АуылБасты жаңалықтар

Аманкелдіге адам келмей ме?..

Жуырда газетіміздің өткен сандарының бірінде Алға ауданы, Аманкелді ауылының бір топ тұрғындары жазған хаты жарияланған болатын. Онда мектептің жабылу қаупі бар екені, ауылда жұмыс көзі, бос тұрған үйлердің табылатыны туралы жазылып, ауылға отбасылардың көшіп келуін сұраған. Одан кейін редакцияға сол ауыл туралы нақты білгісі келетін, егер жұмыс, үй болса көшіп баруға ниетті оқырманнан хат түсті. Осыған орай қос газеттің журналистері Амангелді ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауылдың тынысымен танысып қайтты.

Жастары қалаға кетіп, қарттары қалған ауылдардың бірі — Алға ауданының Қарабұлақ селолық округіне қарасты Аманкелді елді мекені. Онда қазір 30 түтін бар. Кезінде 60 үйлі ауылдың тең жарымы көшіп кеткен. Аудан орталығынан 60 шақырым, округтен 12 шақырым жерде орналасқан шағын ауылдың шаруасы мал бағу ғана.

Табысын төрт түліктің өсімімен тауып отырған елді мекенде 200-ден аса адам тұрады. Бұл жақта ауыз су мәселесі шешілген. Су құбыры әрбір үйге кіріп тұр. Ұялы байланыс желісі болмағанымен кей жерлерден ұстайды. Бұл жалпы округ бойынша шешімін күткен шаруаның бірі. Жіңішке өзенінің бір саласында орналасқан ауылдың айналасында бұлақ көп. Сондықтан малдары таза, салқын су ішкендіктен қысқа қоңды түседі. Барлық үй сауынсыз отырмайды.  Оның сүтін ұқсатып, сары май, қаймақ, құрт секілді өнімдерін ауданға апарып сататындар бар. Қазіргі таңда қойы төлдеп, сиыры бұзаулап отырған ауылдың ағарғаны тегін.  Жаздай отын-шөбін үйіп алады. Ол жақта бір көлік шөп 25 мың теңге болса, көмір 20 мың теңгеге келеді. Аудан орталығына такси 500 теңге алса, қалаға дейін 1000 теңгемен жетесің.  Жалпы тұрмыстық жағдайын шешіп алған ауылдың күн көрісі тәуір. Малдың арқасында көбі қаладан үй сатып алған. Ауылда 5-6 тракторшы бар. Олар мал азығын өздері дайындап, артылғанын сатады. Ірі қара малдарын күтуге қосады, Тұрақты бақташысы бар. Ауыл айналасындағы өріске талас жоқ. Мал еркін жайылады. Тұрғындардың татулығы, ауызбіршілігі, ұйымшылдығы өте жоғары. Бір-біріне қол қайырымы жақсы, адал. Сондықтан көбі үйіне құлып сала бермейді. Себебі, ұрлық деген онда атымен жоқ. Аудан орталығынан ауылға дейін көтерме жол бар. Оның 28 шақырымы қатты жабынды төселген. Тұрғындар жолдан онша қиындық көрмейтінін айтады. Биылғы боран басқан  жол қардан аршылған. Жеңіл көлік жүре алады.

Бұл ауылға село орталығы Қарабұлақтан газ тарту мәселесі көтеріліп жүр. Бірақ негізгі проблема ол емес.

Маманы бар, баласы жоқ

Ажары кетіңкіреп қалған ауылдың айтары — адам саны.  Ауыл үшін әр отбасының  орны ерекше, құшағын жайып қарсы алмақ.

