Ресей Федерациясы Дубна қаласынан
«Дубна» университетінің магистранты Мұрат Кенесариннен
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы
Қандыағаш қаласының тұрғыны
Гүлбану Құрманбаеваға

Қайырлы таң, анашым! Бүгін Мәскеу қаласына жол жүретін болғандықтан, таңмен таласа мереке қарсаңында өзіңізге хат жазуды ұйғардым.
Ауыл-ел аман ба? Әкемнің денсаулығы қалай? Менде барлығы жақсы. Сабағым да, жұмысым да ойдағыдай.
Бізде күн жылынып келеді. Дубнаға көктем ерте келгенімен, күн жаңбырлы. Синоптиктер алдағы күндері де солай болатындығын айтады. Терезеге тамған тамшы сыбдыры, ауылға деген сағынышымды одан бетер арттырып жібергендей.
Ауылды сағынып жүрмін. Бірақ бөрі мен ердің азығы жолында дейді ғой. Сондықтан елім сенім артып, шетелде білім алуыма жағдай жасаған соң, бар ынта-жігерімді білім алу жолында жұмсап жүрмін.
Хат жазудағы басты мақсатым — өз амандығымды жеткізіп, сізді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтау еді. Мені өмірге әкеліп, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай осы күнге жеткізгеніңіз үшін сізге алғыстан басқа айтарым жоқ. «Айналайын» деп маңдайымнан сүйіп, еркелеткен үніңнен артық ешнәрсе жоқ екенін есейген соң түсіндім. Тек мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңіз мәңгі соқсыншы. Біз сізді бақытты ету үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Көктеммен бірге жеткен әдемі мерекеңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, таусылмас бақыт тілеймін!
Мендегі сізге деген тілек шексіз. Оны ақ параққа жазып сыйғызу мүмкін де емес болар. Әзірге айтарым — осы.
Ауылға, бұйырса, магистрлік диссертациямды қорғап, дипломымды алған соң тамыз айында қайтуды жоспарлап отырмын.
Бетіңізден сүйдім. Амандықта қауышқанша! Тағы да мерекеңіз құтты болсын!
Сәлеммен, өзіңнің кішкентай Мұратың.

Нұр-Сұлтан қаласы «Қазақконцерт»
мемлекеттік концерттік ұйымының домбырашысы Ардақ Елеусізден
Ақтөбе қаласының тұрғыны
Ағила Тұрмағанбетоваға
Сәлеметсіз бе, әлемдегі ең сұлу ана! Денсаулығыңыз, көңіл күйіңіз қалай? Ақтөбемнің аспаны ашық па?
Менің жағдайым жақсы. Ойға алған шаруаларым да ретімен болып жатыр. Аллаға шүкір, бойыма әкемнің қанымен, өзіңіздің ақ сүтіңізбен берілген өнердің арқасында бүгінде елорданың төрінде жүрмін.
Буыным енді беки бастаған тұстан бастап, осы қалада болған соң ба, білмеймін, Нұр-Сұлтан қаласы мен үшін сондай ыстық. Ал Ақтөбемді сіз сол жақта болғаныңыз үшін жақсы көремін.
Мереке қарсаңында біздің жұмыста үлкен қарбалас басталатынын өзіңіз жақсы білесіз ғой? Қазір де дәл сондай қызу дайындықтың үстіндеміз. Бұйырса, 12-18 наурызда Шығыс Қазақстанға гастрольдік сапармен жол жүрмекшіміз. Абай атамыздың 175 жылдығы мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының 60 жылдығына орай біздің «Халық қазынасы» бөлімі Семей мен Өскемен қалаларын, Аягөз бен Жарма ауданы халқын ән-күймен сусындатпақ. Ал 20-24 наурыз күндері Ұлытау аспанын күйге бөлейміз.
Айтпақшы, анашым, өзімнің «Шерменде» деп аталатын авторлық күйімді жазып қойдым. Жақын күндері сайттарға шығармақшымын.
Осы хат арқылы тағы бір сүйінші жаңалығымды жеткізсем деймін. Бұйырса, жаз шыға елге өзің армандап жүрген, қос қолыңды жылы суға салатын келінің болатын қызды ерітіп барамын. Тойға дайындала берсеңіздер болады. Әкемнің ұрпағын жалғастырып, әулетке келін болатын ару да өнерден кенде емес. Ол туралы алдағы хаттарымда кеңінен жазармын. Ал бүгін өзіңді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтағым келіп отыр.
8 наурыз бар күшін перзенті үшін жұмсап, бақ-дәулетін баласы деп білетін сіз секілді миллиондаған аналар қауымының мерекесі ғой. Гүл-мерекеңіз құтты болсын! Деніңізге саулық тілеп, маңдайыңыздан сүйдім!
Елордадан хат жолдаушы ұлың Ардақ.

Ақын Қайнар Алагөзовтен
Шалқар қаласының тұрғыны
Алданыш Қалдыбаеваға

Анашым, жан жары әкемнің,
Сен мені өмірге әкелдің.
Әлдилеп, мәпелеп өсірдің,
Кешірдің бәрін де қатемнің.

Анашым, келіні атамның,
Жүгіне қайыспай атанның.
Ұлының ошағын сөндірмей,
Атам мен әжемнен бата алдың.

Анашым, енесі жарымның,
Егесі ақыл мен сабырдың.
Келінге келіндей иілген,
Жұмсағым, жуасым, қадірлім.

Анашым, әжесі баламның,
Ең сұлу бейнесі ғаламның.
«Немерем баламнан тәтті» деп,
Көңілін жығатын адамның.

Анашым, анасы ақынның,
Анашым, анасы батырдың.
Сен маған бәрінен жақынсың,
Мен саған бәрінен жақынмын.
Сәлеммен, өзіңнің ортаншы ұлың Қайнар.

Әзірлеген Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button