Басты жаңалықтар

Су тасқыны біреуге жұмыс, біреуге ырыс

Қала тұрғындары бұдан 4 жыл бұрынғы су тасқынын ұмыта қоймаған болар. Әсіресе, Елек өзенінің жағасындағы елді мекендер көп зардап шекті. Одан кейін қыс жайлы болып, 3 жыл бойы су тасымады. Оның үстіне 8 өзеннің арнасы кеңейтіліп, тазартылды. Ал биылғы 4 жылда бір келетін кібісе жылдың жайы бөлек. Өткен жылғыға қарағанда қар көп. Қаңтар айы бірнеше күнге созылған ақтүтек борандарымен есте қалды.

Көктемгі су тасқынына дайындық қарқынды жүруде. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жер-жерде тәжірибелік оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Мұның бәрі су басу қаупі бар аймақтарда өтті. Шенеуніктердің айтуынша, табиғат тосын мінез танытпаса, биыл онша қауіп жоқ сияқты.

Ақтөбе облысында су тасу қаупі орташа деңгейге жатқызылған. Себебі 3 су қоймасында жиналған су қоры көп емес. Ақтөбе су қоймасында су жиналу орташадан төмен. Яғни 25 пайыз. Қарғалы су қоймасында 13 пайыз, ал Сазды су қоймасында одан да төмен. Қаладағы 8 өзеннің арнасы кеңейтіліп, тазартылды. Облыста 33 елді мекен су басу қаупі бар жерге орналасқан. Оның ішіне көшелер де кіреді. Бірақ салыстырмалы түрде биыл су деңгейінің көтерілуі айтарлықтай емес. Алайда бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Ауа райына сенім жоқ. Кей жерлерде тоң бар. Егер жауын-шашын көп болса, жерге сіңбей, бір жерге жинала береді. Сонымен қатар аяқ астынан күн жылып, қар күрт ерісе, су тасқынына әкеліп соғады. Біз жағдайды күн сайын бақылауға алып, тұрақты қадағалап отырмыз, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің зіл-заладан қатерді азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Тұрмағамбетов.

Жақсы, су тасымасын дейік. Алайда өңірдің ауыл шаруашылығы үшін судың тасымауы одан да қауіпті жағдай болайын деп тұр. Ақтөбедегі ірі су қоймаларындағы судың деңгейі әлі төмен. Бұл тағы да өзен-көлдердің тартылуына әкеліп соғуы мүмкін. Олай болса, былтырғыдай жағдай қайталанады. Ал малымыз қоңды, жайылымымыз жайлы, егініміз бітік шығуы үшін алдымен су керек.  Сең жүрмегелі қашан? Табиғаттың осы бір сыйын ауылдағы шаруалар асыға күтеді. Егер сең жүрсе, асты балдырмен толып, жағасын қоға басып кеткен өзендерді бір тазартып шығар еді…

Көктемгі судың күзгі жиын-терінге көп ешкім байқай бермейтін қатысы бар. Қалай дейсіз ғой? Жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарының негізгі табыс көзі төрт түлік болғандықтан, оның азығы — шөптің шығымы суға байланысты. Құнарын айтпағанда, әудем жерден бірнеше көлік шөп дайындалады. Бұл, біріншіден, жағармайды үнемдеп, мал азығының мол дайындалуына септігін тигізеді. Сол себепті күзде шөптің бағасы өспейді. Диқаншылар үшін де солай. Әріге бармай, былтыр ғана дала шабындығына шөп шықпай, ойды-қырды қуалап шапқан шаруалар бір көлік шөптің бағасын 35 мың теңгеге дейін бұлдауға мәжбүр болды. Міне, бір-бірімен байланысып жатқан ауылшаруашылық саласында дала суының рөлі өте зор.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әптиевтің  айтуынша, облыстағы суармалы жерлерге 120 миллион текше метр су керек екен.

Биылғы түскен қардың көптігіне қарап, су мол болады деп үміттеніп отырмыз. Судың тасуы төтенше жағдайлар департаментіне мәселе тудырғанымен, ауылшаруашылық саласы үшін ырыс болмақ. Суармалы жерлерге су шықса, шабындық та, егістік те бітік өседі.  Облыста 30 мың гектар жер бар. Бір гектар жерге шамамен 4 текше метр су жайылуы тиіс, — дейді ол.

Жыл сайын тартыла берген өзен-көлдердің балығы да күн санап азайып, қонатын құсы сиреп барады. Бұл — бөлек әңгіме.

Бөгендер суды бөгей ала ма?

