Тарих

Жұрт сыйлаған Жиекең еді…

Жылдар өтеді, айлар ауысады, буын алмасады, ұрпақ өзгереді. Бірақ соған қарамастан ел жадында есімі сақталып, көпшілік арасында жақсы аты үнемі аталып отыратын адамдар болады. Сондай жандардың бірі Жиенбай Шарбақов деп айтуға болады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында елімізде аумақтық және әкімшілік жүйелерде бірінен кейін бірі көптеген өзгерістер өмірге еніп жатты. Осы бағыттағы жаңалықтардың бірі — ауыл шаруашылығына басшылықты жетілдіру мақсатында сол кездегі аталуына сәйкес территориялық-өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастырылуы еді.

Шалқар ауданы бойынша бұл басқарма 1962 жылғы желтоқсан айының соңына таман құрылып, келер жылдың басынан қарқынды іске кірісті. Басқарма бастығы болып бұған дейін облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Кеңес Нокин, бірінші орынбасарлығына осы тұста таратылған Жұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Жиенбай Шарбақов тағайындалды. Өндірістік басқарманың партиялық ұйымдастырушылығына жетекшілікке Төлеу Алдияров сайланды.

Сол тұста мен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп келіп, 8 март колхозында бас зоотехник қызметіне кірісіп кеткен едім. Жаңа құрылымға сәйкес басқармаға зоотехник қызметіне шақырылдым. Осылайша ел басқарған ағалардың жанына жақындай түстім.

Қызметке кіріскеннен кейін бір айдан соң Жиенбай ағамен бірге «Жаңа жол» аталатын колхозға колхоз мүшелерінің жалпы жиналысын өткізуге бардым. Ол кісі барған бойда әзірлік мәселесін қарады. Өкінішке қарай, жалпы жиналыс өткізу үшін ешқандай құжаттар қолға алынбаған. Жағдайды тез бағамдаған Жиенбай аға басқарма төрағасының баяндамасы, басқарма мүшелерін сайлау, жалпы жиналыстың қаулысы жобасын әзірлеу секілді мәселелерге қатысты тәртіп берді де, негізгі шаруаларды маған жүктеді. Сол уақытта «Жаңа жол» колхозының экономикалық даму көрсеткіштері көп шаруашылықтардан едәуір ілгері болатын. Баяндамада сол жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктер де көрсетілді. Талқылауға басқарма мүшелері, колхозшылар еркін қатысып, пікірлерін айтты. Қысқасы, есепті жиналыс жоғары деңгейде өтті.

Аудан орталығына келген соң Жиенбай аға басшылыққа осындай жиналыстарды өзге шаруашылықтарда да өткізу туралы ұсынысын білдірді. Ол, әрине, қолдау тапты. Мен Жиенбай ағамен бірге тағы да бірнеше колхозда болдым.

Менің байқағаным — ол кісінің өмірден көргені мен көкірегіне түйгені көп екен. Колхоздың мал-мүлкі кооперативтік ортақ меншік болғанымен, оны өркендету мен сақтаудағы, дамытудағы орын алып отырған олқылықтарды шаруашылықтарды аралап, құжаттармен танысқаннан кейін бірден дөп басып табады. Іссапардан оралғаннан кейін тікелей бастығыма менің аз да болса еңбегімді бағалап, мақтау сөз айтқаны мені қуантты, қанаттандырып, алға жетеледі.

Территориялық өндірістік басқарма өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқару үшін ұйымдастыру жұмыстарын кең көлемде жүргізіп үлгерместен, ел аузында жиі айтылатын қаһарлы қоян жылы да келіп жетті. Экономикасы мен техникалық жарақтануы мешеу колхоздар қысқа қажетті жем-шөп қорын дайындай алмады, бұрын бірде-бір стандартты мал қоралары салынбаған. Апталап соққан көз аштырмаған боран мен қатты аяздарда қатынас қиындады, қолдағы шөп қардан аршылып, малға берілмеді. Жедел әскери техника жұмылдырылғанымен, жағдай түзелмеді. Нәтижесінде малдың үштен екі бөлігі шығынға ұшырады. Жағдай стихиялық апат деп бағаланып, көптеген басшылар жауапқа тартылудан аман қалды. Осындай ауыр тұста Жиекең ат үстінен түскен жоқ. Қиындық көрген малшы қауымымен бірдей күй кешті.

