Жаңалықтар

Ұшқыштар тұзақ құрып, компас жасады

Әскер

Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының отызға тарта ұшқышы қыс мезгілінде экстремалды жағдайларда тірі қалу курсынан өтті.

Курсты аталған Әуе қорғанысы күштері әскери институты бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, полковник Асқар Ізбасов өткізді.

Жазушы Борис Полевой тірі қалудың таңқаларлықтай үлгісін «Нағыз адам туралы аңыз» кітабында бейнелеген. Басты кейіпкердің прототипі аңыз ұшқыш-жойғыш, Кеңес Одағының Батыры Алексей Маресьев барлық ұшқыштар үшін батырлық пен төзімділіктің үлгісі бола білді. Сондықтан ұшқыштар үшін тірі қалу тәжірибесі — қажетті жағдай.  Экипаж командирі және команда әуе кемесін апаттық түрде немесе қажет болған жағдайда тастап кету кезінде таныс емес жергілікті жерді бағдарлап, қолда бар құралдардан уақытша қорғанатын пана жасауды, от жағып, тамақ тауып, суды жылытуды және жарақаттанған экипаж мүшелеріне алғашқы көмек көрсете білуі қажет.  Әуе кемесінің ақауын байқағанда,  ең бастысы — дүрлікпеу керек. Экипаж әуеде болғанда апаттық жағдайда екенін, координаттары, курсы, биіктігі және жылдамдығы туралы дабыл береді. Осы мәліметтер бойынша әуе кемесінің құлайтын болжамды орнын анықтайды, бұл іздестіру-құтқару командасының тапсырмасын жеңілдетеді. Ұшақты  болмаса тікұшақты тастап кетерде экипаж мүшелері бір-біріне көзбен шолу арқылы үнемі бақылау жүргізеді. Жерге түскеннен кейін бірге жиналып, түтінді бағдарға алып, апат орнына барады. Әуе кемесінің жанында міндеттерін бөледі, жерді шолып шығады. Ұшқыштың автономдық жағдайда тірі қалуына көмектесетін барлық құралдар оның құрылғылар таситын апаттық қорында жинақталған. Бұл жиынтыққа кесетін құрал, алғашқы көмек қобдиша, тамақтанудың жеке рационы, сонымен қатар компас, сіріңке, тұщыландыратын дәрілер және басқалары кіреді. Таситын апаттық қор бірнеше тәулікке жетеді, — деді А.Ізбасов.

Әуе кемесінің апатты жағдайында тірі қалу тақырыбындағы сабақтарда нұсқаушылар жас ұшқыштарды тәжірибе жүзінде ыдыссыз суды қалай қайнату керектігін, оны дәрінің көмегімен тұщыландыру, қардан, мұздан және парашюттік куполдан жеке қорғану панасын құрастыруды үйретті. Сол сияқты жабайы аңдарды аулауға арналған құрылғылар үшін тұзақ құруды, алғашқы көмек көрсету  шараларымен қатар, дене бөліктерінің сынуы, сіңірдің созылуы және басқа да жарақаттар кезінде тасымалдаудың жолдарын  көрсетті.

Батыс өңірінің климаттық жағдайларын ескере отырып, жергілікті мекенді бағдарлай білу тақырыбындағы дәрісті әскери институты авиациялық оқу-жаттығу орталығының аға ұшқышы, майор Талғат Кұлжанов оқыды. Ол Ақтөбе облысының ерекше табиғи құбылыстары, әуе массасы бағыттарының өзгеруі туралы айтып берді. Ол сабақ барысында үйренушілерге қарапайым инеден компас жасау бойынша лайфхак көрсетті.

Курс тыңдаушылары үшін барлық сабақ эскадрильялар арасындағы жарыс түрінде өтті. Бағалау барысында меңгеру тереңдігі мен тәжірибелік тапсырмаларды орындау сапасы ескерілді.

Мамандардың айтуынша, аталған институтта мұндай шаралар жыл сайын өткізіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button