Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің бренді не?

Ақтөбе — ауыл шаруашылығы саласы ерекше дамыған, өнеркәсіп әлеуеті де жыл өткен сайын артып келе жатқан еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Облыстың атын асқақтатып жүрген танымал тұлғалар һәм ірі кәсіпорындар да аз емес. Дей тұрғанмен, басқа жаққа барғанда, болмаса сырттан қонақтар келгенде «Ақтөбенің дәмі» деп ұсынуға лайықты, азық-түлік өнімдерінен аймақтың бет-бейнесі деуге жарайтын сауда белгісі бар ма? Газет журналисі Ақтөбенің тамақ өнеркәсібінің жай-күйін, соның ішінде бізде бренд қалыптастыру ісінің неліктен кенже қалып отырғанын зерттеп көрген еді.

Бұрын болған, ал бүгін…

Асылы, азық-түлік саласында «Ақтөбенің бренді» деген атауға әбден лайық өнім түрі бұрын-соңды болмады деп айта алмаймыз. Олай жасасақ, тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан, сонау 1943 жылы 1 гектардан 201 центнер (!) өнім жинаған даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің аруағы кешірмес… Ойылдан шыққан әйгілі егіншінің мол табысын қайталай алғандар арамыздан шықпаса да, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Көпшіліктің, әсіресе өзге өңірдегілердің әлі күнге бізде өсірілген тарыға аузының суы құритыны рас.

2018 жылы облыста тары дақылының өнімділігі гектарына 9,4 центнерді құрады. Ал былтыр тары 3,9 мың гектарға егілді. Оның басым көпшілігі Ойыл, Қобда мен Қарғалы аудандарының үлесінде екенін айтсам деймін. Осы дақылға маманданған ірі шаруашылықтар — «Қазақстанның 30 жылдығы», «Степное», «Темір Тұлпар Батыс» серіктестіктері. Диқандардың таңдауы негізінен «Жарқын», «Шығанақ Берсиевті еске алу» сұрыптарына түседі, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.

Өңірде тары егістігінің аумағы азайған уақытта экспорт туралы айтудың өзі артық екенін ескерсек, төл тағамымызды өңдеу, оны жарнамалау жайы қалай шешіліп жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай… Жалпы, тары өндірісі біздің өңірде ғана емес, республикада өзекті мәселеге айналып отырғаны хақ. Агрономдар ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев ойлап тапқан сұрып түгілі, мол өнім беретін өзге де тұқымдардың келмеске кеткенін алға тартады. Тары тұқымының тапшылығынан бөлек, оны тұтынушыларға дайын күйінде ұсынатын өнеркәсіптің жоқтығы да «жығылғанға жұдырық». Десе де, бәрібір Ақтөбенің брендінің қатарында тары дақылы бар. Кез келген базарда осы жеңсік асты сатып алуға болады. Күллі республика жұртшылығының бізге жолы түскенде, қайтарда міндетті түрде төл тағамымызды саудалайтыны да шындық. Бірақ сан мен сапаның бұрынғыдай еместігін жоққа шығара алмаймыз…

Сол сияқты осыдан 10-15 жыл бұрын әр ақтөбелік қай жерге қонаққа барса да, қолынан «Құстың сүті» («Птичье молоко») қораптағы кәмпиті түспеуші еді… Шаһардағы кондитерлік фабрикада шығарылған тәтті сый алыс-жақын облыстарға жақсы таныс болғанымен, бүгінде шынымен келмеске кетті. Қазіргі кезде оның орнын басқандар, әрине, бар. Мағжан ақын айтпақшы, «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады»…

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Бренд сөзінің өзі ағылшын тілінен енген, қазақша тәржімалағандағы мағынасы — «таңба», «белгі» дегенді білдіреді. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл — көпшілікке жақсы таныс, атауының өзі оның не екенінен хабар беретін сауда белгісі.

«Өз тәттіміз бар!»

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеевтің айтуынша, әр кезеңнің өз мықтысы болады. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда елімізде Ақтөбенің тәтті тағамына тең келер дәм жоқ. Яғни өз брендіміз бар.

—  Мәселен, «Ваниль» кондитерлік компаниясы — сөзіме дәлел. Ақтөбе қаласының нарығында 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан олар облыс әкімдігінің қолдауымен «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 59 миллион несие сомасын субсидиялау түрінде алды. Бүгінгі таңда компания өз өнімдерін қаламыздағы 3 фирмалық дүкенінде, 2 сауда орнында жүзеге асырады. Ресейдің Орынбор қаласында да өнімдері сатылады. Бұл кондитерлік өнімдер қаламыздың тұрғындары мен қонақтары арасында өте жоғары сұранысқа ие болғандықтан, аталған өндірушіні өңіріміздің бренді деуге толықтай негіз бар. Соның ішінде компанияның шоколадтағы жентін білмейтіндер кемде-кем шығар?! Компанияның негізгі шикізаты — тары облысымыздың Ойыл ауданында өндіріледі. Екі брендіміз сол арқылы бір-бірін демеп, еліміздің атын шығаруда күш біріктіріп отыр, — дейді Асқар Амангелдіұлы.

