Басты жаңалықтарДенсаулық

Трансплантация өмір сыйлайды

Жыл сайын ішкі органдарын ауыстыруды қажет ететін науқастар саны өсіп барады.  Оның ішінде жасөспірімдер, еңбекке жарамды, орта жастағылардың саны көп. Ал науқасты айықтырудың бір жолы — донор табу. ҚР Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының органдар трансплантациясы жөніндегі үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев орган трансплантациясына қатысты сұхбат берді.

— Трансплантация мәселесінде дау тудырып жүрген жайттар бар. Әсіресе, мәйіттен органды алуға қатысты түсініспеушіліктер көп.  Осы мәселені кеңірек айтып берсеңіз?

— 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы  кодекс қабылданды. 2012 жылдан бастап ішкі органдарды ауыстыру қарқынды түрде дами бастады. Сол уақыттан бері көп жұмыстар атқарылды. Нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Үлкен күш пен еңбектің, тәжірибенің арқасында осы бағытта қыруар шаруа тындырылды. Қазір Қазақстандағы он  клиникада  ішкі органдар ауыстырылады.  Әлемде трансплантацияның қандай түрі бар болса, соның барлығы біздің елімізде жасалып жатыр. Бұрын бауыр, бүйрек, жүрек ауыстыру секілді күрделі оталар тек қана шетелде жасалатын. Науқастардың көпшілігі  сырт елге баруға мүмкіндігі болмай, көз жұматын еді. Ал донор мәселесіне келетін болсақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау» кодексінде донорға қатысты жеке бөлім бар. Заң бойынша органды тірі адамнан және мәйіттен алуға болады. Тірі донордан органды алу үшін донор мен реципиенттің арасында  генетикалық сәйкестік немесе органдар тінінің үйлесімділігі болу керек. Сонда ғана трансплантация жасалады. Органдардың тіні сәйкес келсе, организм өзге дене мүшесін жатсынбай, бірден қабылдайды. Әрине, бұндай сәйкестікті анықтау үшін түрлі зертханалық тексерулер жүргізіледі.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша егер адам тірі кезінде донор болуға қарсылық білдіріп, жазба қалдырмаса, дәрігер оның органын туыстарының рұқсатынсыз алып, науқасқа сала алады. Екі-үш рет заң бойынша әрекет етіп көрдік, өкініштісі, дәрігерлерді сотқа берген жағдай болды. Бірақ дәрігерлер заңда осылай жазылса да қайтыс болған адамның жақындарының көңіліне қаяу түспесін деп туысқандарынан рұқсат сұрап келді. Ал Парламент қаралымындағы  жаңа кодексте адам тірі кезінде донор болуға жазбаша келісім бермесе, көз жұмғаннан кейін оның туысқандарынан рұқсат сұрау керектігі  жазылған.

— Бұл мәселені тұрғындарға түсіндіре беру керек секілді. Себебі қазір донорға мұқтаж жандар көп…

— Ол рас. Тұрғындар осы мәселеге баса назар аударуы керек. Жыл сайын ішкі органдарын ауыстыруды қажет ететін науқастар саны көбейіп барады. Қазіргі күні елімізде үш жарым мың адам бар. Оның ішінде 2600 адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. Диализ алатын науқастардың да саны артып барады. Донорға мұқтаж жандардың қатарында еңбекке жарамды орта жастағы адамдардың саны көп.  2012 жылдан бері 1800 адамға ота жасалды. Олардың ішінде  бірі үйленді, бірі тұрмысқа шықты, енді бірі балалы болды. Осылайша бақытты өмірге қайта оралды. Осындай жайттарға қарамастан трансплантолог дәрігерлерді кінәлап, сотқа беретіндер бар. Трансплантолог —  күрделі әрі ерекше мамандық иесі. Бауыр ауыстыру операциясы 12 сағатқа созылады. Трансплантолог 12 сағат тікесінен тік тұрып, ота жасайды. Ал бүйрек ауыстыру кезінде 5-6 сағат тапжылмай тұрады. Бірақ науқас отадан кейін оянып, оның өміріне қуаныш сыйлағанда, бұл еңбектің зая кетпегенін түсінесің.

