Әлеумет

Әлеуметтік мәселелері айтылды

Қоғамдық қабылдау

Кеше Ақтөбе қаласында Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай тақырыптық қабылдау» республикалық акциясы өтті.

Астана ауданы әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылған шараның мақсаты — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың мүдделерін қорғау.

Акция барысында аталған топтағы ақтөбеліктерге әлеуметтік, денсаулық сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік бағдарламалардың шарттары түсіндірілді. Артынша облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері жұртшылықты жеке сұрақтарымен қабылдады.

— Мүгедек жандармен алдын ала байланыс орнатып, оларды қандай мәселелер толғандыратынын білдік. Кейін, міне, осындай қоғамдық қабылдау өткізіп отырмыз. Бұған көптеген мемлекеттік мекемелердің мамандары келіп отыр.

Былтыр үш кездесу өтсе, биыл да әр тоқсан сайын қоғамдық қабылдау өткізіп тұру жоспарда бар. Шараға 24 адам алдын ала жазылды, тосыннан келгендерді де қабылдаймыз, — деді Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов.

Қабылдауға келгендердің бірі — «Алаш» қоғамдық бірлестігінің өкілі Болат Қалықбаев денсаулығының дімкәстігіне байланысты үйде отырған, сыртқа шыға алмайтын тағдырластарының мұң-мұқтажын жеткізді.

— Замандастарымды көбінесе баспана, санаторийге жолдама алу сұрақтары мазалайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне де талап-тілектеріміз бар. Барлығының арыз-шағымын айттым. Мамандар сұрақтарды қарастыратынын айтты, енді нәтиже күтеміз, — дейді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button