Қазіргі таңда компания 300-ден астам кондитерлік өнімді шығарады. Шоколадпен қапталған жент — біздің төл өніміміз. Сала маманының сөзіне қарағанда, мұндай тәтті тағам Қазақстанның өзге ешбір өлкесінде әзірленбейді екен. Яғни тек Ақтөбеде жасалған! Жоғарыда аталған кәсіпорынның басшысы Зәуреш Еңсегенқызының өзі: «Бұл тағам түрі 2015 жылдың жаз мезгілінен бастап дүкен сөрелеріне қойылды. Ерекшелігі — сол, оны өзге еш жерден таба алмайсыз. Тағамды ойлап тапқан да, оны жүзеге асырып, тұтынушыларға ұсынатын да өзіміз. Бағасы салмағы мен қорабына қарай әрқилы. Тәттімізге қызығушылық білдіріп, жер-жерден сатып алушылар көп. Бұл бізді қуантады, әлбетте», — дейді.
Атымызды ағарған асқақтатса

Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова кез келген тауар түрінің бренд бола алмайтынын, ол үшін алдымен бағасына сапасы сай болу керектігін тілге тиек етті. Ең бастысы — өнімнің өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Сосын, әрине, жан-жақты жарнамаланғаны жөн. Ал сұраныс тұтынушылардың жоғары бағасы мен сенімінен кейін келетіні айтпаса да түсінікті.

— Ақтөбенің бренді ретінде алдымен сүт өнімдерін шығаратын «Айс» компаниясын айтуға болады. Осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан маман болғандықтан, олардың өнімінің өте танымал әрі сұраныста екеніне көзім жетті. Сүттен көптеген өнімдер дайындайтын компанияның айраны мен ірімшігіне көрші облыстар тарапынан да қызығушылық зор. Сондай-ақ, «Ваниль» кондитерлік өнімдерінен дәм татпағандар аз екеніне дау жоқ. Олардың жолын қуып келе жатқан «Вкусный дом» кондитерлік фирмасының атағы да соңғы уақытта дүркіреп тұр. Айналып келгенде Ақтөбенің бренді деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық азық-түліктердің жылма-жыл артып отырғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Бұл ең бірінші кезекте өңір экономикасына, танымалдылығына игі әсер ететіні әмбеге аян, — дейді Анар Даржанова.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық кәсіпкерлік басқармасынан білгеніміздей, жыл басындағы жағдай бойынша өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 68,6 мың. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 4,2 пайызға көп.

Арнаулы көрме-жәрмеңке өтпек

Әлгінде айтқанымыздай, Ақтөбеде шығарылатын өнім түрлері көп. Тамақ өнеркәсібі бойынша тары-талқан, сүт өнімдері, тәтті тағамдардан бөлек, бізде бірнеше жылдан бері консервіленген тосап та жасалады. Түрлі жеміс-жидектерден әзірленетін бұл дәмді ақтөбеліктер ғана емес, еліміздің барлық тұрғындары жер-жердегі супермаркеттерден сатып алып жүр. Яғни ішкі ғана емес, сыртқы да нарыққа шығарылатын тосапқа сұраныс айтарлықтай.

Сонымен қатар Қазақстан бойынша ақтөбелік омарташылардың қарқыны қатты. Біздегі балды көршілес жатқан мемлекеттің тұрғындары да ара-тұра саудалайтын көрінеді. Бұлар — брендіміз деуге болатын азық-түлік өнімдері. Әйтпесе, белгілі адамдар, болмаса тарихи-мәдени орындар, өнеркәсіптерді атағанда, еріксіз бірден Ақтөбенің ауызға ілігетіні бар.

