Абай — 175

Қазақтың бойтұмары

Ақтөбе қаласының №13 кітапханасында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «BА´RЕKELDI» (Бәрекелді) атты интеллектуалды ойын-сауық бағдарламасы өткізілді.

«Кім білгір?», «Тауып көр», «Qwerty» сынды интеллектуалды ойын-сауық бағдарламасы арқылы оқушылар Абай Құнанбайұлын тек ақын, жазушы, ағартушы, сазгер ғана емес, сондай-ақ, оның әр сөзі — қазақтың бойтұмары екенін таныды.

Кітапхананың тұрақты оқырманы, кітап жанашыры Нұрхан Дүйсембаев қатысып, көп кітаптарының ішінен бала кезінен сүйіп оқыған және республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясына жалпы оқуға таңдалып алынған М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы оқушыларға түсінік беріп, Абай атамыздың өмірбаянынан тәлім-тәрбие, шығармаларынан рухани азық алуға шақырды.

№60 орта мектептің 9-сынып оқушылары интеллектуалды ойында білімдерін ұштап қана қоймай, Абай атамыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқады.

Шара соңында кітапхананың ережесі бойынша кітапханаға келген қонақтармен «Эмоция» ойыны ойналды.

Н.ҚҰЛЖАНОВА,

№13 қалалық кітапхананың меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

ӘКІМ ХАКІМНІҢ ӨЛЕҢІН ОҚЫДЫ

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай аудандық Мәдениет үйінде «Ұлы даланың тұлғалары» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекелік кеште қос тұлғаның өмірі сомдалып  еңбектері, өлеңдері бейнебаян арқылы көрсетілді. Кешке жиылған жұрт Абай туралы тың деректерге қанықты. Оқушылар қарасөздерін оқып, өлеңдерін жатқа айтса, өнерпаздар «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» секілді халық арасына кең тараған әндерін шырқады.  Салтанатты шарада аудан әкімі Асқар Қазыбаев Абай өлеңдерінің адамға берер тәрбиелік мәні мен мағынасының тереңдігі туралы әңгімелеп, өлеңін жатқа айтып берді.

Әл-Фараби мен Абайдың арасын жақындастырып, оларды үндестіруіміз керек. Бұл — халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Ақын мұрасы — қазақ үшін таусылмас мұра. Шығыс пен Батыстың әдебиетін ұштастыра білген оның туындылары біз үшін әлі де тылсымы терең әлем, — деген аудан басшысы Абайдың 175 жылдығына арналған мұндай шаралар жыл бойы жалғасатынын айтты.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button