Жаңалықтар

Діни экстремизммен бірлесе күресу мәселелері талқыланды

Орынборда осы облыстың үкіметінің қолдауымен діни экстремизм мәселелеріне арналған халықаралық сарапшылар жиыны өтті.

Жиынға Ресей мен Қазақстанның көптеген өңірлерінен 170-тен астам маман қатысқан. Ақтөбелік делегацияға облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Нұрбол Смағұлов жетекшілік етті.

Мамандар құқық қорғау органдарының ақпараттары, интернет-ресурстар мониторингі және түрмеде отырған экстремистік топтар мүшелері арасында жүргізілген сауалнамалардың жауаптарын сараптай отырып, қазіргі радикалдық бағыттағы уағыздардың мазмұны, қалай таралатыны жөнінде қорытындылар жасады, сондай-ақ ДАИШ тарағаннан кейін, елдеріне оралған бұрынғы лаңкестермен жұмыс істеу барысында алда тұрған міндеттерге талдау жасалды. Қазіргі күні экстремистік ұйымдардың жаңа қаржы көздерін іздестіру жолында онлайн-казино, алдамшы интернет-дүкендер, банк есепшоттарын бұзу үшін фишингтік шабуыл жасау сынды әдістерді қолданып отырғаны айтылды.

Бүгінгі күні дерадикализациялау бағытында жекелеген, авторлық жұмыс тәсілдері бар болғанымен, алда оларды жүйелеу, ғылыми тұрғыдан негіздеу міндеті тұрғаны атап өтілді. Жиналғандарға ресейлік Педагогика, психология және әлеуметтік мәселелер институты мамандарының осы тұрғыдағы зерттеулері таныстырылды.

 

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button