Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Электрондық сауданың әлемдік нарығына шығуымыз қажет

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында  жергілікті кәсіпкерлердің  «Ақтөбе өнімдері-2020» көрмесі ұйымдастырылды. Ақтөбелік тауар өндірушілердің көрмесі облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен ұйымдастырылған форуммен өз жалғасын тапты.

«Ақтөбе өнімдері-2020» көрмесінде өңірдегі  құрылыс заттары, киім-кешек, сүт, нан өндіруші 40-тан астам кәсіпорын өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Форум жұмысына дейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ әуелі көрмені аралап шықты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, олардың шығарып жатқан өнімдерінің сапасы, өткізу жолдарын сұрады. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер аймақ басшысына өз ризашылықтарын білдіріп те жатты.

Содан соң көрме  өңір басшысының қатысуымен  ұйымдастырылған форуммен жалғасты. Форум жұмысына Орынбор облысындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл  Виктор Коршунов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшылары, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты.

Форум модераторы, облыстағы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Есімхан  Құрманғазин жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен өткен мұндай көрме Ақтөбенің сырт елдермен бұдан әрі де сауда-экономикалық қатынасын дамытуға, ішкі және сыртқы нарықты нығайтуға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруге өз ықпалын тигізбек. Сондай-ақ ол өз сөзінде мұндай шараны өткізуге қолдау танытқаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

Форум жұмысы кезінде аймақ басшысы кәсіпкерлік саласының даму перспективаларын талқылауға Виктор Коршуновты арнайы жіберген Орынбор облысының губернаторы  Денис Паслерге алғыс білдіре отырып:
Соңғы кездері аймақта көптеген жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Оның ішінде мемлекеттік қолдаулар арқылы өз өнімдерін шығарып жатқан кәсіпорындар да бар. Бұл — өте қуантарлық жағдай. Өздеріңіз білесіздер, биыл халық алдындағы есеп беру кездесуімде кейбір азаматтар ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларына қатысты болсын, сенімсіздік танытып, «өсім жоқ, қайта барлығы жабылып қалды» деген шағымдарын айтып жатты. Бұл шара — соларға беріп жатқан нақты жауабымыз. Себебі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен Елбасы саясатының арқасында инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес субъектілеріне жағдай жасалды. Сол сияқты ірі кәсіпорындармен біріккен жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда еліміздің экономикасы дамып, соның негізінде көптеген кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары пайда болып, өзіміздің әлеуметтік жағдайларды шешудің мүмкіндігі туды. Бұл мемлекетіміздің қалыптасып, экономикасының нығайып, дамығанын көрсетеді, — деді ол.

Облыс басшысы өз сөзінде аймақта ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын табысты дамытудан өзге, шағын және орта бизнесті нығайту және құны жоғары тауар өндіру өзекті болып отырғанын жеткізді. «Менің өтінішім бойынша ұйымдастырылған бұл форум қазақстандық мазмұнның  үлесін арттыру, электрондық сауданы дамыту, қарапайым заттар экономикасы, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою сияқты мәселелерді қозғайтын кең форматты қамтиды деген ойдамын. Өйткені мұндай жиындар өткізу, біріншіден, жергілікті тауар өндірушілер мен ірі тұтынушылар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді», — деді  Оңдасын Оразалин.

Жергілікті қамту: жеткіліксіз жұмыс, әлсіз әлеует

Өз сөзінде аймақ басшысы шағын және орта бизнес саласындағы резервтерге де тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, мемлекеттік органдар мен квазисекторды сатып алуда қазақстандық және жергілікті қамтудың әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.

Талдау бойынша кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге дейін импортталатын тауарды сатып алатыны анықталды. Бұл ретте біздің өңірде осы өнімді өндірушілер бар, сонымен қатар кейбір позициялар бойынша тауарлар тіпті сапалы және арзан. Сондықтан ағымдағы жылы жергілікті қамту үлесін орташа есеппен кемінде 50 пайызға жеткізуді, ал тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен  құрылыс материалдары, KPI жиһаз өнімдері сияқты тауарлар кемі 90 пайызды құрауы тиіс. Мәселен, бүгін мектепке дейінгі балалар мекемелері мен жергілікті сиыр еті және сүт өнімдерін өндірушілер арасында тауар жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ретте аталған жергілікті тауар өндірушілер халық үшін нарықтық бағадан төмен азық-түліктерді сату бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Сондықтан ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бағдарлама әкімшілеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, — деді Оңдасын Оразалин.