Жазда колхоздар таратылып, олардың орнына он совхоз құрылды. Жабылған аудандар қайта ашылды. Жиенбай Шарбақов осы құрылымдар кезінде аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

Егер 1965-1975 жылдар аралығы Шалқар ауданының барынша жаңа даму кезеңі болды десек, аудандағы екі басшының бірі Жиекеңнің көтеретін жауапкершілік жүгі де, атқарған жұмысы да аз емес-ті.

Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын совхоздар ашылғаннан кейін құрылыстар аумағы көбейді. Көптеген мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар бой түзеді. Стандартты мал қоралары көптеп салына бастады. Аудан көлемінде үш газ компрессорлық станциясы пайдалануға берілді.

Қой шаруашылығы жедел қарқынмен дамыды. 1970 жылға қарай оның саны бұрынғы мөлшеріне жетті. Мемлекетке мал өнімдерін өткізу көлемі жыл өткен сайын ұлғая берді. Өндіріс орындары бірқалыпты дамыды. Өндірістік кәсіпорындардың көмегімен телемұнара тұрғызылды. Осылайша Шалқар қаласының тұрғындары облыста алғашқылардың қатарында теледидар көруге қол жеткізді. Шалқар қаласына газ тарту мәселесі де Мәскеумен, Свердловскімен түрлі келіссөздер жүргізу арқылы оңтайлы шешілді. Бұл аудан халқына көрсетілген нағыз игілікті іс болды.

Аудандық тұрмыстық қамту комбинаты мен киім тігу цехтары ғимараттары салынып, пайдалануға берілді, осыған байланысты жаңа жұмыс орындары ашылды.

Шалқар қаласынан медбикелер даярлайтын мектеп пен кәсіптік-техникалық училище ашылды. Осы жылдар ішінде аудан тұрғындарының жалпы тұрмыстық жағдайлары түбірімен жақсарды.

Осындай жаңа жетістіктерге жету жолында аудан халқын еселі еңбекке жұмылдыра білген басшылардың бірі — аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Жиенбай Шарбақов болатын.

Ол жаратылысында нағыз би адам еді. Жиекең туралы сол кездің өзінде «өткен заманның билерінің жалғасындай кең пейілді, кең ойлы» деген әділ пікір қалыптасқаны ақиқат жайт-ты.

Аудандық кеңестің сессиялары мен атқару комитетінің отырыстарында қаралатын мәселелердің барлығына тиісінше мән беріп, мұқият қарайтын. Қазақша да, орысша да таза сөйлейтін. Өзі де ерекше сауатты адам, қызметкерлерінен де барлық құжаттардың дұрыс дайындалуын талап ететін. Ұзақ-сонар бос сөзге, қажетсіз дәлелдемелерге жол бермейтін, нақты шешім қабылдауды, шешімдердің мерзімінде орындалуын қатты бақылауға алатын.

Ол кездері басты билік, соңғы сөз аудандық партия комитетінің қолында болды. Өзі де кезінде аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші, кейіннен бірінші хатшы болған ол партиялық әдепті, партиялық басқару принциптерін жақсы білетін. Аудандық кеңестің жұмысын Конституциялық заңдылық талаптарын сақтай отырып ұйымдастырды.

Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі отырыстарында бірінші хатшы Төлеу Алдияров «Жиеке, сіз не дейсіз?» деп пікірін сұрап отыратын. Оның ұсыныс-пікірлері ескеріліп, тиісті қаулылар қабылданатын.

Жиенбай ағамыз қарамағындағы орынбасарларымен, бөлім, мекеме басшыларымен тіл табысып, үйлесімділікте жұмыс жасады. Ол кісінің қатты дауыс көтеріп, артық кеткенін байқаған емеспіз. Көпшілік, халық арасында беделі зор болды.

Демалысқа, сапарға шығатын мекеме басшылары ол кісіні хабардар етіп, келісімін алатын. Жиекеңнің тағы бір ерекшелігі — өтінішпен келген азаматтарды уақытпен санаспай қабылдап, әрқашан көмектесуге ұмтылатын. Оның адамдарға жасаған көмек-қолдауларын замандастары жақсы біледі.

Сол кездегі қалыптасқан үрдіске сай оны Шарбақов жолдас немесе Жиенбай Шарбакович демей, көпшіліктің Жиекең атандыруы оған көрсетілген зор құрметтің өмірдегі көрінісі деп білеміз.

