Құқық

Шақырусыз келген қонақтар

Заң

3726 іскерлік және 274 жұмыс визасы, 26 фигурант, Қазақстанда, Қырғызстанда және Қытайда жұмыс істеген 48 жалған кәсіпорын. Осындай   қылмыстық әрекеттен түскен табыс 1 300 000 АҚШ долларынан асты.

Кейбір адамдар заң мен моральдық нормалардан аттай отырып баюға болады деп ойлайды. Сондай тәсілдердің бірін О.Бахриденова да пайдаланбақшы болған. Ол Қазақстан аумағына шетелдіктерді заңсыз кіргізумен айналысу мақсатында белсенді жұмыс істей бастайды. Осы мақсатта ақпараттық технология мен электрондық-цифрлық қолтаңба бағыты бойынша жақсы білетін В.Жанғазинмен танысып, электрондық үкімет порталы арқылы бұл іске мүлде қатысы жоқ адамдардың атына жалған фирмаларды тіркейді. Оңай олжаға дәніккен О.Бахриденова алдында кездесетін тәуекелдерді мүлдем ескермейді. ҰҚК жедел уәкілдерінің басым бағыттарының бірі заңсыз көші-қонның жолын кесу екендігі белгілі. ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері тексерулер барысында аталған компанияның осы салада жұмыс істейтін басқа компаниялармен салыстырғанда айтарлықтай көп виза мақұлдағанын байқайды. Тексеру мақсатында жедел уәкіл фирма орналасқан жерге барғанда ол жерде жеке үй тұрғанын көреді, ешқандай кеңсе жоқ екеніне, болуы да мүмкін емес екеніне көз жеткізеді.

Үй қожайынан сұрау алу нәтижесінде Қазақстанға шетелдіктерді заңсыз кіргізу бойынша алаяқтықтың ықтимал жолы анықталды. Осындай фактілердің нәтижесінде 2017 жылдың қазан айында жедел зерттеу жүргізілді. Тергеу көрсеткендей, Атырау тұрғыны О.Бахриденова алты жалған компанияның мүддесін қорғай отырып,  Атырау облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасындағы өзінің қылмыстық байланыстары арқылы 429 шетелдікке іскерлік арнасы бойынша қолдаухатты заңсыз келіскен.

Істі зерттеу барысында ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері астанада орналасқан тағы бір қылмыстық топты анықтады. Алаяқтар компанияларды тіркеу үшін О.Бахриденова сияқты заңсыз жолмен алынған электрондық-цифрлық қолтаңбаларды пайдаланған. Одан әрі жалған кәсіпорындардың әрекетін заңды етіп көрсету үшін жалған сенімхаттар дайындалып, олар бұрынғы нотариустың қалпына келтірілген мөрлерімен, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласының жұмыс істеп тұрған нотариустарының мөрлерімен расталған.  Мөрлерді жалған сенімхаттардың көмегімен полиграфиялық компанияларда жасаған. Одан әрі жалған ұйымдар атынан Қытайда және Қырғызстанда тіркелген фирмалармен қызмет көрсетуге жалған шарттар жасалған, бұл құжаттар да нотариустарда түпнұсқаларды көрсетпестен расталған. Жалған шарттар негізінде шетелдік азаматтарға шақыру хаттар ресімделіп отырған.

Қылмыстық топты ҚХР азаматы Чиу Тонгкун мен Нұр-Сұлтан тұрғыны Э.Нұрқанова басқарған. Осылайша екі пысық азаматтың одағы 2014-2016 жылдар кезеңінде шетелдегі консулдық қызметтердегі сыбайластары арқылы шетелдіктерге 2000-нан аса шақыру ресімдеуге мүмкіндік берген. 2017 жылғы қаңтарда виза берудің жаңа қағидаларының енгізілуіне қарамастан, араны ашылған теріс пиғылдылар тоқтай алмады. Визалық қолдауды кедергісіз келісу туралы алдын ала уағдаластық бар көші-қон қызметінің басқармасында өңірлерде жалған кәсіпорындарды тіркеудің жаңа тәсілдері пайда болды.

Теріс пиғылдылардың заңсыз әрекетінің ауқымы, жүйелілігі, қылмыстық байланыстары ҰҚК жедел уәкілдерін таңғалдырды, олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау және Қызылорда қалаларында, сондай-ақ Қырғызстан мен Қытайда тіркелген 48 жалған кәсіпорынды анықтады. Сондай-ақ қылмыстық топқа Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері жәрдем көрсеткен.

ҰҚК Атырау облысы бойынша қызметкерлері күдіктілердің кінәлі екендіктеріне қатысты жеткілікті дәлелдер жинап, оларды ұстау туралы шешім қабылдап, оны бір мезгілде еліміздің бірнеше өңірінде жүргізеді. Операция алаяқтар мен қолы таза емес мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілді. Нәтижесінде 20 адам ұсталып, оларды 2019 жылғы ақпан және қазан айында сот кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айыру мен шектеуге, сондай-ақ ақшалай айыппұлдар төлеуге үкім шығарды. Осы қылмысқа қатысқан ҚХР-дың екі азаматы және Қазақстанның бір азаматы халықаралық іздестіруде, тағы үш адамға қатысты тергеу іс-қимылдары жалғасып жатыр.

ҰҚК-нің осы операциясы қызмет бабы бойынша көші-қон мәселесіне байланысты мемлекеттік органдардың өкілдеріне оң ықпал еткен сияқты. Енді осындай арналардың көмегімен елімізге әртүрлі қылмыстық элементтердің, террористер мен басқа да қылмыскерлердің өтіп кетпейтініне сену ғана қалады.

Дегенмен, бұл жайт заңды тұлғаларды тіркеуді және көші-қон қызметінің жұмысын реттейтін заң актілерін қайта қарау керектігін көрсетті. Электронды үкімет порталында заңды тұлғаларды қағаз жүзінде тіркеу, нотариустардың өз уәкілеттіліктерін теріс пайдалану мәселелері ашық күйінде қалып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті іске асырған бұл операциялардың нәтижесі басқа да мемлекеттік органдарға қатысты көптеген мәселелердің бар екендігін көрсетті.

М.ТАБЫН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button