Тарих

Сағидолла хазірет: тағдыр мен тағылым

«Қазіргі кейбір «діндарлар» ата-бабалардың дәстүр-салтын мансұқтайды. Менің әкем — қазан төңкерісіне дейін Бұхарада, Уфада діни білім алған, кеңес заманында Тәжікстанда, Өзбекстанның Денау деген жерінде имам болған адам, ал үйімізде әрдайым жеті нан пісіріліп, аруақтарға Құран бағышталатын», — дейді Құсайын аға Байшуақов.

Ол — кеңес өкіметі орнағанға дейін Қобда, Алға өңірлерінде мешіт-медресе ұстаған, ескіше сауатты, яғни діни ұстаз-ағартушы болған жандардың ұрпағы. Атасы Жұмағұл Байшуақұлының Қобда болысының Қызылшаң деген жерінде медресе ұстап, бала оқытқаны жазба деректе, атап айтқанда, Торғай облысы бойынша 1889-1895 жылдардағы мешіт жанындағы медреселер тізімінде сақталып қалған. (Қазіргі біздің облыстың біраз аумағын қамтитын Ақтөбе уезі 1868-1920 жылдар аралығында Торғай облысының құрамында болғаны белгілі).

Патша заманында қай жерде қандай мешіт, медреселер болды, кімдер қажылық сапармен Мекке-Мәдинаға барды, оларды халық қалай қарсы алды деген деректердің сақталып қалуының өзіндік себебі бар: патша өкіметі, ел ішіндегі беделді тұлғаларды, әсіресе, діни лауазым-атағы бар адамдарды бақылауда ұстап отыруға тырысқан. Жұмағұл хазіретке қатысты осындай тағы бір дерек — Ақтөбе уезіндегі 1914-1915 жылдардағы мешіттер тізімінде оның Тамды болысының №3 ауылында Қызылшаң деген жерде мешіті (ғибадат үйі) бар екені жазылыпты. Тамды болысы осы тұста Қобда болысынан бөлініп шығыпты. 1942 жылы башқұрт жерінде дүниеге келіп, кейіннен балалық, жасөспірім шағы Тәжікстанда өткен Құсайын Байшуақов атасының бұл мешітінің құламай қалған бөлігін 60-жылдардың ішінде, елге көшіп келгеннен кейін көрген. Оның айтуынша, мешіттің ұзындығы — 15 метр, ені — 7 метр. Қазір ол маң мүлгіген қорымға айналыпты…

Ал Жұмағалидың баласы Сағидолланы халық Мақсым хазірет атап кеткен. Зерттеушілерден білгеніміздей, «мақсым» атағы ата-бабасынан бері дін жолын ұстанып, елге рухани тәрбие берумен айналысып келе жатқан әулет өкілдеріне беріледі. Қазақ арасында әкесі ишан-хазірет болса, оның жолын жалғастырған беделді адамдарды да «мақсым» атаған. Алғаш өз әкесінен сауат ашқан Сағидолла Байшуақов кейіннен Бұхарада, одан соң Башқұртстанның Уфа қаласында діни білім алған. Елге 22 жасында оралыпты. Елге келген соң, қазіргі Алға ауданының Көлтабан деген жерінде мешіт салып, медресе ашқан. Бірақ 20-30 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде, әсіресе, әкесі Жұмағұл хазірет, оның шәкірттері ұсталып, айдалып кеткеннен кейін, бұл әулет қайткенде жан сақтаудың амалымен жан-жаққа шашырауға мәжбүр болған.

— Әкем бірінші анамызбен бірге Башқұртстан жағына қарай көшкен, бұл сапарлары қиын әрі қатерлі екенін біліп, біреуі алты, екіншісі төрт жастағы балалары — Сапура мен Шүкіролланы Ақбұлақтағы балалар үйіне табыстаған. Әрине, өздері орналасып алғаннан кейін, сол жерден тауып, алып кетеміз деп сенген ғой. Ал әкемнің інілері Садық пен Ядолла Тәжікстан жағына кеткен. Олар әрлі-берлі қатынаған адамнан бір-біріне хабар жіберіп отырған. Құдайына қараған адамдар біреудің біреуге жіберген хабарын аманат санап, қайткенде жеткізуге тырысқан ғой. Алыс башқұрт жерінде жүрген әкеме де інілерінің Тәжікстандағы Чептура стансасы маңына орналасқаны жөнінде хабар жеткен. Әкем Башқұртстанда да сыйлы болды. Діни білімінің тереңдігін ол жақтағы жұрт та бағалаған, ауыл-ел болып қадірлеген. Әкемнің «башқұрттар сыйлады» деп айтып отыратын етігі ұзақ жылдар бойы тозбай, сақталғаны есімде қалыпты. Бір өкініштісі, Ақбұлаққа табыстап кеткен балаларын қайта іздеп барғанда, таба алмай, мүлде көз жазып қалған. Әкем өмірінің соңына дейін сол балаларының бір хабары шығар деп үміттенетін. Бірінші анамыз балаларының күйігін көтере алмай, көп ұзамай өмірден өткен. Содан соң әкем менің анам Сағирамен бас қосқан. Анам үнемі Шәкен ишанға туыстығы барын айтып отыратын, ол кезде мұндай жайттарды қазбаламаймыз ғой, қазір сол жағын нақты сұрамағаныма өкінемін, — дейді Құсайын аға.

