Жаңалықтар

Мүгедектер құқығы қалай қорғалып жүр?

Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалында мемлекеттік мекеме басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерінің қатысуымен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, облыста 27 мыңнан астам мүгедек бар, оның 3650-і — бала. Сондай-ақ, ол былтыр олардың қажеттіліктеріне 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінгенін, осы қаражаттың миллионға жуығы гигиеналық және ортопедиялық құралдарға, протездер мен санаторий-курорттарда емделуге жұмсалғанын, ал биыл мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтып берді.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Нонна Валиулова, өкінішке қарай, балалардың мүгедектігі көбейіп кеткенін, оның негізгі себебі — ата-аналардың жүктілікті жоспарлау мәдениетінің төмендігі, жүктілік кезіндегі патология, аурудың кеш анықталуы және соған сай оны түзету де кеш жүруі екенін әңгімеледі.

— Жүктілікті жоспарлағанда көбінесе аналардың денсаулығына мән береміз де, әкелер денсаулығы тыс қалып жатады. Осыны да ескеру керек сияқты. Айтпақшы, 1 қаңтардан бастап ересектерге көптеген аурулар бойынша мүгедектік 5 жылға берілетін болды. Бұрын ең ұзақ мерзім 2 жыл болатын,   — деді Нонна Валиулова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова да балалар мүгедектігінің көбейгенін тілге тиек етіп:

— Биылдың өзінде 134 бала түрлі ақаулармен туды. 102-сіне операция, 77-сіне оңалту шаралары жасалды. Осыдан он жыл бұрын құрсақтағы балада ақау табылса, жүктілікті үзетін. Қазіргі таңда мұндай жағдайда тууға жол беріледі. Себебі, бірқатар ауруларды оңалтуға, түзетуге болады, — деді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева инклюзивті балабақшалар мен оңалту орталықтары жаңадан салынып жатса да, әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда құлағы естімейтін 120 баланың колледждерде оқып жүргенін, алайда оларға арналған мамандықтардың шектеулі екенін мәселе етіп қозғады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауға, жағдайын түзетуге қатысты тағы да басқа әңгімелер айтылды. Жиын соңында Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға қатысты осы жерде  айтылған әңгіменің түйінін, анығы, нақты ұсыныстар мен биылға арналған жоспарлар облыстық мәслихат сессиясында қаралатынын жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button