Мәдениет

Табиғат пен адам — театрдағы премьераның негізі

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Лавина» спектаклінің премьерасы өтті. Түрік драматургі Т.Жүженоғлының аталған драмасын тамашалағандардың қатарында облыс әкімі Оңдасын Оразалин де болды.

Қойылым, аты айтып тұрғандай, бір ауылдағы табиғат апаты һәм адамдардың бойындағы үрей-қорқыныш, психология тақырыбымен астасып жатыр. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, тау жақта тұратын ауыл тұрғындары көшкіннің кесірінен ұдайы бір-бірімен сыбырлап сөйлесуге, тіпті үнсіз жүруге мәжбүр. Олар жылдың үш-ақ айында ғана өзара еркін әңгімелесе алады, үйлерінен шығып, қонаққа барады. Табиғаттың осынау ерекше «мінезі» адамдардың күнделікті тіршілігіне қалай әсер етеді, спектакль сол жайында өрбиді.

Ақтөбелік көрермен қауым «Лавинада» Полина Савицкая, Уәлихан Кенжебаев,  Руфина Ибрагимова-Кылосова, Анна Говорова, Иван Гильдебранд, Максим Винс, т.б. актерлердің ойынына куә бола алады. Қойылымның өзі театрдың шағын залында өтті.

Айта кетейік, биыл қазақ труппасы 29-шы, ал орыс труппасы 55-ші маусымын ашты. Бүгінде ұжымда барлығы 55 актер қызмет етеді. Өнер ұжымы ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай оның 45 қарасөзі мен жылдың 4 мезгіліне арнаған өлеңдері қамтылған, ерекше жанрдағы пьесаны ұсынғалы отыр. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Ақтөбеден шыққан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы, т.б. атаулы даталар да театр тарапынан ескерусіз қалмайды.

Тағы бір жаңалық — жыл басталғалы театр фойесінде ақтөбелік актерлермен кездесу өткізу дәстүрге айналмақ. Сыр-сұхбат айына 2 рет өтеді. Сол арқылы ұйымдастырушылар артистер мен көрермен арасындағы байланысты одан сайын нығайтып, екі тараптың бір-бірін жете тани түсуіне жағдай жасамақ. Мұндай жүздесулердің уақыты мәдениет мекемесінің әлеуметтік желідегі парақшаларында алдын ала хабарланып тұрады.

— Өзім де жас болғандықтан, шығармашылық адамдарына тәжірибе алмасып, ой бөлісетін, жалпы таным көкжиегін кеңейтетін шаралардың аса қажет екенін түсінемін. Сондықтан биылдан бастап педагог, режиссер, өзге де елге белгілі сала мамандарымен шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алдық. Жыл басында алматылық актер Ерлан Кәрібаев, белгілі хореограф Серік Сариев көрген-білгендерімен бөлісіп кетті. Алдағы уақытта мұндай басқосулар жалғасын табатын болады, — деп атап өтті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button