Жаңалықтар

Цифрландыруға 4,1 млрд теңге бөлінді

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин ІТ-компания өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын Ақтөбе қаласындағы Қазақстан-Ресей халықаралық университетінің ғимаратында ұйымдастырылды.  

Шараның мақсаты — өңірде IT  қауымдастығын құру.

  • Қазақстан үшін IT жаңадан дамып келе жатқан қызмет түрі. Тұрғындар цифрлық технологияны пайдалануды күнделікті дағдыға айналдырса, бұдан өмір сүру сапасының да арта түскенін аңғаруға болады. Бүгінде еліміздің ІТ мамандары шетелдік әріптестермен байланыс орнатып жатыр. Мұның цифрландыруды жүзеге асыруда септігі көп. Экономиканы дамытуда жаһандық бәсекелестікте кейін қалмау үшін ақпараттық жүйелерді дамытумен айналысу өте қажет. Бүгінгі жиын осындай мақсатта  ұйымдастырылып отыр, — деді облыс әкімі.

Ол өз сөзінде елімізде  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның басым бағыттарына тоқталды.

  • Негізгі 11 салалық бағыт таңдалып алынды. Оның ішінде 6 басым бағыт бар. Олар: қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, көлік және қаланы басқару. Осы бағдарлама іске асырыла бастағаннан-ақ балабақшаларға кезекті автоматтандыру, мектепке құжаттарды қабылдау, электронды билет және басқа да процесстерді оңтайландыруға мүмкіндік берді, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Биыл өңірде цифрландыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөлініп отыр. 2017-2019 жылдары небары 4,5 млрд теңге бөлінсе (2017 жылы — 911,6 млн теңге, 2018 жылы — 1,4 млрд теңге, 2019 жылы — 2,2 млрд теңге), биыл бұл мақсатта 4,1 млрд теңге бөлінген.

Аймақ басшысы өз сөзінде облыста іске асырылып жатқан жобаларға да тоқталды. «Смарт Сити» тұжырымдамасының  әзірленгенін, сондай-ақ алдағы 5 жылға арналған бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланғанын айтты.  Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша барлық шұғыл қызметтерді біріктіретін бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін құру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің жұмысын бақылау жүйесін құру, Ақтөбе қаласында ақылды жарықтандыру орнату жоспарларып отыр. Сондай-ақ облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде электронды билеттерді енгізу бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.

Шара барысында облыстық ақпараттындару және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер биыл қолға алынатын жұмыстар туралы жан-жақты баяндады.

Жиын барысында денсаулық, қауіпсіздік, жол қозғалысы, ауылшаруашылық салаларын цифрландыру мәселесі қаралды. Облыс әкімі ІТ-компаниялардың өкілдері мен байланыс саласы мамандарының пікірлерін тыңдады. Компания басшылары облыс басшысына   ІТ-компанияларының ерекшеліктерін таныстырып, бірігіп жұмыс жасауға әзір екендіктерін жеткізді.  Шара барысында «Светоком» ЖШС директоры И.Кисельников сандық рентген аппараттарын, сондай-ақ диспетчерлік басқару бойынша жүзеге асырылатын жарық диодты бағдаршамдар жобасын, «Ақтөбеэлектрогенерация» ЖШС директоры Н.Әжікеев су мен жылуды есептеу құралдарын цифрландыру жұмыстарын таныстырды.

  • Біздің өңірде ақпараттық технологиялар индустриясын дамыту бойынша нақты ұсыныстарын айтып, маңызды жобаларды жасайтын дарынды азаматтар өте көп. Біздің мақсатымыз — олардың әлеуетін арттыруға көмектесу және өнімдері мен қызметтерін отандық, шетел нарығына жеткізуге қолдау көрсету, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Оңдасын Оразалин орынбасары Қайрат Бекенов пен облыстық ақпараттындару және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккерге  ІТ- компаниялары басшыларының ұсыныстарын жан-жақты саралауды тапсырды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button