Отбасында бір адам ауырса, бәрінің көңілін мұң басады. Олар қуанып, күле алмайды. Науқас жақынымен бірге ұйқысыз күндерді басынан өткізеді. Олардың басында бір ғана ой тұрады. Ол — бауырымды, баламды аурудан қалай  құтқарамын. Ішкі органы жарамсыз  науқастың өмірін ұзартудың  бір жолы — донор табу.

Адам өлген соң денесі шіріп  5-6 жылда тек қана сүйегі қалады. Адамның денесі өледі — жаны қалады. Адам жаны мәңгі тірі дейміз. Мүмкін, солай шығар.  Біздің денеміз — жанымыздың киімі. Жан кеудеден шыққан кезде, оның киімін өзгелерге беруге болады. Донорлықты осылай түсінсек болады.

— Кейінгі кезде дәрігерлердің салғырттығынан қайғылы жағдайлар тіркеліп жатыр. Трансплантация мәселесінде де дәрігерге сенімсіздік танытатындар бар…

— Адам болған соң «мүмкін, науқас өлмеген шығар, дәрігерден қателік кеткен шығар» деген ой болары анық. Бірақ медицинада адамның өлгенін анықтайтын медициналық құралдар бар. Мәселен, жүрек соғысының тоқтағаны электрокардиогрофия, мидың өлгені электроэнцефалография секілді құралдармен анықталады. Науқасты бір дәрігер емес, бірнеше дәрігерден құралған консилиум анықтап қарап, содан кейін барып оның өлгені туралы шешім шығарады. Гиппократ антына адал дәрігер, науқасты ажалдан құтқаруға күш салады. Ешқандай дәрігер адамның өлгенін қаламайды. Дәрігер науқастың өмірін құтқарып қалу үшін бар мүмкіндігін салады. Өкінішке қарай, кейде қанша тырысса да  құтқара алмайтын жағдайлар кездеседі.  Жалпы екі жағдайда ішкі органдарды алу сұрағы туады. Біріншісі — бас ми жарақаты, екіншісі — инсульт кезінде. Бұндай жағдайда дәрігерлер шұғыл қимылдап, науқастың өмірін құтқарып қалуға тырысады. Бірақ бар мүмкіндікті жасаса да көмек көрсете алмайтын, күші жетпейтін кездер болады. Науқас көз жұмғаннан кейін дәрігерлер өз бетімен дене мүшелерін ала алмайды. Органды алу үшін басқа бригада келеді. Бір емес бірнеше бригада жұмыс жасайды. Біздің елімізде реципиентке донор арнайы  машина арқылы таңдалады. Донор туралы барлық мәлімет компьютерге түседі. Машина донордың мәліметі бойынша органның қай реципиентке тінінің сәйкес келетіндігін анықтайды. Мәселен, донор мен реципиент екі қалада болуы мүмкін. Осындай жағдай тіркелді. Донор  Солтүстік Қазақстаннан, ал  реципиент Ақтөбеден болды. Ұшақпен түнде органды осында әкеліп, ота жасалды. Ал науқастың өзі ақтөбелік емес, өзге қаладан келген екен. Сондықтан «дәрігерлер әдейі жасауы мүмкін» деген  күмән болмауы керек.  Реципиент өзіне кімнің донор болғанын білмейді. Біз айтпаймыз.

— Алда қандай жұмыстар атқарылады?

— Трансплантация — медицинаның шыңы. Елімізде ересектерден бөлек, балалардың ішкі органдарын  ауыстыру бойынша да ота жасалып жатыр. Жасанды жүрек қалпақшасын салу, фетальды жасуша мен діңгек (стволовые) жасуша арқылы емдеу әдістері қолданылады. Соңғы екі әдістің отаны — Ақтөбе. Облыста ПЭТ (позитронно-эмиссионная томография) салынып жатыр. Бұл да медицинаның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің медицинасы бір орында тұрған жоқ, алға жылжып келеді. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, ішкі органдарды ауыстыру секілді аса күрделі, жоғары технологиялық медициналық қызметтер біздің елімізде тегін көрсетіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button