Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы сақтық шаралары күшейтіледі

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Төлешов соңғы үш жылда 70,15 км су тасқыны қауіпті өзендердің түбін тереңдету, жағалауын бекіту және тазалау жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сонымен бірге 18,5 км аумақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4,1 км уақытша қорғаныс бөгеті салынды.

Су тасқыны қауіпті учаскелер төлқұжаттарына түзету енгізу барысында 12 мың тұрғыны бар су басу тәуекелі аймағына енетін 33 елді мекен анықталды. Кешенді жоспар және Жол картасын жүзеге асыру аясында су тасқыны кезеңінде 10 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.

Биылғы қаңтар айының 20 жұлдызынан бері төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» мекемесімен бірлесіп Елек және Қарғалы өзендері бассейндеріне зерттеу жүргізуде, соның нәтижесінде қар жабындысының орташа мөлшері 16,8 см екенін көрсетті.

Қазіргі уақытта Ақтөбе су қоймасында 184 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында 242,9 млн текше метр, Сазды су қоймасында 6,8 млн текше метр еркін кеңістік қоры бар. Ақтөбе қаласының және облыстың елді мекендері аумағынан қыс басталғалы бері 75 мың тоннадай қар шығарылды. Су тасқыны кезеңінде жұмыстар атқару үшін 73,3 тонна жанар-жағармай, 7,5 мың тонна инертті материалдар, 24 мың данадан астам қапшықтар дайындалып, 422 бірлік техника, жалпы саны 13 мыңнан астам адамды уақытша орналастыруға болатын 79 пункт әзірленді.

Баяндамашы сондай-ақ «2017-2020 жылдарға су тасқынының алдын алу және салдарларын жою жөніндегі кешенді шаралар» Жол картасын жүзеге асыру барысы туралы хабардар етті.

Төтенше жағдайлар департаменті, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазгидромет» филиалы және басқа тиісті мекемелер басшыларын тыңдаған облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

«Су тасқынына қарсы комиссиялар тиімді жұмыс істеуі тиіс, аудандарда және Ақтөбе қаласында шараларда әрекет етуге тиісті барлық қызметтердің әзірлігін ұдайы тексеріп тұру қажет. Биылғы жылы қар аз түсті деп босаңсуға болмайды. Барлығы да қардың қалай еритіндігіне байланысты», — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Жиын барысында көп қабатты тұрғын үйлердің өртке қарсы жағдайы мәселесі де қаралды.

Өткен жылы облыстың тұрғын үй секторында 502 өрт орын алды, оның 63-і көп қабатты үйлерге тиесілі. Биыл жыл басынан бері 15 өрт оқиғасы болды. Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2017 жылдан бері облыста 93 елді мекенді өрттен қорғайтын 23 өрт бекеті құрылды, ағымдағы жылы Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Алға, Байғанин және Ойыл аудандарында тағы да сегіз бекет іске қосылады.

Өрттен қорғау бекеттерін арнаулы техникамен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Қазіргі уақытта 23 бекеттің 6-сында ғана өрт сөндіру машинасы бар, тағы да 21 көлікке қажеттілік белгіленіп отыр.

Облыс әкімі көп қабатты үйлердегі қаптама материал — алюкобондыны ауыстыру, тұрғын үй нысандарында өртке қауіпсіздігін күшейту шараларын қабылдауды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button