Форум барысында облыс әкімі аймақтың жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарға қатысты: «Жер қойнауын пайдаланушылар сатып алуда қазақстандық қамту үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл залда жер қойнауын пайдаланушылар бар. Бүгінгі күні ірі якорлық жобалардың айналасында көптеген шағын және орта бизнес субъектілері тауарлар мен қызметтерді жеткізу бағытында жұмыс жасайды. Бірақ та заң нормаларын пайдалана отырып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудан жалтаруға тырысатындар да бар. Сондай-ақ өндірістегі апаттық жағдай түрінде конкурс өткізбей-ақ, тауарлар мен қызметтерді бір көзден сатып алу деректері де тіркелді.

Сондықтан мұнда жергілікті тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау бойынша жеткіліксіз жұмыс байқалады. Кәсіпкерлік палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет», — деді.

Фулфилмент орталығы және заманауи сауда форматы

Форум жұмысы кезінде импорт алмастыруды қамтамасыз етуде әрбір аудан мен Ақтөбе қаласы бойынша өндіріс және тұтыну балансын жасау қажеттігі де айтылды.

«Ақтөбе өнімдері-2020» форумына Ресей Федерациясының Орынбор облысынан келген әріптестердің қатысуын пайдалана отырып, сауда саласында терең ықпалдасу қажеттігіне, соның ішінде біздің нарықта ресейлік сауда желілерінің, ал Орынбор облысы аумағындағы ритейлдерімізге назар аударғым келеді. Электрондық сауданы дамыту, атап айтқанда, Ақтөбе қаласында құрылған фулфилмент орталығының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз қажет. Сондықтан форумға қатысушыларды қазіргі заманғы сауда форматтарын белсенді пайдалануға және электрондық сауданың әлемдік нарықтарына шығуға шақырамын. Ол үшін барлық жағдайлар жасалған: сауда алаңы, қойма жайлары, төлем жүйесі және дамыған көлік логистикасы бар, — деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі.

Қарапайым заттар экономикасы: 12,5 миллиард теңгеге 92 жоба мақұлданды

Форум аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова атқарылған жұмыстарға тоқталды.  Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 59,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының ықпалымен 256 жаңа шағын және орта бизнес субъектісі ашылды және жалпы сомасы 870 364 мың теңгеге 72 жоба жүзеге асырылды, — деді А.Даржанова.

Белгілі болғандай, есепті мерзім ішінде аймақта «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша 1 069 адам оқып шықса, олардың 344-і «Atameken Academy» арқылы онлайн оқытылған. «Бизнес Өсу» жобасы бойынша 115 адам дәріс алған.
— «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының аясында 12,5 миллиард теңгеге 92 жоба мақұлданды. Соның ішінде былтыр жалпы несие сомасы 8,7 миллиард теңгені құрайтын 85 жоба банктер арқылы мақұлданған болатын.

Оның айтуынша, несие берілетін және жоспарланған жобалардың арасында аймақта бұрын-соңды өндірілмеген өнім алуға немесе өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік беретін өндірістік қуаттар да бар. Соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша балмұздақ, гофракартон, құс еті және фармацевтикалық препараттар, таңқурай өсіру және қайта өңдеу, кондитерлік,  нан және ұннан жасалған өнімдер, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары, хирургиялық және ортопедиялық құралдар сияқты басқа да жобалар жүзеге асырылмақшы. Бұл — Ақтөбе аймағы үшін өзекті экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне енгізілген жобалар.

Форум жұмысы кезінде кәсіпкерлердің де ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Олар коммуналдық  төлемдердің бағасын төмендету, аудандарда алкогольді ішімдіктерді сату бойынша  лицензияны жеңілдету  сияқты көптеген сауалдар қойды. Жиынды қорытындылаған сөзінде өңір басшысы  инфрақұрылымдық қолдау, индустриялық аймақ аумағында жеңілдетілген шарттармен жер учаскелерін беру, сондай-ақ өнімді жылжытуда жәрдемдесу сияқты өзге де мәселелерге барынша қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты.

Облыс әкімі кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді, және кейбір ұсыныстарды Үкіметке жеткізетіндігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button