Мереке

Алғыс жауған күн

Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін атап өтті. Бұл күні жылдағы дәстүр бойынша түрлі ұлт өкілдері Қазақ еліне деген өз ризашылықтарын білдіріп, гүл шоқтарын қою үшін «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласының алаңына жиналды.

Ресми салтанатты шараға қатысып, ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева құтты қоныс, қасиетті мекен болған көпұлтты еліміз үшін Алғыс айту күнінің маңызы зор мереке екенін атап өтті.

— Алғыс айту күні  — күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бүгінде  Қазақстан  құтты  қоныс,  қасиетті  мекен  болған достықтың  шаңырағына  айналды.  Тағдыр  тәлкегімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де алып шаңырақ астынан тұрақ тауып, бейбіт те берекелі тіршілік кешіп келеді. Аласапыран кезеңде айқара құшақ ашып, төрінен орын берген қазақ жұртына деген олардың құрметі бөлек. Сондықтан айтулы күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет.

Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс алуға лайықты істеріміз көп болғай! Отбасыларыңызға амандық, әр бастамаларыңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін, — деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан соң сөз алған «Урарту» армян қауымдастығы» этномәдени қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Арутюн Микаелян Алғыс айту мерекесінің маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекемен құттықтады.

Концерттік бағдарлама барысында әндер шырқалып, билер биленді. Әуеге халқымыздың ақ тілегі мен бейбітшілігінің жаршысы саналатын ақ көгершіндер ұшырылды.

Сондай-ақ бұл күні облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Керуен сити», «Алтай», «Нұрдәулет» сауда орындары мен қоғамдық көліктерде өзге ұлт жастарының қатысуымен «Алғысым шексіз» атты алғыс айту шарасы өтті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button