Аманкелділіктердің жанайқайы мектептің жайы. Өткен жылы Аманкелді негізгі мектебінде 32 бала болған. Беріде 3 баласы бар бір отбасы көшіп кетіп, 29 бала қалды. Әр сыныпта екі баладан оқиды. Ең көп сыныбы 6 оқушыдан аспайды. Биылғы білім күнінде мектепке баратын бала жоқ. Демографиялық өсім өте төмен.  Жылына бір-екі сәби ғана өмірге келеді екен. Мектепте 16 мұғалім бар. Егер негізгі мектеп жабылып, бастауыштық деңгейде мектепке айналса, оның да тең жарымы жұмыстан қысқарады. Бұл ауылдың одан әрі азайып кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан мектеп директоры ауылға адам шақырып, тым құрыса бір-екі отбасыны көшіріп келуге үгіттейді. Егер мектеп бастауыштық деңгейге түссе қайтадан 9 жылдық білім ошағына айналуы неғайбыл. Мектеп 1974 жылы салынғанымен жалпы жағдайы жақсы. Электр тоғымен жылиды. Бұл жөнінен шағымы жоқ. Қыста жылы, жазда қоңыр салқын. Төрт жыл бұрын төбесі шатырланып, ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектептің жалпы алаңы —239.7 шаршы метр. Білім сапасы жөнінен аудан бойынша жақсы көрсеткішке ие.

Біздің негізгі мәселеміз де мектептегі бала санын тұрақтандыру. Ауылға екі- үш баласы бар отбасы көшіп келсе, қуанамыз. Мұнда бала тәрбиесіне жақсы көңіл бөлінеді. Икеміне қарай түрлі мамандықтарға баулимыз. Бірақ ендігі оқу жылына бала жоқ. Жылма-жыл төмен түсіп келе жатырмыз. Мектеп жасында екі-үш баласы бар отбасылар көшіп келсе мектепті сақтап қалуға мүмкіндік бар, — дейді мектеп директоры Балдырған Нұрмұқанова.

Ауыл жайлы толық айтып берген мектеп директоры мұнда 3 жыл бұрын келген. Қазір ол жерден кеткісі келмейді. Ауылдың жылы ықыласына, тірлігіне үйренген. Басында бұл жаққа жұмысқа жібергенде бас тартпапты. Бір жылдан кейін осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады. Кейін 600 мың теңгеге үй сатып алып, қорасын малға толтырып келеді. Оның айтуынша ауылда жағдайың жақсы, тұрмысың көтеріңкі болады.

— Қалада да жұмыс жасап көрдім. Жалақымыз аз болды. Бір колледжде бір жылдай мұғалім боп істедім. Алғаш айлығымды алғанда 49 мың теңге түсіпті. Көңілім түсіп кетті. Қалада ондай айлықпен өмір сүру мүмкін емес қой. Қаншама жастар қалада тұрады, дегенмен көбі пәтер жалдап жүр. Табысының жартысы соған кетеді. Ал мұнда келген адам қарап отырмайды ғой. Мал өсірумен айналысады. Сол малдың еті, сүті, майы қалтаңа салмақ түсірмейді. Ауылда тұрып та ақша жинауға болады, — дейді ол.

Ауылда  жастардың ең көп іздейтіні — интернет желісі. Мұнда ол мәселе шешілген. Мектепте бес нүкте бойынша кіріп тұр. Демек, әлеуметтік желіге кіруге мүмкіндік бар. Тек газы жоқ демесең, басқаның бәрі бар деуге болады. Бұл жаққа көшіп келген адам үй салып әуре болмайды. Ауылда 7 үй бос тұр. Олардың иелері неше жыл отырса да рұқсатын беріп отыр. Ал, сатып алсаң әрі кетсе 500 мың теңге. Мектеп директорының айтуынша, ауылға информатика, химия, орыс тілі пәнінің мұғалімдері керек. 1 кітапханашының орны бар. Егер жас отбасылар көшіп келіп жатса, мектеп ұжымы олардың ауылға үйренісіп кеткенше көмектесуге әзір екенін айтады.

Мектепте 4 жас маман бар. Олар да ауылдың жайлы екенін айтады.

