Жаңалықтар

Ғалым рухына тағзым етілді

Кеше еліміздің тұңғыш Әділет министрі, белгілі ғалым-заңгер, саяси қайраткер Нағашыбай Шәйкеновке арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Шараға шетелден, еліміздің басқа өңірлерінен келген ғалымның туыстары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғарғы Сотының ардагері, Нағашыбай Шәйкеновтің қарындасы Айсұлу Шәйкенова сөз сөйледі.

— Ақтөбе мен үшін өте ыстық. Менің ағам да Ақтөбені өзінің туған өлкесі санады. Өйткені, осы шаһарда біздің анамыз да біршама уақыт тұрды. Осы қалада дүние салды…

Осы әсем қаладағы ағамыздың атындағы көшеде оның ескерткіші бой көтерді. Күні кеше ғана Ақтөбеде «Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекет пен қоғам дамуындағы маңызы» тақырыбында халықаралық  деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бүгінгі шара — сол маңызды шара аясында ұйымдастырылып жатқан ізгі істердің бір парасы, — деп Айсұлу Шәйкенова осындай ірі шаралардың

Ақтөбе жерінде өтуіне қолдау білдірген облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдірді.

Шара барысында сөз сөйлегендер Н.Шәйкеновтің Қазақстанның заң реформаларының дамуына, заң мамандарын даярлауға қосқан үлесін, бірнеше маңызды заңнамалық актілерді әзірлеуге атсалысқанын, құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламаларын  жасаушылардың бірі болғанын айтты.

Нағашыбай Шәйкенов көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысында дүниеге келген. Еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Қазақстанға қызметке шақырылды. ҚР Президентінің кеңесшісі, Әділет министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Қазақстанның сот-құқықтық жүйесін қалыптастыруға, Ата Заңды әзірлеуге өлшеусіз үлес қосқан, еліміздегі алғашқы заң академиясын ашуға бастамашы болған белгілі ғалым-заңгер Нағашыбай Шәйкеновтің ескерткішіне облыс және қала әкімдігі, облыстық әділет департаменті, облыстық нотариалдық палата, Нағашыбай Шәйкенов атындағы қоғамдық қор атынан гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ, ғалымның ұрпақтары, бауырлары, қала тұрғындары да ғалым рухына тағзым етті.

Айта кету керек, облыс орталығындағы Нағашыбай Шәйкеновтің ескерткіші 2017 жылы 20 қазан күні ашылған болатын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button