Осы арада жалпы оқырман үшін асыл ағаның өмірбаянына қысқаша тоқтала кеткім келеді.

Ол 1920 жылғы 1 наурызда Мұғалжар ауданы Жаңажол селосында дүниеге келген. Ата-анасы шаруа адамдар болған. Әкесі Шарбақ (шынайы қойған аты – Наушарбан), анасы Зағипа. Олардың екі перзенті болған. Үлкені Өмірзақ, 1918 жылғы, сосын Жиенбай. Ол бес жасында әкесінен айырылып, жетім болып өседі.

Білім алуға талпынған жас жігіт Темір қаласындағы педагогикалық техникумды 1939 жылы үздік бітіреді. Ол кезде аталған оқу орны білім беру жөнінен кейінгі институттардан кем түспейтін-ді деп айтатын ағаларымыз.

Жиекең терең білім алып шықты, орыс тілін жетік меңгерді. 1936 жылдан 1939 жылға дейін Темір аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. 1939 жылғы тамыз айында өз еңбек жолын бастады. Туған жері «Заря Октября» колхозындағы жеті жылдық мектепте директордың оқу бөлімі бойынша орынбасары және орыс тілі мен тарих пәнінен оқытушы болып тағайындалды. Ол отыз тоғызыншы жылдардың аяғына дейін мұғалім болып жұмыс істеді.

1939 жылғы желтоқсан айында Қызыл армия қатарына шақырылып, Ленинград қаласында 112-атқыштар полкінде қызыл әскер ретінде сапқа тұрады. Одан кейін Белорус әскери округінің Бобруйск қаласында әскери автомобиль-трактор училищесінің курсанты болып оқиды. Оны бітірген соң лейтенант шенімен Нижний Тагил қаласында 2-полктың танкі ротасы командирінің техникалық бөлімі бойынша орынбасары болады.

1943 жылдың қаңтарынан соғысқа Брянск майданында взвод командирі болып кіреді. Әрі қарай 1-Украин майданының гвардиялық танк армиясының құрамында рота командирінің орынбасары болады. Төртінші гвардиялық танк армиясы Мәскеу түбінде ерлікпен шайқасты, Сталинградқа қайта шабуыл жасады, Донбасты, Украинаның оңтүстік жағалауын, оның батыс облыстарын босатты, Берлин үшін күресті, Праганы азат етті.

Жеңістен кейін 1947 жылға дейін аталған армия құрамында 152-дербес отрядтың бастығы болды.

Елге келген соң мектеп директоры қызметіндегі Жиекеңді Жұрын аудандық партия комитетіне шақыртып, үгіт және насихат бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды. Сөйтіп, Жиенбайдың партия қызметі басталады.

Майдандағы және еңбектегі ерліктері үшін Жиенбай Шарбақов

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталды.

Жиекең зайыбы Алуаш апа екеуі тату-тәтті елу жылдай бірге ғұмыр кешті. Олар алты бала тәрбиелеп, барлығын да білімді маман, азамат қылып тәрбиелеп шығарды.

…1997 жылдың ақпан айында Жиенбай ағаның өмірден өткені туралы хабар келіп жетті. Азаматтық биік тұлғасымен, пайымды парасатымен халықтың ықыласына бөленген асыл жанды ақтық сапарға шығарып салу үшін бір кездері өзі қызмет атқарған Шалқар өңірінен арнайы делегация жолға шықты.

Жалпы облыстың сан салалы экономикасын көтеруге өзіндік үлес қосқан аға буын өкілі — Жиенбай Шарбақовтың қайраткерлік, ұйымдастырушылық еңбегі, ізгілікті іздері ешқашан да мәнін жоймайды. Оның ардақты есімі мен тағылымдық істері туралы кейінгі ұрпаққа жеткізу — ағамен бірге қызмет атқарған, тәлім-тәрбиесін, шапағатын көрген біздің парызымыз.

Халықта «Жақсы адам жақсылығымен өзіне ескерткіш орнатады» деген сөз бар.

Ол бүкіл адамгершілік болмысымен жақсы адам атанып, атқарған ісімен зор абыройға ие болған еді…

Қалмақан ТӨЛЕУОВ,

Шалқар ауданының құрметті азаматы,

ауыл шаруашылығы саласының үздігі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button