Рухани жаңғыру

Болашақ дәрігерлер «жыл патриотын» анықтады

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде университетішілік «Жыл патриоты» интеллектуалды-шығармашылық байқауы өтті.

Университеттің ең белсенді студентін анықтап, жас буынға үлгі боларлықтай нағыз патриотты таңдауды мақсат еткен шараға облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Санжар Жайлыбай, университеттің қоғамдық-саяси кафедрасының аға оқытушысы Бекзат Молдин, мәдени-көпшілік жұмыстары жөніндегі маман Ақмарал Смағұлова мен жастар ісі жөніндегі маман Ақжүніс Жәленова төрелік етті.

Сайыстың бірінші кезеңінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университетішілік эссе байқауы жарияланып, 20-дан астам жұмыстың ішінен 6 эссе жоғары бағаланып, екінші кезеңге өтті.

Байқаудың екінші кезеңінде студенттер өздерін таныстырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мен Конституциясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы сұрақтарға жауап берді. Ал өнер сайысында патриоттық тақырыптағы әндер айтып, күй шертіп, ұлттық би биледі. Сайыс барысында туған жер туралы өлеңдер де оқылды.

Сайысқа қатысқан бірнеше студент ішінен озып шыққан жалпы медицина факультетінің студенті  Аружан Ізтлеуова мен фармация факультетінің студенті Үміт Азаматқызы «Жыл патриоты» атағына ие болып, кубокты жеңіп алды. Жеңімпаздарға  университет ректоры атынан диплом мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 А. БЕРКІНБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button