Әлеумет

Қаржыны қайда жұмсадыңыз?

Әлеуметтік көмек

Өткен жылы елімізде сәуір айынан бастап мемлекеттің халықты қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларының ауқымы артып, көпбалалы отбасыларға беріліп келген көмектің көбейгенін жақсы білеміз. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында бірқатар отбасылар өздерінің әлеуметтік жағдайын реттеп алса, енді біреулері өз кәсіптерін дөңгелете бастады.

Бұл ретте қобдалықтар атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын мақсатты түрде пайдаланып, өзгелерге үлгі бола білді. Өткен жылы аудан бойынша 289 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларды қаржыландыруға бөлінген 154 миллион теңге толығымен игерілген. Ал көрсетілген көмектің нәтижесінде 196 отбасы ірілі-ұсақты мал сатып алса, 15 отбасы үйлеріне көгілдір отын кіргізіп алған.  Ал 37 отбасы үйлері мен мал қораларына жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.

Сондай-ақ бұл өңірде өз кәсібін бастағысы келетін көпбалалы аналардың саны да артып келеді. Мәселен, өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы 16 әйел өзінің жеке кәсібін бастаған.

Жалпы Қобда ауданы бойынша өткен жылы 208 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылса, 56 жас «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде сертификатқа ие болыпты. «Бастау Бизнестің» нәтижесі бойынша 37 адам грант иегері атанып, 30 адам төменгі пайыздық мөлшерде несие алып, өз кәсібін бастаған.

«Әлеуметтік көмектің арқасында аузымыз аққа жетті»

Атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын оңды-солды жұмсамай, шағын отбасылық шаруашылықтың негізін қалағандардың бірі қобдалық — Байчеркастар отбасы. Аудан орталығына бір жарым жыл бұрын И.Білтабанов ауылынан көшіп келген отбасы 4 бала тәрбиелеп отыр.

Өткен жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті жаңаша форматта ала бастаған отбасы мемлекеттен келген қаражатты тиімді пайдаланып, өздеріне ең қажетті деген шаруаға жұмсауды құп санайды. Сөйтіп, ойлана келе 3 сауын сиыр сатып алады.

— Аты айтып тұрғандай атаулы әлеуметтік көмек — еліміздегі отбасыларға әлеуметтік жағдайларын реттеп алу үшін беріліп отыр. Осы сәтті әр отбасы ұтымды пайдалана білуі керек деп білемін. Берілген қаражатты текке жұмсамай, балаларының болашағы үшін игі іске жаратқан жөн. Отағасымен ойлана келе біз әлеуметтік көмектің қаржысына ірі қара малын сатып алдық. Малдың пайдасы болмаса, ешқашан зияны болмайды, — деген көпбалалы Айнар әңгіме барысында «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алғанын айтты.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінен «Бастау Бизнес» жобасы туралы естідім. Кейін қатысып, жобамды сәтті қорғап, грант иегері атандым. Біз тұрып жатқан аудан орталығында шағын және орта кәсіптің көптеген түрі бар. Дүкен немесе шаштараз  ашқаныммен оның алға басып кетуі екіталай.  Сондықтан мен ұтып алған ақшама тағы да  ірі қара малын сатып алуды жөн санап,  2 сиыр сатып алдым, — дейді Айнар.

Айнардың өзі бүгінде аудандық Мәдениет үйінде кітапханашы болып жұмысқа орналасқан. Ал бұған дейін күзет саласында жұмыс жасап келген жолдасы әзірге жұмыссыз. Бүгінде қорасында 5 сиыр ұстап отырған көпбалалы отбасының ендігі мақсаты — мал басын көбейту.

— Мал — береке. Ішсең —тамақ, сатсаң — ақша. Бұған дейін балаларға айран, қаймақты сатып алып берсек, қазір барлығы өзімізде бар. Аллаға шүкір. Мемлекеттен алған көмек пен қайтарымсыз қаржының арқасында аузымыз аққа жетті, — дейді Айнар Байчеркасс.

«Көгілдір отын кіргізіп, көмір жағудан құтылдық»

Атаулы әлеуметтік көмектің шарапатын көріп, қаржысын мақсатты түрде жұмсағандардың бірі  — Қобда ауданының Калиновка ауылында тұрады. Жуырда дүниеге бесінші перзентін әкелген Индира Тәженова мемлекеттен берілген ақшалай көмектің арқасында баспанасына көгілдір отын кіргізіп алған.

— Ауылға газ тартылғанымен, оны үйіңе кіргізу үшін де қомақты қаражат қажет. Тұрақты жұмысы жоқ, тұрмысы төмен отбасылар үшін бұл үлкен мәселе. Біз бұл ретте атаулы әлеуметтік көмектің қаржысын тиімді пайдалана білдік. Мемлекеттен берілген қаржылай көмектің арқасында жұрт қатарлы үйімізге көгілдір отын кіргізіп, көмір жағудан құтылдық, — дейді Индира.

«Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады. Бір қозы артық туса, бір уыс шөп артық шығады» деген қағиданы ұстанатын көпбалалы ана әр баланың өзіндік несібесі барын айтады.

— Балаларымның үшеуі мектепке барса, төртіншісі — балабақша жасында. Ал өзім ең кішкентайыммен үйде отырмын. Үлкен балаларым мектепте ыстық тамақпен қамтылған. Ал балабақшаға баратын баламның ай сайынғы балабақшаға төлейтін төлемақысының 70 пайызын мемлекет төлеп береді. Бұл — біз секілді көпбалалы аналарға үлкен жеңілдік, — дейді.

Бүгінде декреттік демалыста отырған Индираның негізгі мамандығы — мұғалім. Дегенмен болашақта өз кәсібін бастағысы келетін Индира өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификат алған. Биыл жобасын облыстық деңгейде қорғап, ауылдан шаштараз немесе тігін шеберханасын ашқысы келеді.  Ал жолдасы — әртүрлі жұмыс атқарады.

Айта кетейік, былтырғы жылы соңғы 3 айдың ішінде облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 690,6 миллион теңгеге И.Білтабанов, Калиновка, Бегалы және Егіндібұлақ  ауылдарына газ тартылған болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда қобдалықтардың 47%-ы көгілдір отынмен қамтылып отыр.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл Қобда ауданы бойынша 180 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек, 500 балаға әлеуметтік кепілдендірілген пакет берілуі жоспарланыпты. Дегенмен жыл басынан бері аудан бойынша тек 107 отбасы ғана атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген. Бүгінгі таңда қаңтар айының төлемі толықтай төленіп, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 92 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button