Экономика

Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкерлер

Баспасөз туры

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын халыққа насихаттау мақсатында «Бизнестің жол картасы- 2025» бағдарламасының игілігін көріп, кәсібін дөңгелентіп отырған бірнеше объектілерге баспасөз турын өткізді. Тур барысында журналистер «Шинторг-Центр» ЖШС мен «РИДК» фитнес орталығында, «Дентко» стоматологиясы мен «Моголь» кондитерлік наубайханасында болып, олардың жұмыс жасау барысымен танысты. 

Журналистер алдымен мемлекеттік қолдауға ие болған «Шинторг-Центр» серіктестігіне барды. Нарықта 2001 жылдан бері автомашиналар мен авто-аксессуарларын көтерме және бөлшек сауда ретінде сатумен айналысып келе жатқан мекеменің Ақтөбе қаласының өзінде бірнеше сауда алаңдары бар. Сондай-ақ компанияның Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Хромтау, Қандыағаш, Мәртөк аудандарында  филиалдары жұмыс жасайды.

Кәсіпкер Ерғазы Оспанов негізін салған серіктестік 2019 жылы Ақтөбе қаласында өзінің тағы бір  техникалық қызмет көрсету сервисін ашты. Кешеннің құрылыс жұмыстары «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы іске асырылған. Кәсіпкерге несие Халық банкі арқылы 14 пайыздан 7 пайызға дейін төмендетіліп берілген.

—  Елімізде өз кәсібін бастап, жұмыс жасаймын деген азаматтар үшін мүмкіндік зор. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы біз секілді кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Ал Еуропа қайта құру және даму банкі бізге бизнеске жүйелі басқаруды енгізу бойынша консультациялық көмек көрсетті. Бұл жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді, — дейді Ерғазы Оспанов.

Жаңа техникалық қызмет көрсету сервисінің ашылуының нәтижесінде компанияда  20-дан астам жаңа жұмыс орны іске қосылған. Бүгінгі таңда кәсіпкер 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мамандар біліктілігін арттыру жұмыстары да бір жүйеге негізделген.

Бұдан соң журналистер мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз жұмысын бастап, кеңейтіп келе жатқан «РИДК» фитнес орталығында болды. Аумағы 1200 шаршы метрді алып жатқан фитнес орталығы ақтөбеліктер үшін 13 жылдан бері қызмет етіп келеді.

2012 жылы фитнес орталығының құрылтайшысы Константин Демиденко кардио-залға арналған жабдықтар сатып алып, фитнес орталыққа құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізу үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы  жылына 7 пайыздық несие алады. Кейін компания 2019 жылы өз қызметін кеңейту мақсатында жылына 6 пайызбен 16,4 миллион теңге көлемінде  «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие рәсімдейді.

— Бизнес саласында келе жатқан азамат ретінде мемлекеттің кәсіпкерлерге жасап жатқан қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді. Осы жылдар аралығында біз мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс жасаудың жеңіл әрі тиімді екенін түсіндік. Экономиканың басым секторларында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бұл бағдарламалардың кез келген кәсіпкер үшін берері мол, — дейді кәсіпкер.

Іске қосылғалы бірнеше рет кеңейіп, құрал-жабдықтарын жаңартқан фитнес орталығында жұмыстың барлық маңызды көрсеткіштерін есепке алу осы уақытқа дейін қолмен жүзеге асырылып келген. Бизнес-үдерістерді есепке алуды автоматтандыру бағытында кәсіпкерге Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері консультациялық көмек көрсетіпті.

Журналистер барған үшінші нысан — «Дентко» стоматологиялық клиникасы болды. Тұрғындарға 1996 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан тіс емханасы балалар мен ересектерге арналған заманауи стоматологияның барлық түрлерін ұсынады. Өзінің жабдықталуымен еуропалық деңгейге сәйкес келетін стоматологияда кеңес беру, рентгенодиагностика, терапия, хирургия, физиотерапия, ортопедия және имплантология кабинеттері бар.

Аталған кабинеттерді қазіргі заман талабына сай, келушілерге ыңғайлы етіп жасау мақсатында емхана құрылтайшылары 2016 жылы «Қазкомерцбанк» арқылы 3 жыл мерзімге 19 пайызбен 16 миллион теңгеден астам несие алады. Кейін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына қатысу арқылы несие мөлшерлемесін 12 пайызға төмендету мүмкіндігіне ие болады. Ал 2017 жылы тіс емханасы «Ресей жинақ банкі» АҚ арқылы 5 жылға 16 пайызбен төлейтін несие рәсімдеп,  «Бизнестің жол картасы- 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіпкерге аталған соманың 7 пайызы субсидияланады. Ал қалған  9 пайызын кәсіпкер өзі төлейді.

Бүгінгі таңда компанияға мемлекет тарапынан төленген субсидия көлемі шамамен 6,4 миллион теңгені құрайды.

Стоматология меңгерушісі Ксения Долголеваның айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен тіс емханасына маркетинг департаменті енгізіліп, бір жылға маркетингтік талдау әзірленген.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының белсенді қатысушыларының бірі — «Моголь» кондитерлік наубайханасының иесі Мира Жұмағалиева. Кәсіпкер өз ойын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы «Банк Центр Кредит» банкі арқылы 3 жылға 14 пайызбен 84 миллион теңге көлемінде несие рәсімдейді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы рәсімделген несиенің 10 пайызын мемлекет, ал қалған 4 пайызын кәсіпкердің өзі төлеп отыр. Төленген субсидия құны шамамен 18 миллион теңге.

Ал  Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен компания мақсатты аудиториясын анықтап, өз кәсібіне «Моголь» жаңа брендін ұсынды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында белсенді жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8,6 пайызға артып, 59,1 мың бірлікті құраған. Аталған салада 147 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылыпты.

Ал 2010 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы Ақтөбе облысында құны 141,8 миллиард теңгеден асатын 1118 жоба бойынша субсидия мақұлданып, жалпы сомасы 19,7 миллиард теңгеге 539 жоба бойынша кепілдік берілген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button