Басты жаңалықтар

Тұтынушылар құқығы қалай қорғалады?

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, қала әкімінің орынбасары, аудан басшылары қатысқан жиында облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңы жобасының таныстырылымын жасады.

Баяндамашының мәліметінше, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі барлық мемлекеттік органдар мен 208 үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қамтиды. Халықтың басым бөлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесіне сенімі әлсіз. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 87%-ы құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу дерегін растайды, бұл ретте 29%-ның жылына 7 реттен аса құқығы бұзылған. 2018 жылы халық арасындағы сауалнамаға сәйкес  мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейі 51%-ға төмендеген. Тұтынушылардың 64% өз құқықтарын қорғалмағандығын айтқан. Осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі проблемаларына тұтынушылардың сауатсыздығы,  тұтынушылардың қарапайым құқықтарын бұзғаны үшін кәсіпкерлердің жазасыздығы сынды т.б себептар айтылады.

«Облыста тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Жақында ғана облыс әкімдігінің қолдауыммен салааралық жұмыс тобы құрылды. Олар тұтынушылардың құқығын қорғау, сауаттылығын арттыру жұмыстарымен айналысады», — деп атап өтті облыс әкімі.

Департамент басшысы сөз ретінде салааралық жұмыс тобы облыс әкімінің қолдауымен еліміз бойынша алғаш болып жүзеге асырылып отырғандығын жеткізді.   Сонымен қатар облыс әкімі аудандарда тұтынушылардың құқығын қорғау институттарын ашу қажеттігі жайлы ұсынысқа  қолдау білдірді.  Аталған мәселеге қатысты аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button