Жаңалықтар

Ақтөбенің экологиясы айрықша назарды қажет етеді

Кеше Ақтөбе қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жобасы аясында қалдықтарды өңдеу және жою жүйесіндегі жаңа тәсілдер туралы» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті. Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, депутаттар, атқарушы билік өкілдері, кәсіпорындар басшылары, сондай-ақ еріктілер мен белсенділер жиналды.

Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен басқосуда жоғарыда аталған комитеттің төрағасы Глеб Щегельский жаңа кодексте қалдықтарды қайта өңдеуге, адамдардың денсаулығын жақсарту үшін қоршаған ортаны ретке келтіруге айрықша мән берілгенін атап өтті.

— Мұндай көшпелі отырыс бұған дейін де болды. Мұндағы басты мақсат — экологияны жақсарту. Өйткені ауа мен суда ластанудың барын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Ақтөбедегі Елек өзенінде, Тұрғындар қалашығы шағын ауданында жағымсыз иістің кесірінен белгілі бір мәселелердің туындап отырғанын бәрі біледі. Шалқар көлінің жағдайы да алаңдатарлық. Ең бастысы, бұл туралы жақ ашпауға, елемеуге болмайды.

Жұмыс сапарымыз барысында бірнеше зауытты араладық. Ондағы қалдықтарды шығару жүйесінің жай-күйімен таныстық. Әлі де жетілдіруді қажет ететін жұмыстар бар.

Экология – ұлттың денсаулығына тікелей қатысты. Осыны ұмытпай, барлығымыз күш біріктіруіміз керек. Бүгінгі отырыс та ортақ түйткілдерді талқылап, оны жоғары жаққа жеткізу үшін ұйымдастырылып отыр, — деді Глеб Щегельский.

Ал облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов экологиялық мәселелердің өте өзекті екенін айта келе, облыста бірінші қауіптілік санаттағы 185 кәсіпорынның барын қосты. Оның сөзінше, аталған өндіріс орындарына қатысты арнайы талдау жасалған, олар ұдайы бақылауда екен.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа кодекс аясында Ақтөбеде бұған дейін талқылаулардың болғанын, соның негізінде 20 ақпанда Парламентте жұмыс тобының алғашқы отырысы өткенін баян етті:

— Экологиялық кодекске сәйкес, ірі кәсіпорындармен жұмыс күшейетін болады. Қоршаған ортаға залалын тигізгендерге қатысты айыппұл көлемі артады. Сонымен қатар, өндіріс орындарының облыс, жалпы ел алдындағы жауапкершілігі одан сайын жоғарылайды. Жобада қатты, өндірістік қалдықтарды жарату, болмаса оның көзін жоюға да көңіл бөлініп отыр.

Осы орайда қоқыс полигонының жер-жерде барын, бірақ оның жетіспеушілігін айта кеткім келеді. Ақтөбеге де 3-4 жылдан кейін қазіргі полигонды кеңейту жайын ойластыра беру қажет. Бүгінгі таңда белгіленбеген жерге күл-қоқысты төгетіндер азаймай тұр. Бұл Ақмола, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарына қатысты мәселе. Сондықтан атқарушы билік осыған жіті мән беруі тиіс.

Қазіргі таңда министрлік пен облыс әкімшілігімен бірлесе отырып, Алға ауданындағы бұрынғы химия зауытынан қалған химиялық және өндірістік қауіпті қалдықтарды жою үшін арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Осы жұмыстың алғашқы бөлігіне республикалық бюджеттен қаражат бөлінді, — деді.

Артынша өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың басшылары сөз алып, тақырыпқа қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан кейін қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Жиын соңында «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» жергілікті мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтармен I санаттағы нысандарға кешенді технологиялық аудит жүргізуге қатысты меморандумға қол қойылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button