АуылБасты жаңалықтар

Ауыл  шаруашылығынсыз алға басу жоқ

Дөңгелек үстел

«Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020-2025 жылдарға  арналған өңірлік бағдарламасы» жақында  Ауыл шаруашылығы министрлігінен қолдау тапты.

Мал тұқымын асылдандыру, астық тұқымдарын өсіру мәселелері Қазақ-орыс халықаралық университетінде өткен  дөңгелек үстелде талқыланды. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруа қожалықтары басшылары, жергілікті  ғалымдар қатысты.

Қой баққанға бітеді

1980-1990 жылдары Ақтөбе облысында 2 миллион 600 мың қой болса, соның тең жартысы цигай тұқымдысы болған. Қазіргі кезде өңіріміздегі  шаруа қожалықтары мен жеке адамдардың қорасында  900 мың қой  болғанымен, оның 52 пайызы кәрі саулықтар екен.

Соңғы жылдары  ірі қара өсіретін шаруашылықтар әр басты 200-340 килограммнан етке өткізіп жүр. 400-550 кг салмақпен де өткізіп жүрген шаруашылықтар бар. Бірақ  бұлар өте  аз. Өткен жылы әр сиырдан облыс бойынша  орта есеппен  2,5 мың литр сүт сауылды.

«Бүгінде орта есеппен әр қойдан 2 килограмм 100 грамм жүн қырқылады. Бірақ қазіргі кезде жүнге сұраныс төмен болғандықтан, фермерлер етті қой шаруашылығына көшті», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Жылма-жыл өңірімізде шаруашылықтарды субсидиялау көлемі артып келеді. Мәселен,  2010 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға өңірімізде 250 миллион теңге қарастырылған болса, 2019 жылы бұл көлем 9,2 млрд теңгені құрады. Бұрын субсидия  бірнеше бас асылтұқымды малы бар шаруашылықтарға ғана берілсе, қазір  қаржыландыру тәртібі өзгеріп, субсидия  асылтұқымды әрбір басқа  есептеледі.  Оны  қожалықтар асылтұқымды мал палатасы арқылы  сатып алады.

Өңірімізде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей қадағалауымен ғылыми жетістіктерді  өндіріске енгізу бағытында Үкіметтің №019 қаржылай қолдау  бағдарламасы іске аса бастады. Ғалымдар мал және өсімдік шаруашылығына  қатысты тиімді жобаларды ұсына алады. Ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы  қаржыландырылатын осы ғылыми жоба шарттары таяу күндері жергілікті баспасөзде жарияланбақшы.

Дөңгелек үстелде бұрын Исатай ауданының шаруашылықтарында ұзақ жыл бойы агроном болып жұмыс істеген азамат 1980 жылдары сүт өнімділігін арттырудағы тәжірибесімен бөлісті:

— Бұрынғы Исатай ауданындағы «Земледелец» колхозы қарабидайды күзде егіп тастап, оны шілдеде шауып алған бойы орнына рапс егіп тастайтын. Қазан айында егілген рапс адамның тізесінен жоғары болып өсті. Біз колхоздың сауын сиырларын осы рапспен азықтандырдық. Сүт ағыл-тегіл болды, әрі сиырларды осы жерге жайып, қарашаның ортасына дейін қораға байлаған жоқпыз. Міне, біздің сүтті көбейтудегі тәжірибеміз. Ал, қазір неге осылай істемейміз? Соңғы 5-6 жылдықта Қобда ауданында егін екпейді. Мұның себебі неде?

Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Раим Әбдірахманов былай деп жауап берді: «Қобда ауданында 20 мың гектардан астам жерге бидай, аздап арпа  егіледі.  Қазір егін егетін шаруашылықтардың көбі мал шаруашылығына ауысты. Аудандар қандай дәнді дақылды егетіндіктерін өздері шешеді».