Осы орайда мамандар экономика саласындағы Ақтөбенің брендін қалыптастыруда әлі де ізденістің қажет екенін алға тартады. Бұл мақсатта биыл жергілікті тауар өндірушілер арасында «Ақтөбенің жаңа бренді» көрме-жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

— Атқарушы биліктің ұйытқы болуымен осы жылы Ақтөбе облысының жергілікті тауар өндірушілері өндіретін азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп саласындағы тауарлардың ортақ бір шарасын өткізбекшіміз. Мақсат — Ақтөбеде жасалған өнімнің имидждік тартымдылығы мен танымалдылығын арттыру. «Ақтөбенің жаңа бренді» деп аталатын көрме-жәрмеңкеде келушілер бәрін тамашалап қана қоймай, саудасын да жасай алады. Яғни бұл берері мол жоба болғалы тұр. Қазіргі таңда осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде, — деп түйіндеді сөзін облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

 P.S. Ақтөбенің бұрыннан-ақ батырлар мекені, ағайынды Жұбановтар дүниеге келген таланттар өңірі екенін барлығы біледі. Бірақ, сөз басында айтқанымыздай, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі дамыған облыс үшін азық-түліктен де «Ақтөбенің бренді, міне, осы!» дейтіндей өнім қажет-ақ. Ол үшін аса көп ізденістің қажеті жоқ, материалда атап өтілген дәнді дақыл мен тәтті тағамдардың дәріптелуін кеңінен жалғастырсақ, осы саладағы кәсіпкерлердің ұсыныс-тілектерін ескерсек болғаны. Бұл — құзырлы органдардағы мамандардың «құлағына алтын сырға».

 …НЕ ДЕЙСІЗ?

Жолдас ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,

Темір ауданының әкімі: 

— Менің ойымша, өзімізде құнарлы тағамның түр-түрі бар. Тек соның жарнамасы кемшін. Мысалы, Ойыл ауданындағы балқаймақтың дәмін сөзбен жеткізу қиын. Ондайды мен басқа жерден жеп көрмедім. Неге соны бизнес көзіне айналдырып, Ақтөбенің бренді етпеске?! Сол Ойыл мен Ырғыздың балығы қандай! Әсіресе, сазаны бөлек. Балық шаруашылығын сол өлкелерде дамытсақ болады ғой. Шалқар мен Байғаниннің шұбаты ше? Мен үшін аталған аудандардың бренді — солар.

Сұлупан ШЫНТАСОВА,

Ақтөбе қалалық мәслихаттың хатшысы:

— Өзім бір үйдің келіні болғандықтан, ең әуелі қойдың еті — Ақтөбенің бренді дер едім. Соның ішінде үйітілген қойдың еті өзге өңірлерде кездеспейді. Оның дәмі де ерекше. Басқа қалалардағы араласатын достарым: «Қандай керемет! Мұндай Ақтөбеде ғана бар», — деп тамсанады. Сондықтан осыны бренд етуде күш салуымыз керек сияқты.

Жалпы, біздің жақтың еті дәмді ғой. Ет шаруашылығын Ақтөбенің брендімен байланыстырсақ, артық болмайды. Оның пайдасы да мол.

Марат ӘЙТІМОВ,

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, әнші:

— Азық-түлік өнімдерінен Ақтөбенің бренді, меніңше, «Степное» серіктестігінің шұжықтары. Өз басым соны сүйсініп жеймін. Өзге елдің өнімдерінен артық болмаса, кем емес.

Бұдан бөлек, біздегі сүт, нан, жентіміз де жақсы ғой. Басқа қалаларға барғанда, Ақтөбеден шығарылған өнім деп ұялмай апаруға болады.

Ләззат ЕГІБАЕВА,

облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі:

— Таңқурай тосабы — Ақтөбенің бренді. Тары, ет тағамдарынан кейін осы тәтті дәмді айтар едім. Өйткені бұл ерекше технологиямен жасалады әрі өзге облыстарда теңдесі жоқ. Өзім газетке материал жазғанда, оны өзге қалаларды айтпағанда, көршілес Ресейден де келіп, сатып алатындардың барын білдім. Сондықтан, меніңше, біздің облыстың кәсіпкерлік саласындағы бет-бейнесі — осы.

 Әлихан ҚОЙШЫБАЕВ,

мұғалім:

— Ет өнімдері біздің брендіміз деп ойлаймын. Себебі соғымды біздің облыстан келіп, арнайы сатып алатындар аз емес. Осы саланы жетілдіре түссек, керемет болар еді.

Сонымен бірге, кезінде бәріміз ішкен «Шалқар суы» сусынын айтар едім. Бірақ қазір дүкен сөрелерінен көрмейтін болдым… Қызығы сол — минералды сусыннан әлі күнге дәм татқым келіп тұрады (күліп).

Сәуле ЖАМАЛИҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері:

— Әрине, тары. Өйткені ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев — Ақтөбенің перзенті. Осында дәнді дақылдың көптеген түрі өсірілген және әлі күнге бізді осы тағам түрімен байланыстыратындар баршылық. Әр ақтөбеліктің дастарқанында тары тұрады десем, артық айтқаным емес. Өзім тарысыз шай ішпеймін. Мен сияқтылар көп (күліп).

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button