Елді мекен суға қалай кетеді? Өзен суларын бөгеп, сол алқапқа шығару үшін су жинайтын бөгендер бар. Судың деңгейі жиі  бақыланып, белгілі бір межеге жеткенде жіберіледі. Міне, сол кезде ескірген бөген, қорғаныс дамбалары жырылып кетеді. Іркіліп тұрған су бірден лап еткенде сел пайда болып, малға да, адамға да қауіп төндіреді. Сол себепті осындай жерлердің су ұстау сапасы тексеріліп, жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалуы тиіс. Облыстық  табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының дерегіне сүйенсек, облыста 172 су бөгені бар. Оның 12-сі республикалық меншікте болса, 22-сі жекеменшікте. Ал қалғандары коммуналдық меншікке жатады. 2018 жылы Ырғыз ауданындағы 6 бөген күрделі жөндеуден өткен. Биыл 4 бөгенге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қобда, Мәртөк аудандарындағы бөгендер жөндеуді қажет етсе, Алға ауданындағы 2 бірдей бөген жаңарады.

Біздегі жөнделгелі тұрған екі бөген кеңес кезінен қалған. Одан бері жөндеу көрген жоқ. Биыл бұл жұмыс қолға алынады. Жалпы аудан бойынша 16 бөген бар. Биыл қар көп болғанымен, су тасқынынан қауіп жоқ. Бірақ біз төтенше жағдайдың алдын алу үшін бөгендердің сапасын ұдайы қадағалап отырамыз. Су қорын көбірек жинауға тырысамыз. Өйткені су бар жерде байлық бар. Жайылым мен шабындықты айтпағанда, қазір әр жерде суға балық жіберіп, жағасын құсқа толтырып, бау-бақша, егін салып жатырғандар үшін су көптік етпейді. Біздің ауданнан екі өзен ағып өтіп, Ақтөбе су қоймасына құяды. Өзімізге қажетті суды жинап болғаннан соң артық суды ұстамаймыз. Жерімізде тоң түспегеннен кейін сіңіп кетіп жатыр. Ол да жердің отты болуына жақсы, — дейді Алға ауданы әкімінің азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша көмекшісі Нұрадин Құрманәлин.

Табиғаттың тасқыны болмас үшін, ең бірінші, мықты бөген керек. Өңірдегі барлық шлюздер, су өтетін көпірлер жыл сайын жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған қорғаныс дамбаларының жырылған, бұзылған жерлері көп.

Өзгелерге қарағанда, тауларынан қар суы көбірек ағатын Мұғалжар ауданында 5-6 бөген, 24 типтік көпір бар. Аудан бойынша 36 елді мекенге баратын 464 шақырым жол жатыр. Сай-саласы көп ауданның  барлық ауылы дерлік шағын көпірлермен жалғанған. Кей жерлерде көпір асты құбырлары бітеліп, су көтеріліп, жолды жабуы мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда ауданда барлық су өткізу нүктелерін тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Ірі бөгендердің бірі — Ойыл ауданындағы Тамдыкөл суландыру жүйесі. Ойыл өзеніне Қиыл өзені құяды. Қиыл тасыса, өзен суы екі еселеніп, Тамдыкөл суландыру жүйесі арқылы ауданның біраз жеріне жайылады. Бірақ көктемгі судың аздығынан екі-үш жылдан бері су толық жетпей тұр. Бұл жерде су қорын мол жинау үшін бөген белгілі бір мөлшерде ашылады. Соның өзінде  одан кейінгі өзен тартылып, үзіліп қалады. Демек, ауданның жартысы қар суынан басқа жоғарыдан келетін өзен суын көре алмайды. Одан бөлек мәселе — ортақ өзеннің суын көрші Атырау облысының Қызылқоға ауданы да пайдаланады. Сондықтан орта жолдан өзенді жауып  тастауға болмайды.

Әрине, нөпір су келсе де оның алдын бөгеп, жағдайға қарай жіберіп, тоқтатып отыру керек. Дала суын реттеп, шлюздер арқылы дамбаларды суға толтырып алса, сай-саладағы көлшіктер толып, тазарып,  жайылым да, шабындық та нулы болады. Мұндай су жиналатын, жайылатын жерлерді «көл» деп атайды. Сол жерге шыққан шөп қалың жайылған мал семіз болады.

Су аз  не көп болсын, оны тиімді пайдаланып, қажетті алқаптарға шығару — бүгінгі күннің басты проблемасы. Кейбір ауылдарда сай бойындағы тоғандар бұзылып, барлық су ағып кетеді. Ауылға жақын сайдың бойы суға толып тұрса, мал екеш мал да су іздеп алысқа кетпейді.

Сонымен, судың тасығаны жақсы. Кейбір аудандарда қар еріп, малы өріске шығып кетті. Су тасып, арналарға толмаса, өткен жылғыдай су тапшылығына тап болуымыз ғажап емес.  Ерте көктемнің жиі жаңбыры жолға жайсыз болғанымен, жерге ырыс. Бірақ көктің суы өзен-көлдерді тазартпайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, қатты су тасқыны байқалмайды. Сондықтан тұрғындар үшін ала қардағы аласапыранда уақытша ғана қиындыққа бола байбалам салудың қажеті жоқ. Ал су келсе, алдымен тазалықты қоса ала келетін, жаздай малға да, жанға да жайлы табиғаттың сыйы болмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button