Жаңалықтар

Жолдың жайын жүрген білер…

Қыс айлары да аяқталуға жақын. Жердің қысқы «көрпесі» — қардан тазарған кезде жылдағы әдет бойынша жолдың әңгімесі басталатыны айқын. Әсіресе, жөндеу көрмей, жөндеу көрсе де, жамауы «сөгілген» жолдар көлік жүргізушілерінің басты мәселесіне айналады.

Ақтөбе қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы — 651 шақырым, оның 300 шақырымында асфальт-бетон жамылғысы бар.

Қала әкімінің баспасөз қызметі берген дерек бойынша, өткен жылы облыс орталығындағы автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты 18 жобаны жүзеге асыру үшін 5,4 млрд теңге бөлінген. Осы қаржыға 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр: Қарғалы тұрғын алаптарындағы жол, «Keruen City» орталығы жанындағы жол көпір өткелі, Сельмаш ауданындағы жол өткелі және Ақжар-2, Заречный-3,4 тұрғын алаптарындағы жолдардың құрылысы жүргізіліп, 5 шағын ауданындағы жол өткелі, Мәңгілік ел, Арынов көшелері, Сәңкібай батыр даңғылы бойында жолдарға реконструкция жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Мөңке би, М.Мәметова, Байғанин, Құлымбетов, Нариманов, Өтемісов көшелеріндегі, Өрлеу және Кірпішті тұрғын алаптарының арасындағы, Бекқұл баба, Ясный тұрғын алабындағы жолдар күрделі жөндеуден, Бөкенбай батыр көшесіндегі жол орташа жөндеуден өткізіліп жатыр.

Қала әкімі Мавр Абдуллин биылғы халыққа есебінде «қазіргі таңда 11,8 млрд теңге болатын автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 40 жобалау-сметалық құжаты бар екендігін, осы жобалар толығымен жүзеге асырылған кезде асфальт жамылғысымен қамтылған автомобиль жолдарының саны 80 пайызға дейін жететінін» айтты.

Биылғы жоспар бойынша да бірнеше көшедегі жол күрделі, орташа жөндеуден өткізілмек. Мәселен, Сельмаш көпірі маңында жол өткелінің, Батыс-2 шағын ауданындағы «Айлин» балабақшасына апарар жолдың, Сәңкібай батыр даңғылынан Тәуелсіздік көшесіне дейінгі аралықтағы жолдың, Нұр Ақтөбе, Заречный-3,4, Ақжар елді мекендерінде бірнеше жолдың құрылыстары жүргізіліп, Мәңгілік ел, Арынов көшелеріндегі жол реконструкциядан өткізілмек.

Сондай-ақ, қаладағы бірқатар көшедегі жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Мәселен,  Өтемісов, Нариманов, Әуезов, Гарнизонная көшелері, Бекқұл баба, Кірпішті, Құрашасай, Пригородный ауылдарындағы бірқатар жолға күрделі жөндеу жасалады.

Ембі, Бөкенбай батыр, Жанқожа батыр, Герцен көшелеріндегі жолдар орташа жөндеуден өткізілмек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button