Егін баптағанға шығады

— Былтыр облыста 452 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, әр гектардан орташа 8 центнерден өнім алынды. Байқауымызша, жыл сайын аз өнім алып жүрген шаруашылықтардың екі кінәсі бар: не сапасыз тұқымдар егеді, ия болмаса  жерге жеткілікті көңіл бөлмейді. Қарапайым мысал: егіс алқабы бір-біріне жақын көрші шаруашылықтың бірі әр гектардан 5 центнерден жинаса, екіншісі 15 центнерден  алады. Неге? Өйткені, бірі жерді уақытында дайындап жыртады, әрі тыңайтады. Екіншісі тек жерге тұқым тастасақ болды деп, еге салады да, оны күтіп-баптамайды, — дейді Раим Әбдірахманов.

Ауыл шаруашылығы  басқармасының мәліметіне қарағанда, Үкімет  шаруашылықтарға өз есебінен сатып алған тыңайтқыш сомасының  50 пайызын  қайтарып береді. Былтыр облыстық бюджеттен тыңайтқыштарға 279 миллион теңге, гербицидтерге 383 миллион теңге субсидия бөлінді. Былтыр  62  шаруашылық гербицид, 22 шаруашылық тыңайтқыш  алды. Биыл жергілікті бюджеттен гербицид пен тыңайтқышқа 200 миллион теңге  тағы  бөлінбекші.

Мал басын көбейту үшін жем-шөп дақылдарын көптеп өсіру керек. Осы мақсатта  соңғы жылдары егіс алқабын әртараптандыруға мән берілуде. Бұл дегеніңіз — бидай егісін азайтып, оның орнына  мал азықтарын көбейту жолы. Ол үшін суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру керек. Былтыр 8300 гектар суармалы шаруашылық қалпына келтірілсе, биыл  республикалық бюджет есебінен 10 мың 600 гектар жер қалпына келтіріледі. Жаңа  суармалы жерлерге мал азығы дақылдарымен қоса жеміс-жидек, көкөніс егу де жоспарлануда.

Қазақ-орыс халықаралық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мақсат Исмағұловтың айтуынша, бұрын  Ақтөбе тәжірибе стансасында өсірілетін цигай қойларының бүкіл шығыны оның жүні есебінен өтеліп тұрды. Жүні тапсырылып, ет комбинатына  өткізілген қойлардың сүйектері қала түбіндегі құс фабрикасы мен Хлебодаровка және  «Париж коммунасы» колхозындағы шошқаның жеміне кететін. Осылайша, қой жүнінің бағасы қымбат болды әрі өткізілетін жері болды. Соңғы 15-20 жылда ешкім  жүнді сатып алмайды. Сатып алғанның өзінде де су тегінге кетіп жатыр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар, қой басын көбейту үшін оның жем-шөбімен қоса, жүнін өткізу мен өңдеу ісін жолға қою керектігін айтты. Тағы бір қиындығы сол, бұрынғы уақытта еділбай, цигай, малыш қой тұқымдары көбіне  отар-отарымен бөлініп бағылса, қазіргі уақытта  олар  бір-бірімен араласып кеткен.  Бұл да күрделі мәселе.

Шегірткеге жем болмау үшін не істеу керек?

Осыдан кейін жаз шықса,  бүкіл алқапты жаудай шабатын шегірткемен қағаз жүзінде емес, шындап күресу жолдарын С.Бәйішев университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қобда ауданының шаруашылықтарында 15 жыл бас агроном болып жұмыс істеген Жақсылық Алманов айтып берді. 1999 жылы облыс шаруашылықтары шегірткенің  шабуылынан қатты зардап шекті.  Сол жылы шілдеде оңтүстік аудандардан ұшып келген зиянкес аз уақыт ішінде бүкіл алқаптарды тып-типыл етті.