Алғашқы еңбек жолымды ауылдан бастадым. Биыл екінші жыл. Өзім Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітіріп келдім. Алға ауданындағы жұмыспен қамту орталығы жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырған болатын. Сонда барып, осы жаққа жолым түсті. Ешқандай қиындық көріп жатқан жоқпыз. Бос уақыттарымда кітап оқимын. Ауылдың тірлігі жат емес, адамдары да қонақжай. Ұжымымыз тату. Егер мектеп жабылып қалмаса осында істей беремін, — дейді Гүлімай Мәлік.

Үй мен жұмыс дайын…

Ауылда әлеуметтік нысаннан фельдшерлік пункт пен мәдениет үйі бар. Ауыл дәрігері Амангелді Бейімбетов 15 жылдан бері тұрғындардың денсаулығын қарап келе жатқан тәжірибелі маман.  Белгілі кәсіпкер Самат Қалдығұлов 2018 жылы 118 миллион теңгеге 100 орындық мәдениет ошағын салып берген. Іші-сырты бірдей көркемдігімен көз тартып, ауылдың сәнін ашып тұрған жалғыз ғимарат осы. Ішінде 100 орындық тойханасы тағы бар. Жиһаздарына дейін жаңа. Ал клубтың іші соңғы үлгімен жөнделген. Барлық бөлмелері көз тартып, жұтынып тұр. Мұнда тұрғындарға арналып мәдени шаралар ұйымдастырылып, Наурыз тойы өткізіледі. Жап-жаңа музыкалық аспаптардың барлық түрі бар десе де болады. Ауылда 1 азық-түлік дүкені қызмет көрсетеді.

Ауылдың іргесіндегі «Реймқұл» шаруа қожалығы мал өсірумен айналысады. Ауылдың бірнеше адамын жұмыспен қамтып отырған да сол. Іргелі шаруашылықта мамандық сұрамайтын жұмыс көзі жетеді. Орташа жалақылары 90 мың теңге.

Шаруа қожалықтың басшысы Самат Қалдығұлов Аманкелді ауылының қамқоршысы. Кезінде ауылдың адамдарын жұмыспен қамтып, бұл істі әлі жалғастырып келеді. Сондықтан жұмысшы, малшы, бақташыларға деген сұраныс бар. Егер ауылға келіп қоныстанушылар болса, сол шаруашылыққа кіре алады. Жалақысы тұрақты. Аманкелді ауылына газ құбырын тарту үшін облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға 8 миллион 64 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жоба бойынша ауылдың газ құбырына қосылу нүктесі 15 шақырымды құрайды, — дейді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Ернар Махамбетов.

Бір-екі жылда ұялы байланысы мен көгілдір отыны келсе, бұл ауылдың жағдайы одан әрі жақсара түседі. Мал бағумен қоса, егін егуге жері қолайлы. Қалада пәтер жағалап, тар саяжайларда күндерін әрең көріп жүрген көпбалалы отбасылар сол ауылға барса өмір бойы тұрақтап қалмағанымен, аз жылда қораңызды малға толтырып алуға болады. Егер бес жыл бойы малыңызды көбейтсеңіз, оны сатып қаладан үй алуға болады. Ал, қалада тек жалақымен бес жылда үй ала алмайсыз.

P.S. Амангелді ауылын табу да оңай емес. Өйткені аудан орталығынан шыққаннан бастап, ол ауылдың бағытын көрсететін бір де бір белгі қойылмаған. Тас жол 30 шақырымнан соң екіге бөлінеді. Сол жерде Қарабұлақ селолық округінің орталығын көрсететін жалғыз белгі ғана тұр. Одан кейін де Аманкелдіге жеткенше бірнеше жол бөлінеді. Бір жол айрығында ғана кеңес өкіметінен қалған белгі тұрғанымен, оның бетін тот басып кеткен. Ешқандай жазуы жоқ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button