Басты жаңалықтар

 «FlyArystan» әуе компаниясының алғашқы рейсі келді

Қаңтар айында «FlyArystan» әуе компаниясы Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасында жаңа рейс ашылатынын мәлімдеген болатын. Кеше Елордадан бірінші рейс келді. Алғашқы жолаушылардың қатарында облыс әкімі Оңдасын Оразалин де  болды.

Ақтөбеліктер ұшақ жолаушыларын әуежайдан салтанатты түрде қарсы алды. Облыс әкімі мен жолаушылардың бірі қызыл лентаны қиды. Жергілікті өнерпаздар ән салып, күй тартты. Шашу шашылды. Облыс әкімі жиналғандарды құттықтады.

— «Ақтөбе» халықаралық әуежайы коммуналдық меншікке, яғни жергілікті атқарушы органның құзырына өткен болатын. Осыдан кейін тұрғындарға жағдай жасап, әуежайдың қызметін кеңейтіп, сапалы әрі арзан қызмет түрін ұсынуды мақсат еттік. Осы ретте былтырдан бастап «FlyArystan» лоукостерімен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде бүгін  Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы рейс келді.  Ұшақ бағасы тұрғындар үшін қолайлы. Әсіресе, бизнес саласындағы азаматтар мен сыртта оқып жүрген балалар, зейнеткерлер үшін тиімді. Алдын ала жоспарлап, арзан бағамен билет алуға болады. Бүгін ұшақ лық толып келді. Жолаушы ретінде көрсетілген қызметке көңілім толды, — деген Оңдасын Оразалин компания басшылығына алғысын айтты.

«FlyArystan» әуе компаниясының жерүсті қызметінің директоры Данияр Өскенбаев та  ақтөбеліктерді құттықтады. Оның айтуынша, заманауи Airbus A320 әуелайнерлері екі қала арасында аптасына 4 рет, яғни сейсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі күндері қатынайтын болады. Билеттер Flyarystan.com сайтында сатылады. Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып келу құны 7999 теңге болса, Алматы қаласынан — 11 999 теңге. Ал 20 сәуірден бастап Алматыдан 180 орынды ұшақтар аптасына 3 рет қатынайды, яғни дүйсенбі, сәрсенбі мен сенбі күндері.

Алдағы уақытта компанияның Қарағандыдан жаңа бекеті ашылады. Кеншілер астанасынан жолаушылар  Ақтөбеге тікелей қатынай алады. Алғашқы билеттер 22 сәуірден бастап сатылады. Екі ай ішінде Ақтөбе еліміздің үш қаласымен байланыс орнатпақ. Сонымен қатар қаладан жаңа бекет ашылады. Бұл кезде өзге де бағытқа ұшу кестесі кеңейеді. Қазіргі таңда компания басшылығы жергілікті билік өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Данияр Өскінбаев екіжақты келісімге келгеннен кейін, бір-екі жылдың ішінде тек ішкі рейстер емес, шетелге де бағыттар ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте «Эйр Астана» президенті Питер Фостер облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесіп, «Ақтөбе» халықаралық әуежайын бекет ретінде қарастыру туралы сөйлескен болатын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button