Спорт

80 команда сайысады

Мектеп лигасы

Өткен аптада «Қоныс» спорт сарайында жалпы білім беретін мектептердің 2-4 сынып оқушылары арасында шағын футболдан қалалық «Мектеп лигасы» турнирінің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш жоба Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі, Ақтөбе облысының футбол ассоциациясы және мектеп лигасының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.

Шараның ашылу салтанатында қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманбай Нұрмұханов, Ақтөбе облысы футбол федерациясының вице-президенті Асхат Қалжанов құттықтау сөз сөйлеп,  қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылар тарапынан №19 мектеп командасына спорттық киімдер табыс етілді.

Осымен үшінші рет өтіп отырған турнирге қала мектептерінен 80 команда қатысуға өтінім білдірген. Былтырғы бәсекеге 77 команда қатысқан болатын. Бұдан оқушылар арасындағы турнирдің беделі жылдан-жылға артып келе жатқандығын аңғаруға болады. Жыл сайын пайдалануға берілген жаңа мектептердің оқушылары да жарыстан тыс қалған жоқ. Әр топ бойынша 8 командадан сынға түсіп, жеңімпаз бен жүлдегерлер мамыр айында анықталады. Бүгінгі күні 3000-нан аса бала лигада ойнау мүмкіндігіне ие. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтеді. «Мектеп лигасы» жобасының төрағасы Арслан Ақаев биыл қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы төрешілер мен үйлестірушілерді қамтамасыз етуге қаражат бөлгенін айтады.

Еске салатын жайт, 2017 жылдан бастап облыс мектептерінде футбол сабағын өткізу қолға алынған болатын. Бұл сабаққа шамамен 50-ге жуық қала мектептерінен 1-7 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Мектеп лигасы —еліміз бойынша ең бірінші біздің облыста басталған турнир. Осыған байланысты биылғы жылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында футбол сабағының таныстырылымы өтіп, республика ауқымын қамти түседі. Ал жаттықтырушылардың біліктілік санаты мен тәжірибесін арттыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалмақ.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button