Тәжірибелі агроном шегірткенің азаймауының  негізгі себебін  улау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен көреді. Шегірткеге қарсы  қандай у қолданатынын және алқаптарды қалай улайтынын «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік-қазынашылық кәсіпорны аумақтық басқармасының  басшылары ғана  біледі.  Олар пәлен гектарды уладық деп есеп береді. Расында олардың қанша гектарды улағаны тексерілмейді. «Фитосанитария» РМК  тендерді ұтып алады, улау жұмыстарына өз қызметкерлерін жібереді. Жақсылық Алмановтың ұсынысы — далалықтағы улау жұмыстарын ауыл шаруашылығы басқармасы, агрономдар, «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік-қазынашылық кәсіпорны аумақтық басқармасының қызметкерлері бірігіп жүргізуі тиіс.

1999 жылы шегіртке облысымыздың 400 мың гектар аумағын шабуылдап, одан соң 10 жыл бойы қарқыны  бәсеңдеді. Шегіртке 2009 жылы — 43 мың гектар, 2013 жылы — 492 мың, 2015 жылы — 609 мың, 2016 жылы — 277 мың, 2018 — 184 мың, 2019 жылы — 56 мың гектар жерге таралды. «Фитосанитария» РМК Ақтөбе филиалының болжауынша, биыл шегіртке шабуылы 25 мың гектар алқапты қамтымақшы. Облыстағы шегіртке маманы Жақсылық Алманов:  «Шегіртке  өте тез көбейетін, өте тез жетілетін зиянкес жәндік. Оның  жұмыртқа қауашағынан  аппақ болып шыққан тұқымы  аяғынан бастап тез қараяды. Өз салмағынан артық жейді. Неге? Өйткені, бұл тойымсыз жәндіктің ерекшелігі сол, 4 айдың ішінде тұқымын қалдырып өледі. Жұмыртқасын құмды жерлерге салады. Шегіртке оңтүстіктен шабуылдайды деп отырғанымыз сол. Жұмыртқаларын облысымыздың бес құмды аудандарында салады. Биыл Әйтеке би ауданында — 3 мың 200 гектар, Ойылда — 3 мың гектар, Темірде — 3 мың гектар, Шалқарда — 9 мың 700 гектар, Ырғызда  5 мың гектар аумақ шегіртке шабуылына ұшырайды деп күтілуде».

Өте өсімтал, әрі тез көбейетін шегіртке тамыздың аяғына дейін жұмыртқа салып, сосын өледі.  Жұмыртқалары қауашақтың ішінде болады. Оны 3 метрге дейін тереңде қалдыратындықтан, суықта үсімейді.  Сондықтан қыркүйектің ортасынан аса күн салқындай бастаған кезде  жерді жыртып тастау керек.  Бұл — бұрыннан келе жатқан агротехникалық әдіс. «Өйткені, қауашақтың ішінде жататындықтан, қыста  шегірткенің личинкалары өлмейді. Сыртқа шығып қалса, бірден үсіп кетеді.  Егер шегіртке қауашақтары жатқан ойпатты ерте көктемде су басса, жұмыртқалары салқыннан өліп қалады», — дейді Ж.Алманов.

Дүние жүзінде  шегірткенің 10 мың түрі бар. Тым көбейіп кетсе қауіпті зиянкес  үйірімен тек  бір бағытқа қарай  ұшады. Ұшып келе жатқанда, судан өтіп кете береді.  Егер бір шегірткені ұстап алып, оны басқа жаққа бұрсаңыз, ол бәрібір  қайта айналып өз бағытына бұрылады.  Ертеде аталарымыз шегірткенің шабуылын қайтаруда мынадай әдіске жүгінген. Қап-қара болып ұшып келе жатқан шегіртке үйірінің  алдынан өте терең шұңқыр қазып, ішіне  қураған қамыс салып қояды. Үйірлерімен бірінен соң бірі  шұңқырға құлаған кезде, дереу от қойып жағып жіберген.

Басқосуда айтылған тәжірибелі шаруашылық басшыларының сын-ескертпелері  «Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020-2025 жылдарға  арналған өңірлік бағдарламасына» қосымша ұсыныстар ретінде енгізілетін болды.

 Әзірлеген Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button