Сағидолла хазіреттің отбасы башқұрт жерінде 1948 жылға дейін ғана тыныш өмір сүрген. Одан соң бастарына тағы қара бұлт үйіріліпті.

— Ол кезде 6 жасар баламын ғой, ал кейін естуім бойынша, сірә, бір жанашыр адамдары бұл жердің де қауіпті екенін, соңына КГБ түскенін айтып, әкеме хабар жеткізіп үлгерсе керек. Содан біз, әкем мен анам, өзімнен үлкен Бәкиза әпкем мен Зарлыхан ағам бар, тез арада пойызға отырып, Тәжікстанға аттандық. Әкемнің ендігі үміті — Чептура жақтағы інілеріне барып, соларды паналау еді. Біз стансадан түскенде жаңбыр құйып тұрғаны есімде. Түскен соң тағы біраз жүріп, айдаладағы разъезде жалғыз отырған үйге келдік. Үй иесі қазақ болып шықты. Аты — Біржан. Садық ағамызды ол кісі біледі екен, тұратын жерін нақты айтып, жөн сілтеді. Және: «Бірақ… ол жерде тұрақтай алмайтын болсаңыздар, осы үйге қайтып келіңіздер, әрі қарайғы жайды ойласармыз», — дегенді қосты. Ағамыздың үйіне де жеттік. Алайда, расында, барған соң көп ұзамай манағы Біржан ағайдың үйін бетке алып, кері шықтық. Өйткені онда қалар болсақ, Садық ағамыздың басына да қауіп төнеді екен… Біржан ағай сол күні жалғыз ешкісін сойып, бізді қонақ етті де, ертесіне теміржолда жүретін дрезин арбаға мінгізіп, бір ауылға әкелді. Ханака аталатын бұл ауылда 30-40 үй қазақ бар екен. Олардың арасында әкемді бұрыннан танитын адамдар да болған секілді. Өйткені Мамыт деген ағай сөзге келместен, бізге екі бөлмесінің бірін босатып берді. Оның бұл жақсылығын әке-шешем өле-өлгенше айтумен өтті. Мен әлі күнге дейін сол жақсылығының шапағатын ұрпақтары көрсін деп тілеп отырамын. Біз Мамыт ағаның үйінде бір жылдай тұрдық. Бір жұмада әкем мен Мамыт аға жұма намазына қатысу үшін аудан орталығы Гесардағы мешітке баратын болды, қастарында мен де бармын. Әкем үнемі басынан тап-таза, аппақ сәлдесін, үстінен ұзын шапанын тастамайтын. Өзінің Құран оқығандағы дауысы да ерекше жағымды еді, дін жолындағы әрі білімді адам екені жүріс-тұрысынан, тіпті бет-жүзінен де байқалып тұратын. Содан көзге түсті ме, әйтеуір, намаздан соң біздің қасымызға жылдам басып, бір адам жетіп келгені есімде. Ол әкеме өзінің ауылына имам керек екенін, үй беретінін, жағдай жасайтынын айтты. Сөйтіп, біз Калинин ауылына көшіп кете бардық, — деп еске алды Құсайын Сағидоллаұлы.

Әкесін ауыл мешітіне имам етіп шақырған адам — сол жердегі шаруашылықтардың бірінің басшысы, Социалистік Еңбек Ері Буры Әзизов екен. Барған соң оларға үлкен үй, 40 сотық жер, күнделікті сүтін пайдалануға колхоздың екі сиырын беріпті.

— Осылайша өз үйіміз пайда болды. Жеріміз де бос жатпайды, оны аударып, өңдеп, егін салуға колхоздың өзі адамдарын жібереді екен. Ал әкем екі сиырға қарап тұрды да, Бурыға: «Сен қымыз дегенді білесің бе?» — деді. Ол өзі ешқашан ішіп көрмегенін, бірақ әкесінен естігенін айтты. Әкесі сол кезде тірі еді… Сол әңгімеден кейін, аз күнде үйімізге екі бие де әкеп берді. Бие байлап, қымыз ішетін болдық, — дейді Құсайын аға.

