Экономика

Түрік инвесторлары келсе, жолдың 80 пайызы реттеледі

Сессия

Кеше Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті елуінші сессиясының отырысы өтті. Қалалық мәслихаттың депутаты Мұратбай Әжібаевтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, сондай-ақ қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ардагерлер қатысты.

Сессияның пленарлық отырысы басталмас бұрын Мавр Абдуллин бірқатар азаматтарға құрмет көрсетті. Атап айтқанда, «Мейірімділік керуені» ІІ республикалық байқауының «Мейірім жолында» номинациясының иегері болған «Нектар» өндірістік кооперативінің басшысы Шамиль Каспрановты, мерейлі жетпіс жасқа толған Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Анатолий Симовты марапаттады. Сондай-ақ ол Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегеновке басқа қызметке ауысуына байланысты алдағы жұмысына сәттілік тілеп, алғыс білдірді.

Сессия жұмысы қаланың Астана ауданының жаңа әкімін тағайындау үшін бұл қызметке кандидатты депутаттардың дауысқа салуымен  басталды. Осылайша халық қалаулыларының бірауыздан қабылдаған шешімімен Астана ауданының әкімі қызметіне Дариға Исмағанбетова тағайындалды.

Сессияның күн тәртібінде қалалық мәслихаттың өткен жылы атқарған  жұмысы қорытындыланды. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасованың айтуынша, есепті мерзімде 12 сессия өткізіліп, 108 шешім қабылданған.

Сессия отырыстары мен тұрақты комиссияларға дейін қала тірлігіндегі негізгі мәселелер бойынша онлайн-сауалнама жүргізіледі. Тұрғындар арасында қала бюджетін бекіту, нақтылау және орындау, білім беру саласының дамуы, ауызсу, жарықпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысы және басқа да мәселелер көп көтеріледі, — деді С.Шынтасова.

Оның айтуынша, былтыр мәслихат депутаттарының жеке қабылдауына келген 376 адамның 122-сі әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мәселесін көтерсе, 149-ы — тұрғын үй, жер телімі бойынша жолықты. Тұрғын үй-коммуналдық мәселелері де депутаттар назарынан тыс қалмаған. «Егер мәселені өз күшімен шешу мүмкін болмаған жағдайда, депутаттар тиісті ұйымдарға хат жолдады. Бір жылда 646 депутаттық сауал жолданды. Соның 40 пайызы объективті себептермен шешілмеді», — деді ол.

Мәслихат хатшысы қаланың экологиялық мәселесімен қатар, кондоминиум, пәтер иелері кооперативтер жұмысына қатысты тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар жайында айтты. «Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңнамалық актілерге елеулі өзгерістер енгізілді. Біздің ортақ міндетіміз — бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу және осындай учаскелердегі жағдайды өзгерту», — деді ол.

Сессия барысында ардагерлер тарапынан сауалдармен қатар ұсыныс-пікірлер де айтылды. Олар Орталық базар аумағында бұрын болған аллеяны қайта жасау, аялдамалардағы отырғыштар сапасына мән беру, қар тазалау, жол жөндеу, көпір салу ісіндегі кемшіліктер де айтылмай қалмады. Жол құрылысын салу ісіне қатысты Мавр Абдуллин:

Қазір әлеуметтік желілерде көп мәселе көтеріліп жатыр. Өзіміз де қала тұрғыны ретінде бұл мәселелерді көріп жүрміз. Соның бірі — қала көшелеріндегі жолдың жайы. Жолдағы шұңқырларды бітеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жерде кепілдік мерзім деген болмайды. Біз биылғы тендерді өткіздік. Алайда жол құрылысымен айналысатын компаниялар жұмыс жасаған  аумақтарында қандай да бір ақау пайда болса, онда бір жылға дейін өз қаражаттарымен сондай учаскелерді қайта қалпына келтіру міндеттелді. Өйткені бюджет қаражаты да есептеулі. Сондықтан мердігер компаниялардың бәріне бірдей осындай талап қойылды, — деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, биыл Ақтөбеде 7 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мұнымен қоса бұл бағытта өткен жылы «Нұр Ақтөбе», Заречный-3, Заречный-4, Құрашасай ауылдарында басталған жұмыстар да қосымша атқарылатын болады.

Қазір Түркия Республикасының инвесторлары бізге келіп, қалған жобалармен танысып жатыр. Егер олар жобаларды қолға алатын болса, онда біз жолға қатысты көптеген мәселені шешетін боламыз. Түріктер  осы жұмысқа бел буып кіріссе, онда биыл қала жолдарының 80 пайызының асфальт жамылғысын ауыстырып, ретке келтірмекпіз. Жол сапасы өздеріңізге мәлім. Алайда ақпандағы екі күн толассыз жауын мен одан кейінгі аяз, сондай-ақ ауа райының күрт жылынуы сияқты жағдайлар да жолдың бұзылуына әсерін тигізіп жатыр. Күн жылынса, біз бұл жолдардың барлығын қалыпқа келтіреміз, — деді Мавр Абдуллин.

Сессияда бұдан өзге де мәселелер қаралып, депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button