Жаңалықтар

Қайтарымсыз грант ұтқан аналардың кәсібі

Еңбек нарығы

Елімізде «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолға алынғаннан бері жұмыссыздар азайып, керісінше кәсіп ашқандар көбейіп келеді. Көңіл қуантатыны — әсіресе, көпбалалы аналардың белсенділігі. Олардың кейбірі қазір аталған бағдарлама аясында арнайы курстарды оқып, жарты миллион көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, кәсіп аша бастады.

«Несібелінің» наны

Кәсіп ашқан көпбалалы аналардың ісін көпке үлгі ету мақсатында біз олардың кейбіріне хабарласқанбыз. Солардың бірі — төрт баласын жалғыз өзі асырап жүрген Айнұр Жанғылыш.

  • Мен Байғанин ауданы Алтай батыр ауылының қызымын. Бұрын ауылда шешемнің наубайханасы болды. Кәсібін әуелгіде ошаққа нан пісіріп бастады. «Арай» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2011 жылы наубайхана ісін ашып еді. 2015 жылға дейін жасап тұрды. Мамам қайтыс болғасын, кәсібі де тоқтады. Жылдық садақасын бергеннен кейін маған мамам бастаған кәсіпті жасау менің де қолымнан келеді ғой деген ой келді. Ол кезде біз облыс орталығына келгенімізге жеті жыл болса да, пәтер жалдап жүрген болатынбыз. Жұмыссыз едім. Әрине, күнкөріс қамы үшін табылған жұмыстан нәпақа тауып жүрген кезім. Содан жұмыссыздардың жәрмеңкесі болатынын естіп, жұмыспен қамту орталығына бардым. Сол жерде өзіме керек ақпаратты алып, іске кірістім. Курстардан өттім. Сөйтіп, былтыр тамыз айында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы аясында оқып, бизнес-жоспарымды қорғадым, — дейді Айнұр Жанғылыш.

Айнұрдың негізгі мамандығы — кондитер-аспаз. Оның үстіне ауылда анасы  Несібеліден көргені бар, нан дейміз-ау, тәтті нандардың түрін жасайтын шеберлігі тағы бар. Алайда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашу үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 505 мың теңге грантқа ие болу үшін конкурсқа қатысып, оны жеңіп алды. Сөйтіп, Заречный-1 ауданынан марқұм анасының құрметіне «Несібелі» деген наубайхана ашып отыр.

  • Жеңіп алған грант қаражатына қаламыздағы Нокин көшесі бойындағы «Қойбағар» жеке кәсіпкерлігінен пеш, таразы, нан қалыптарын сатып алдым. Күніне 100-120 нан жасаймын. Аппаратпен араластырмаймын, қолмен илеймін. Сондықтан да бір нанды 90 теңгеден сатамын. Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе», Қызылжар, Заречный-1 ауылдарының тұрғындарын әзірге нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын. Арасында тапсырыс болса, тәтті бөлкелер мен бал қосылған, крем жағылған торттар жасайтыным бар, — дейді ол.

Айтпақшы, биыл ол көпбалалы ана ретінде жалдамалы 1 бөлмелі пәтерге ие болыпты. Соған шүкірлік етіп отырған Айнұр енді Заречный-1-дегі наубайханасын «Нұр Ақтөбе» ауданына көшіруге талаптанып отыр. «Біріншіден, неге екені белгісіз, Заречный-1-де жарық жиі сөніп қала береді. Екіншіден, қай жерде болса да, ғимаратты жалға аламын ғой, одан да үйге жақыны жақсы», — дейді өзі. Балаларының алды колледжде оқиды екен. Қалғаны — оқушылар. Олардың біреуі қаладағы №13 мектепке қатынаса, екеуі Қызылжардағы №73 орта мектепке барады екен. Өз кәсібінен табыс таба бастаған ол алдағы уақытта наубайхана ісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Гүлмираның балапандары

Тағы бір кейіпкеріміз — көпбалалы ана Гүлмира Өтегенова. Ол да «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашу үшін курстан өтті. Сосын 505 мың теңге көлемінде грантты жеңіп алу мақсатында конкурсқа қатысты.

  • Былтыр жазда бизнес-жоспарым мақұлданып, құс шаруашылығына қажетті инкубатор мен 30 тауық сатып алдық. Кейін бірте-бірте көбейттік, қазіргі таңда Кеңес Нокин ауылында тауық өсіріп, өнімін сатып, өз кәсібімді жүргізіп отырмын. Көктемде тауық қораны кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Тауықтың еті де, жұмыртқасы да ақуызға бай, пайдалы ғой. Ұлдарымның үлкені — он екіде, кейінгілері бесте, төртте, үш жаста. Балаларға да, балапандарға да көңіл бөлу керек. Үй шаруашылығы, малдарымыз бар. Жолдасым екеуміздің үлкен жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта құс өсіріп қана қоймай, үлкен шаруа қожалығын құру да жоспарымызда бар,  — дейді көпбалалы ана Гүлмира Өтегенова.

Отбасындағы балаларына қарап, оған қоса жаңа кәсіпті игеріп, оны табыс көзіне айналдырып отырған көпбалалы аналарымыздың ісі басқа жұртқа да үлгі боларлықтай. Айтпақшы, Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Маханованың айтуынша, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» және қайта даярлау курсын оқыған жастарға, көпбалалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алған аз қамтылған отбасыларға, жұмысқа қабілеті бар мүгедек жандарға, сосын бала кезінен мүгедек бала бағып отырған азаматтарға беріледі.

Р.S.  Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 10 кезекті және 4 мамандандырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 1053 адам жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі күнде жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны — 1 493  адам. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 620 адам, қайта даярлау курсына 208 адам барып жүр. Әлеуметтік жұмысқа 93 адам, қоғамдық жұмысқа 172 адам тартылған. Орталық қазіргі таңда 391 адамды жұмысқа орналастыруға жұмыстанып жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button