Абай — 175

Ақынның қарасөздері насихатталды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті және «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Атадан қалған ескі сөз» атты танымдық кеш өткізді.

Шараға  департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі Марат Қойлыбаев, С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың маманы Ақмарал Мұқашева, Кеңқияқ ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ардақ Құбашева және жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.

Танымдық кештің шымылдығын ашқан департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов:

— Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абайдың қара сөздерінің ішінде үлкен тәрбие жатыр. Қазіргі таңда біздің жұмысымыздың басты мақсаты — жемқорлықтың алдын алу, яғни халық пен мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлық жасамау туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Осы орайда біз Абайдың қарасөздеріндегі адалдық пен парасаттылық, билік туралы айтқан қарасөздерін жиі пайдаланамыз. Қарасөздерді пайдалану арқылы біз тек өз жұмысымызды ғана жасамай сонымен қатар қазақ әдебиетінің мұрасын насихаттаймыз, —  деді. 

Кеш барысында қатысушылар Абайдың жетінші, он бірінші, жиырма тоғызыншы  қарасөздеріне талдау жасап, өз ойларын ортаға салды. Ал Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің жас ақындары Әкежан Аққабыл, Мақсат Ідірісов және Гүлім Тілепбергенова ақынға арнап жазған өлендерін жұртшылық назарына ұсынды.

Абай алтыншы сөзінде қазақтың «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақал төңірегінде философиялық мəнде ой өрбіткен. Ақын мақалдың екінші жартысындағы «тірлік» деген ұғымды терең талдайды. Жанын қорғап, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып жүретіндер дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ақын айтқан тірлік бұлар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың, — деп Марат Қойлыбаев Абайдың алтыншы қарасөзін талдап, өз ойын білдірді.

Айта кетейік, Абайдың қарасөздеріне арналған танымдық кешті өткізудегі басты мақсат — ұлы ақын шығармашылығын атамұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын жас ұрпаққа танытып, терең меңгерту, жастардың бойында ізеттілік, әділдік пен адалдық, парасаттылық қасиеттерін насихаттау және өскелең ұрпақ пен аға буын арасында сауатты ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру.

Зүлфия НАБИУЛИНА,

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің

баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button