Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасымен кездесті

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновпен кездесті.

«Қазпошта» АҚ-ның өңірдегі жоспарларын талқылауға бағытталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, қала әкімі Мавр Абдуллин, ақпараттандару және сыртқы байланыстар, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен білім, кәсіпкерлік басқармалары басшыларының орынбасарлары және «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының міндетін атқарушы Қосыбек Бөлекбай қатысты.

«Алға қойған жоспарларымыздың басым бөлігі әлеуметтік салаларға байланысты болғандықтан облыс тұрғындары үшін «Қазпошта» АҚ қызметтерінің тиімділігі мен жоспарларын талқыламақпыз», — деп атап өтті облыс әкімі.

Басқарма төрағасы Ақтөбе облысында «Қазпошта» АҚ-ның 169 филиалы жұмыс жасап тұрғандығын жеткізіп, аймақта  жаңа жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін облыс басшысына алғыс білдірді.

Сәкен Сәрсенов облыс әкіміне әлеуметтік пакет санын арттыру, ауылдық елді мекендерде «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің жабылуына жол бермеу, Ақтөбедегі кәсіпкерлерді бір арнаға топтасырып, франчайзинг жүйесі арқылы қызмет көрсету сынды бірқатар ұсыныстарын айтты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған ұсыныстарды мұқият зерделеп, өзінің орынбасары Қайрат Бекенов пен қала әкімі Мавр Абдуллинге  нақты тапсырмалар берді.

Айтып өтейік, «Қазпошта» АҚ Ақтөбе қаласы бойынша 41 мың  әлеуметтік карта берген. Бұл көрсеткіш жылдың соңына дейін 100 мыңға жеткізіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button