Басты бет » Мәдениет » Шәмші шығармаларынан шашу шашылды

Шәмші шығармаларынан шашу шашылды

Эстафета

Ақтөбеде композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен флешмоб-эстафета өтті. Қазақ вальсі королінің 90 жылдығына орай өткен шараны Алматы ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Аудандық әкімдік алаңында басталған шараға қала әкімі Мавр Абдуллин мен композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова және Ақтөбедегі Шәмші Қалдаяқов атындағы қордың төрағасы Қайырғали Арыстанғалиев қатысты.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Мавр Абдуллин Шәмші әндерін шырқауға жиналған ақтөбеліктерге өз алғысын білдіріп, композитор әндерінің халықтың жүрегінде мәңгілік екенін айтты.

— Шәмші Қалдаяқов — әр қазақтың жүрегінен орын алған тұлға. Бірнеше буын өкілдері Шәмшінің әндерін тыңдап өсті. Оның әндерін дәріптеу, насихаттау — біздің басты міндетіміз. Бүгінде бірде-бір отырыс Шәмшінің әнісіз өтпейді. Осындай айтушысы мен тыңдаушысы барда Шәмші әндері ешқашан ұмытылмайды, — деді Мавр Абдуллин.

Шараға Шымкенттен арнайы келіп қатысқан Райхан Қалдаяқова Шәмші әндерін қазаққа ортақ мұра ретінде бағалап, дәріптеп жүрген ақтөбеліктерге алғысын жеткізді.

— Ақтөбе — біздің бабаларымыздың ізі қалған мекен. Кезінде осы құтты мекенде Шәмші ағамның өзі де қызмет жасап, осы жерден әскерге аттанған болатын. Ағаны еске алып, тоқсан жылдығын тойлап жатқан ақтөбеліктерге отбасымыздың атынан алғыс айтамын, — деді Райхан Қалдаяқова.  

Алматы ауданы әкімдігінің алдында басталған шара Қурайлы елді мекеніндегі Мәдениет үйі мен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының алаңында жалғасты. Бұл күні Ақтөбе аспанында Шәмші әндері қалықтап, композитор туралы естеліктер айтылды.

Шара соңында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев Шәмші әндерінен флешмоб өткізу эстафетасын Шәмшінің туған жері Түркістан облысының Отырар ауданына тапсырды. Мұндағы мақсат  — халықты Шәмшінің 90 жылдығын Қазақ елінің барлық аймағында атап өтуге шақыру.

Айта кетейік, биыл Қазақ вальсі королінің туғанына — 90 жыл. Ал 29 ақпан күні композитордың қайтыс болғанына  28 жыл болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.