Әлеумет

Сараптамадан өткен сапалы пакеттер

Бұдан былай ойылдық балалар әлеуметтік пакеттің пайдасын көре бастайды. Аудандық жұмыспен қамту орталығында аудан әкімі А.Қазыбаевтың қатысуымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет табысталды.

Табысы аз отбасылардың әр баласына ай сайын тауар, тағам түрінде берілсе, тоқсан сайын тұрмыстық химия заттары тегін таратылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін бұл көмекті қаңтар айында 156 отбасы бойынша 225 бала алған. Аудан орталығынан басталған әлеуметтік пакет ауылдық округтерде беріле бастады. Балаларға арналған тауарлар арнайы сараптамадан өткен, күнделікті тұтынатын сапалы, дәрумендерге бай тағамдармен қамтылған. Мұндай әлеуметтік пакетті жергілікті кәсіпкер Г.Әліп дайындайды. Себебі, оның наубайханасы мен азық-түлік шағын маркеті көп жылдан бері үздіксіз қызмет көрсетіп тұр.

Әлеуметтік пакет егіз бала болса, екеуіне де беріледі. Яғни бір үйде 6 жасқа дейін қанша бала болса, сонша бала алады. Бұл — табысы аз, тұрмысы төмен отбасылардың жалақыларына едәуір көмек. Әлеуметтік пакеттің тауар түрінде берілуі тиімді. Өйткені балалар күн сайын дәруменге толы тамақ ішеді. Ал ақшалай берілсе, басқа әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалып кетуі мүмкін, — дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Иманғалиев.

Айта кетсек, бұл бөлім мектеп жасына дейінгі балалардың несібесін қадағалайды.  Ал мектеп жасындағы оқушыларға аудандық білім бөлімі киім-кешек, оқу құралдары және тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.

Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button