Басты жаңалықтарМереке

Бірліктің мерекесі

«Мың алғыс саған, Қазақ елі!». 1 наурыз — Алғыс айту күні мерекесіне орай  Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында салтанатты түрде өткен шара осылай аталды. Шара барысында көрмелер ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жиналған жұртшылық алдымен С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы кітап көрмесін, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің «Менің Отаным — Қазақстан!» атты көрмесін тамашалады. Көрмеде архив құжаттары, фотосуреттер, жәдігерлер, репрессияға ұшыраған адамдар мен олардың отбасы мүшелері жөніндегі деректі материалдар қойылған.  Сонымен қатар шара барысында «Мың алғыс саған, Қазақ елі!» атты этномәдени бірлестік өкілдері балаларының сурет көрмесі де ұйымдастырылды.

Бұдан кейін мерекелік шараның негізгі бөлімі өтті. Алдымен сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин көпшілікті мейраммен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде мерекенің маңыздылығына тоқталды.

  • Бүгінгі күн тәуелсіз ел тарихындағы ерекше күн. Елбасының Жарлығымен 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі.

Мерекенің басты мақсаты — өскелең ұрпақты достыққа, сыйластыққа, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Еліміздің Тұңғыш Президенті өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн — 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек» — деген болатын. Сол себепті бұл мерекенің  маңызы зор, — деді Оңдасын Оразалин.

Алғыс айту күні — бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Облыс әкімі  өз сөзінде ел іргетасының мығым болуы бірлікке байланысты екенін баса айтты.

  • Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, көптеген этнос өкілдері өз тарихи отандарына жаппай көше бастады. Ол да болса өткен тарихтың бір парағы. Өйткені әр адам өзіне ыңғайлы жай іздейтіні, ертеңгі болашағына алаңдайтыны белгілі. Бүгінгі күні біздің арамызда қалып, елімізде тату-тәтті тірлік етіп жатқан отандастарымыз да жетерлік. Олар өздерінің және ұрпақтарының болашағын бізбен бірге байланыстырып отыр. Яғни жақсылық болса бірге көріп, қиындық болса бірге бөлісуге дайын. Тілегі бір.

Абай Құнанбайұлы алтыншы қарасөзінде: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды  бірлік, ырыс алды тірлік» дейді. Бірлік ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп толғайды.

Абай атамыздың бірлік формуласы бүгінгі күні мемлекеттік саясаттың басты құралына айналды. Ел бірлігі доктринасын қабылдаудағы алғышарт болды, — деді Оңдасын Сейілұлы. Аймақ басшысы сөзінің қорытындысында  жұртшылықты Қазақстан халқынының ортақ мүддесі мен дамуын жүзеге асыруда жұмыла еңбек етуге шақырды.

Бұдан кейін этномәдени бірлестік өкілдері ән мен биден шашу шашты. Ерекшелігі, олар тек қана қазақ тілінде әндер орындады. Абайдың «Айттым сәлем,  Қаламқасы» шырқалды. Шәмшінің әндері  қалықтады. «Қазақ елі», «Ақтілек», «Ақтөбе вальсі», т.б. әндер әуеледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button