Оның айтуынша, сол тұста Тәжікстанның бұл өңірінде дінге, дінді ұстануға кедергі бола қоймаған. Тіпті КГБ, милиция органдарында істейтін адамдар да намаз оқиды екен. Бір жолы әкесі мұны ертіп, Душанбедегі (ол кезде Сталинабад) үлкен мешітке барады. Мешітке мұның әкесі ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен келген ауыл имамдары жиналса керек.

— Мешіт ішінде бәріміз жағалай отырмыз. Мен әкемнің қасындамын. Бәрінің екі көзі — ортада сөйлеп отырған қарияда. Ол кісі, сірә, Тәжікстанның бас мүфтиі болса керек. Өздігінен жүре алмайды, екі жағынан екі жігіт сүйеп жүреді. Бірақ сөзі ширақ, құлағы естиді. Бір уақытта ол жағалай отырған имамдарға кезекпен Құран оқуды бұйырды. Өзі мүлги тыңдап отыра берді. Кезек менің әкеме келді. Әкемнің дауысы шыққанда, ол селт етіп, басын көтеріп алды. Әкем Құран оқуын тоқтатқан кезде: «Сен Бұхарада оқыдың ба?» — деп сұрады. «Иә», — деді әкем. «Ендеше, менімен жүр. Ал сендер, дүмшелер, тарай беріңдер», — деді басқаларға қатқылдау сөйлеп. Содан соң әкем екеуі ұзақ әңгімелесті. Ортақ ұстаздары, таныстары туралы айтқан секілді. Әңгіме кезінде қастарында отырсам да, бала болған соң, сөзге мән бермейсің. Әйтеуір ол кісінің менің кейбір тентектігіме ұрыспай, мейірімді жымиып қарағаны есімде. Қазір осы оқиғаны жиі есіме аламын. Бұхарадағы әкем оқыған медресе бір кездері аты айдай әлемге әйгілі, үлкен рухани орталық болған тәрізді, ал оның түлектері бірін-бірі бауыр тұтумен өткен-ау деп ойлаймын, — дейді Құсайын аға.

Ол кісі 1957 жылы әкесін бір кездері Бұхарада діни білім алып, кейіннен Қобда, Алға жағында мешіт ұстаған Бисен хазірет Абдоллаұлы мен Кәрімберген Сарқұловтың да арнайы іздеп келгенін еске алды. Сол жолы үшеуінің бірге түскен суреттері де сақталыпты.

— Кәрімберген бізге туыс болып келеді әрі әкемнің шәкірті еді. Ал Бисен хазірет Бұхарада әкеммен қатарлас оқыса керек. Екеуі де қуғын-сүргін кезінде ұсталып, түрмеге қамалған, Сталин өлгеннен кейін ақталған, — дейді Құсайын аға.

1954 жылы Байшуақовтар әулеті де тағы бір үлкен қатермен бетпе-бет келген екен.

— Ол тұста Тәжікстанда мешіттер жұмыс істеп тұрғанын, тіпті заң орындарындағы адамдардың да намаз оқитынын айттым ғой, — деп еске алды Құсайын аға. — Менің әкем мешіт ұстап қана қоймай, бала сүндеттейтін, адам емдейтін. Әкемнің емшілік қасиетін алыс жақтағы адамдар да білетін. Сондықтан үйімізден адам үзілмейтін. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Алмас есімді қазақ кісіні де біз жақсы танимыз, үйімізге келіп тұрушы еді. Бір күні есік алдына гүр етіп, қара «Победа» келіп тоқтады. Ішінен үш адам түсті. Біреуі ірі денелі, әскери киімді адам, тәжік ұлтынан екені көрініп тұр. Тағы бірі — милиция бастығы Алмас, ол әдеттегідей емес, біртүрлі жүрексініп, уайымдап тұрған секілді. Жандарында тағы бір әскери адам бар. Әкем екеуміз терезеден қарап тұрғанбыз. Әкем дереу: «Сағира, мені әкетуге келді. Бұл жақта да соңыма түскен екен», — деді. Сосын бойын тіктеп, есік жаққа тесіле қарап тұрды. Мен әкеме қарап қаппын. Есіктен кіріп келе жатқан адамдарға сол тесіле қараған күйі парсы тілінде сәлемдесіп, төрге шақырды. Сол кезде есіктен кіре берген ірі денелі тәжіктің ұшып түспесі бар ма? Алмас пен қасындағы көмекшісі екі жақтап тұрғызып жатыр. Ал әкем оларға төрді нұсқаған күйі орнында тұра берді. Ана кісі оңбай құлаған секілді, уһілеп, кәдімгідей ауырсынды. Аздан соң анам қымыз әкелді. Ақыры келгендер расын айтты: «Сізді әкетуге келген едік. Бірақ ол шешімнен айнып қалдық, үстіңізден іс қозғалған, оны бір ретін тауып, жабамыз», — деді. Кетерінде манағы тәжік: «Ата, бата беріңіз» — деп, үшеуі әкемнен бата алды да, аттанып кетті…

