Жаңалықтар

«Шағаладағы» шу: арнайы комиссия құрылды

Кеше, 4 наурыз күні әлеуметтік желілерде ақ халат киген әйелдің ұл баланы сүлгімен ұрып жатқан бейнежазбасы тарады. Оқиғаның Ақтөбедегі «Шағала» шипажайында болғаны анықталды.

Облыс əкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің «Шағала» шипажайында болған жағдайды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған істің материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

Ғаламторда қызу талқыға түскен бейнежазбаның мән-жайын білмек болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенамановаға хабарласқанымызда, оқиғаның 1 наурыз күні болғанын білдік.

— Аталған жағдай өткен демалыс күні, яғни 1 наурызда балалар ойнайтын бөлмеде болған. Оқиғаға қатысы бар екі тәрбиеші де (екіншісі оқиғаға араласпағаны үшін) жұмысынан шығарылады. Арнайы комиссия мекеменің сауықтыру мен тәрбие жұмыстарын да тексеретін болады, соның қорытындысы негізінде шипажайдың әкімшілігіне қатысты шаралар қабылданады, — дейді Светлана Есенаманова.

Ал полицейлер осы жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button