Денсаулық

Коронавирус: жалған ақпаратқа сенбеңіздер!

Брифинг

Қазір әлеуметтік желіде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат көп. Көпшілік мәліметтің шынайылығын тексерместен таратып жатыр. Облыс әкімдігінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева осы мәселеге байланысты баспасөз конференциясын өткізді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілген. Мәртөк ауданының «Жайсаң» және Қарғалы ауданының «Әлімбет» шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерінде уақытша санитарлық-карантиндік пункттер ұйымдастырылған. Бүгінгі күні температураны байланыссыз өлшеумен 14 мыңнан астам адам қамтылған. Қызуы жоғары және өзін нашар сезінген адамдар анықталған жоқ. Қаңтар айынан бастап Қытайдан облысқа 690 адам келген. Олардың барлығы мониторингке алынған. Қазіргі таңда 3 адам дәрігерлердің бақылауында жатыр. Ертең олар да үйлеріне жіберіледі.

— Жалған мәлімет таратушылар көп. Тұрғындар денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттің, яғни ресми органдардың әлеуметтік желідегі парақшаларын  қарағаны дұрыс. Кез келген шындыққа жанаспайтын ақпаратқа  сенбеу керек. Қазір елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сақтық шаралары жасалып жатыр.  Бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Десек те сақтықты күшейткен дұрыс. Әсіресе, шетелге саяхат жасайтын азаматтар осы мәселені ескеруі керек. Сырт елге, оның ішінде коронавирус шыққан елдерге бару қауіпті. Қытай, Иран елдерінен келген тұрғындарда  аурудың клиникалық белгілері байқалмаса да олар карантинге жатқызылады. Соңғы аптада 119 адам сырт елден келген. Олардың барлығы бақылауға алынды, — деді басқарма басшысы Әсет Қалиев.

Облыста 394 кереует дайын тұр. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС медициналық бетперде шығаруды қолға алған. Қазіргі күні 20 мың дана бетперде дәріханаларда сатылып жатыр, яғни бұл бұйымға тапшылық жоқ.

Жиын соңында Нұрсұлу Беркімбаева аурудан сақтанудың жолы қарапайым тазалық шараларын жасау екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button