Спорт

Батыр атындағы жүлде сарапқа салынды

Шалқар ауданында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтің жүлдесі үшін бокстан 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Батыс аймақтық чемпионаты өтті.

Жарысқа еліміздің Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан 140-қа жуық боксшы қатысып, ел чемпионатына қатысушы спортшылар құрамы іріктелді.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Маңғыстау облысының командасы жеңімпаз атанса, ІІ орынды Батыс Қазақстан, ІІІ орынды Ақтөбе облыстары иеленді. Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Шамбалаев жарысты жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Жұманов пен аудандық мәслихат депутаты, В.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры С.Жоламановты және бірқатар спортшыларды Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловтың Алғыс хатымен марапаттады.

«Үздік техникасы» мен «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларымен Марат Әнуарбекке (Атырау облысы), Айталы Аманғалиұлына (Ақтөбе облысы) спорттық статуэткалар табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тапсырыспен дайындалған медальдармен және кубоктармен марапатталды.

Әсем ИСМАИЛОВА,

В.Цеханович атындағы

№1 мамандандырылған

балалар-жасөспірімдер

спорт мектебі директорының

 оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button