Жаңалықтар

Жеке балабақшалар лицензия алуы тиіс

Брифинг

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді. 

Жиында департамент басшысы білім беру саласына мемлекеттік бақылау жүргізудің жаңа тетіктерін баяндады.

— Биыл білім саласы үшін жаңалықтарға толы жыл болып отыр. Соның ішінде сапаны бағалау мен бақылаудың жаңа жүйесіне енгізілген өзгерістерге тоқталатын болсақ, біріншіден, Білім саласын бақылау департаменті Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті болып өзгертілді.

Білім беру қызметінің сапасы төмен мектептерді анықтау және оларға атаулы қолдау көрсету мақсатында орта білім беру сапасына сараптамалық шолу институты енгізілетін болады. Сараптамалық шолу нәтижелері бойынша оқу-әдістемелік қолдау, педагогтердің әлеуетін арттыру, материалдық-техникалық жарақтандыру және білім беру сапасын жақсарту жөніндегі стратегиялар жасалатын болады, — деді Б.Күзембаева өз сөзінде.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша түскен арыз-шағымдар саны — 63. Сонымен қатар басқа да қоғамдық қабылдаулар, сенім телефоны мен басшы блогына 123 сұрақ келіп түскен. Оның ішінде ең көп арыз-шағымдардың үлесі жеке балабақшаларға қатысты.

— Мектепке дейінгі ұйымдар ұсынатын білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін олардың қызметін кезең-кезеңмен лицензиялауды енгізу жоспарлануда. Бұл бойынша қазір министрлік тарапынан жұмыс тобы құрылып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау 2011 жылдан бастап тоқтатылды. Қазіргі таңда балабақшалардың саны көбейді, дегенмен сапасына қатысты көптеген мәселелер бар. Биылдан бастап жеке балабақшалар лицензия алуға тиіс болады. Яғни кадрлары толықтырылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталған және барлық стандарт бойынша білім бағдарламаларын беруге дайын болған кезде лицензия ала алады.

Сондай-ақ, мектептерге, гимназияларға, лицейлерге, колледждерге қойылатын жаңа біліктілік талаптары енгізіледі. Бүгінде облыс бойынша 4 мектеп лицензиясыз жұмыс жасауда. Бұлар — жаңа оқу жылында іске қосылған мектептер. Қазір бұл тұрғыда тиісті мекемелер жұмыстар жүргізіп жатыр, —  деді Бұлбұл Күзембаева.

Биылдан бастап аталған департамент балалардың құқықтарын қорғау мәселесін қолға алмақ. Бұл мақсатта білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг және бақылау жүргізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша балалардың құқықтары бұзылған жағдайда қажетті шаралар қабылданып, яғни материал жинақталып, сотқа және басқа да құзырлы органдарға жолданатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button