Жаңалықтар

Партия қатары толықты

1 наурыз — Алғыс айту және Nur Otan партиясы күні. Осыған орай партияның өңірлік филиалдарында партия қатарына қабылдау рәсімі өтті.

«Бүгінде партияның облыстық филиалына қарасты 247 бастауыш партия ұйымдарында 33700 партия мүшесі бар. Бастауыш партиялық ұйымдарды күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, олардың жүзден астамы ірілендірілді. Алдағы уақытта жұмыстар жалғасады», — дейді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов. Одан әрі ол қатысушыларды Алғыс айту және Nur Otan партиясы күнімен құттықтап, партия ардагерлеріне гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ, партия ардагерлері 14 адамға партия билеттерін тапсырды. Партия мүшелігіне өтетін ақтөбеліктердің ішінде орта және шағын бизнес өкілдері, ұстаздар, спортшылар, жастар бар.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan фракциясының мүшелері Шавхат Өтемісов, Геннадий Шиповских тұрғындарды қабылдады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлсім Қоңқабаева қаланың экологиясы туралы, анығы, кейбір кезде жағымсыз иістен демалу қиын болатынын жеткізсе, Қурайлы ауылының тұрғыны Ерлан Аязов қала көркіне нұқсан келтіріп, шашылып жататын қоқыс мәселесін қозғады. Сондай-ақ, химия-биология пәнінің мұғалімі Елена Филиппович оқушыларымен бірге экологиялық жоба әзірлеп жүргендерін айтты.

Бұларға өз кезегінде облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов, Nur Otan фракциясының мүшелері Шавхат Өтемісов айтылған мәселелерге қатысты қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып, жауап беріп отырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button