Басты жаңалықтар

Ақтөбе мен Қарақалпақстан арасындағы ынтымақтастық нығаяды

Кеше Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастаған делегация Қарақалпақ Республикасының астанасы Нөкіс қаласына келді.

Облыс әкімін  Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязов қабылдады. Екі өңірдің басшылары Ақтөбе облысы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды нығайту жөнінде пікір алысты. Нақты ұсыныстар айтылып,  оны жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Содан кейін өңір басшылары екі жақтың делегация өкілдері бас қосқан жиынға қатысты.

— Оңдасын Сейілұлы бастаған барша ақтөбеліктерге қош келдіңіздер деймін. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген сөз бар. Ендеше,  екі өңір арасындағы ынтымақтастық нығая түскен сайын барыс-келісіміз күшейе түседі, — деді Мұса Ерниязов.

Өз кезегінде Оңдасын Оразалин ақтөбелік делегацияны ерекше ықыласпен күтіп алып жатқандығы үшін Мұса Ерниязовқа зор алғыс айтты. Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеті басшыларының бастамасымен екі ел арасындағы қарым-қатынастың күн санап күшейіп келе жатқандығын, соның бір көрінісі бүгінгі кездесу екендігіне тоқталды.

Бұдан кейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер кеңесінің орынбасары — Инвестиция және сыртқы сауда министрі Бақытжан Хабибуллаев екі өңір арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту жөніндегі меморандумға қол қойды.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин бастаған делегация И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейіне бет алды. «Құмдағы Лувр»  атанған бұл музейде жүз мыңға жуық экспонат бар! Соңғы жылдарда негізгісіне жалғастырып, екі қосымша ғимарат салыныпты. Бүгінде 20 мың шаршы метрді иеленіп жатқан музей соның өзінде бір мезгілде өз жауһарының 3 пайызға жуығын ғана көрсете алады екен. Сондықтан көрме залдарын жиі ауыстырып тұруға тура келеді.

Музейде облыс әкімі Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік және С.Бәйішов университеттерінде оқып жатқан студенттердің бір бөлігімен кездесті. Қ.Жұбанов университетінің оқытушысы Жұмабай Атаниязовтың айтуынша, қазір аталған оқу орындарында күндізгі, сырттай бөлімдерде және қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша мыңға жуық бала оқиды.

Музей ғимаратындағы залдың бірінде облыс әкімінің  жергілікті қазақтармен кездесуі өтті.

— Үстірттің екі жағында орналасқан Ақтөбе мен Қарақалпақстан ежелден барыс-келісі, алыс-берісі мығым өңірлер. Өткен ғасырдағы  түрлі зобалаңдарда көп қазақ осы бауырлас Қарақалпақ елінен пана тапты. Осы жерде өсіп-өнді. Сондықтан да менің бұл топыраққа деген ықыласым ерекше. Қазір екі мемлекет басшыларының мұрындық болуымен екі жақты қарым-қатынас жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Ертең Үргеніште екі мемлекеттің Үкімет басшылары бас қосқан үлкен жиын болады. Сол жиында көтерілген  мәселелер ағайын арасын жақындастыра түсетіні  анық.

Ақтөбе — Қазақстанның батысындағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Бүгін мен мұндабасқармабасшылары мен бизнес өкілдерінарнайыертіпкелдім. Тетігінтапсақ, біргеатқаратыншаруакөп. Мысалы, екімемлекетқазірБозойғадейінгіжолдысалыпжатыр. Соларадағыөткізупунктіашылғандаорасанзормүмкіндіктерпайдаболады, — дедіОңдасынСейілұлы.

Еңбек ардагері Көптілеу Құлатаев, оның зайыбы Шамшырақ апай, біршама жыл Қаңлыкөл ауданын басқарған Толыбай Ибрагимов бауырлас елдердің ынтымағы жөнінде әңгіме өрбітті. Еңбек ардагері Мұрат Мұқанов ақтөбелік ағайынға жылы лебізін арнады. Қарақалпақстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының басшысы Жанжайхан Дәрменов жергілікті биліктің жасап отырған қамқорлығын сезініп отырғандарын білдірді. Кездесу өте жылы рәуіште өтті.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин музейді аралап көрді. Музей директоры Гүлбахар Изентаева әрбір экспонаттың тарихын білетін нағыз өз ісінің маманы екен.

Оңдасын Сейілұлы музейдің альбомына өз қолтаңбасын қалдырып, ұжымға Доңызтаудың табиғаты бедерленген картинаны сыйға тартты.

Облыс әкімінің сапары бүгін де жалғасады.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Нөкіс қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button