Құсайынның өзі әуелі өзбек мектебінде оқып, одан соң тәжікше оқыған, 6-кластан кейін орыс мектебіне ауысқан. Орталау мектептен кейін автожол техникумына түсіп, оны бітірген соң армияға алыныпты. Армияға кетер алдында әкесі:

— Менің де уақытым таяды, енді елге жақындауымыз керек, — депті. Сөйтіп, Ақтөбеге келіп, қазіргі Тұрар Рысқұлов, ол кездегі Стройтельная көшесі бойынан үй сатып алған екен.

— Біздің отбасы 1962 жылы Ақтөбе қаласына көшіп келді. Ол кезде мен армияда едім. Мен мұнда 1963 жылдың соңында келдім. Келесі жылы әкем көз жұмды. Қайтыс болар алдында анама: «Сен ұзақ жасайсың, немере де, шөбере де сүйесің», — деп еді, расында, анам 100-дің үстіне шығып, өмірден озды, — дейді Құсайын аға.

Сағидолла хазіретті баласы өз өсиеті бойынша бұл кезде айдалада қаңырап тұрған атасының мешітінің ішіне жерлеген. Туған жерде бірлік пен білім дәнін себуді көксеген, бірақ қуғынға ұшырап, жырақта ғұмыр кешуге мәжбүр болған, тағдырдың қанша сынағын көре тұра, өзі ақ, адал жол ретінде таңдаған бастапқы бағытынан ешқашан таймаған асыл жанға әкесінің өшпес ізі қалған топырақта мәңгілік тыныстау бұйрыпты. Қанша күнді күлкісіз батырып, қанша таңды ұйқысыз атырған шақтарда өзінің Жаратушыдан жалбарына сұраған тілегі де сол болды ма, кім білсін…

Ал Құсайын аға Тәжікстан жақтағы балалық шағын бірге өткізген тәжік, өзбек достарымен қазірге дейін хабар үзбей келеді екен:

— Ол жаққа соңғы рет 2012 жылы барып келдім. Қазір денсаулыққа қарайлап, бара алмай жүрмін. Бүгінде онда қазақтар жоқ, бәрі елге көшіп келген. Бірақ бірге ойнап өскен тәжік, өзбек достарым өзіме туған бауырларым секілді ыстық. Біз түрлі ұлттан болсақ та, түрлі тілде сөйлесек те, түрлі салт-дәстүр ұстансақ та, бір-бірімізді жатырқамай, нақ бір туыс жандардай өмір сүрдік. Мерекелерде қазақтар етін асып, тәжіктер тәттілерін әзірлеп, ортаға бауырсақ пен нанды төгіп жіберіп, түрлі ұлттың емес, бір үйдің адамдары секілді мәре-сәре болатынбыз. Ал қазір кейде бір ұлттан тарап, бір дінді ұстанып, күнде бір мешітке кіріп-шығып жүрген жандардың өзі тіл табыса алмайды. Соны уайымдаймын. Бәрі де пейілден, пейілдің тарылып кеткендігінен-ау деп уайымдаймын. Пейіл кең болса, ешқандай дін де, ұлттың салт-дәстүрі де адамдардың ынтымақ-бірлігіне сызат түсіре алмас еді. Оған өзімнің балалық шағым куә, — дейді ол.

Бір кездері жұртты имандылыққа ұйыту, дін тазалығы жолында тер төккен асылдардың соңында қалған тұяғы, жасы сексенге таяған қария ел ішінде діни алауыздықтан кикілжің тумаса екен, жастар ата-бабалардың салт-дәстүрін мансұқтамаса екен дейді. Күндіз-түні осыны дұғасына қосады. Біз де бұл тілекке іштей қосылдық: елдік пен бірлікті, адамдық пен адалдықты мұрат тұтқан бабалар жолының үзілмеуі, ең алдымен, ұлтымыздың, ұрпағымыздың болашағы үшін керек екені даусыз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button