Әлеумет

Инватакси — нақты қамқорлық

Мұғалжар ауданы бойынша 1576 мүгедек есепте тұр. Ал 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 263. Жақында Мұғалжар ауданының тірек қимылы бұзылған ерекше адамдарына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы негізінде «Halyk bank» қолдауымен инватакси берілді. Бұл игі іске себепкер — үнемі мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытып жүретін «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова. Бұл туралы бізге Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кәмшат Құрманалина айтып берді.

  • Инватакси қызметін бірінші топтағы мүгедектігі бар, жеке оңалту бағдарламасында көмекші немесе арба міндетті деп көрсетілген жандар пайдалана алады. Олар арнайы диспетчерге хабарласып, тапсырысты алдын ала береді. Орта есеппен бір тапсырысты орындау үшін 40-60 минут уақыт кетеді. Себебі, инватаксидің арнайы арба мінетін пандусының түсіріліп, қайта көтерілуі, арба дөңгелектерінің бекітілуі біршама уақыт алады. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы мамандандырылған инватаксимен қажетті жерге барып-келу ыңғайлы әрі қауіпсіз, — дейді К.Құрманалина.

Мұғалжар аудандық ауруханасында рентгенолог болып қызмет атқаратын Кендебай Қалмұратов қызметіне бару үшін инватакси қызметін пайдаланып жүр.

  • Қаламызға мамандандырылған инватакси қызметі келгеніне өте қуаныштымын. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл үлкен көмек. Жұмысым аяқталған сәтте диспетчерге хабарласамын, инватакси 10 минутқа жетпей келіп болады. Кейде босамай да жатады. Біз көппіз, ал бір такси бәріне қайдан үлгерсін? Алдағы уақытта да осындай инватаксилердің саны артса, жақсы болар еді, — дейді К.Қалмұратов.

Ал туғанынан церебральды сал ауруына шалдыққан Исахан Қалдыбаевтың анасы Ләззат Бердалиева баласының аптасына екі мәрте аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып, өзі ұнататын нәрселерімен айналысатынын, түрлі суреттер бояйтынын айтады. Мамандандырылған инватаксидің келгеніне қуанған ана: «Осы уақытқа дейін Исаханды жергілікті әкімдіктің жеңіл автокөлігімен апарып-алып келетін едік. Биыл қаламызға инватакси келіп, қуанып жатырмыз. Аурухана, сауықтыру орталықтарына, шаштаразға бару үшін біз қазір осы инватаксидің қауіпсіз қызметін пайдаланамыз», — дейді. 

Инватаксиді пайдаланушылар Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс күндері сағат 9.00-18.00 аралығында 3-46-67 байланыс телефоны арқылы хабарласып, алдын ала бір күн бұрын тапсырыс бере алады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

 Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button